Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мәйітті кебіндеу рәсіміне арналған шеберлік дәрісі өтті (фото)

«Иманғали» орталық мешітінің жанындағы сауат ашу курсында Құран үйретумен (арабша сауат ашу) қатар, уағыз-насихат жұмыстары да қатар жүргізілуде. Алла үйінен ілім іздеп келген әйелдер жамағатын бірлікке шақырып, діни сауаттандыруда оның қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, Құран үкімі бойынша Құранды үйренумен қоса, оны өзгеге үйрету ең хайырлы іс болса, асыл пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті де осыны негізге алып, ілім алуды ер мен әйел мойнына бекер жүктемеген. Себебі, Ислам діні – ілім діні. Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз ата дінімізбен біте қайнасып жатқандықтан, адам баласы туған сәтінен бастап-ақ өлім дәмін татқанға дейінгі өмірінде атқарылатын шариғи рәсімдерді (ат қойып, азан шақыру, арулап, жаназа шығару т.б.) сүннетке сай сауаттылықпен атқарудың қажеттілігі зор.

Осы ретте ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Атырау өкілдігі бойынша жетекшісі, мешіт ұстазы Айжарқын Түзелова дүниеден қайтқан адамды арулап кебіндеу рәсіміне арналған шеберлік сағатын өткізді. Ұстаздың айтуынша, «қазіргі таңда сүннетке сай мәйітті арулайтын ақ жаулықты аналардың тапшылығы байқалады. Сол себепті кей-кейде топырақты өлім жағдайларында мәйітті шомылдыратын бөлмеге шам жағып, дәнді-дақыл себу, босағаға шеге қағу сияқты дінде жоқ, яки Аллаға серік қосатын наным-сенімдер орын алып жатады. Міне, осындай ақыреттік сауалы бар аса жауапты мәселелерге байланысты шеберлік сағаттарын жиі өткізіп, курс жанынан елге қызмет ететін кебін мамандарын дайындаудың қажеттілігі зор. Тірінің мәйіт алдындағы бірден-бір парызы – осы».

Білікті маман сабақ барысында өлім аузында жатқан адамның көңілін сұраудан бастап, арулап кебіндеу рәсіміне дейінгі мұсылман міндеттерін атап көрсетті. «Өлім аузында жатқан адамның жанында «Ясин» сүресін оқу – сауап. Дініміз бойынша өлім халінде жатқан адамның қасында «Ясин» сүресі оқылса, ол шөлі қанған күйінде қабірге кіреді және қиямет күнінде шөлі қанған күйінде қайта тіріледі. Адам өлген соң, мәйіт жуылғанға дейін Құран оқу – мәкрүһ, қабыл етілмейді. Мәйітті ғұсыл-дәретті білетін адамның алуы, оны дәретпен шомылдыру, шомылдыру кезінде сөйлемеу, іште көрген сырды сыртқа шығармау – міндет. Бұл туралы хадис-шариф «Егер адам іште көргендерін ешкімге айтпай, мәйітті арулап, кебіндесе, 40 үлкен күнәсі кешіріледі. Кім кебіндесе, Алла Тағала оған жаннатта барқыттан киім кигізеді. Кім қабір қазса, қияметке дейін бір міскінді үйлі еткен адамның сауабын алады», – дейді. Мәйітті шомылдыру кезінде тырнақ алынып, шаш таралмайды. Мәйітті жуындыруда, жақындарына көңіл айту кезінде, марқұмды жерлеу барысында шариғат көрсеткен шеңберден шықпауымыз керек», – дей келе, ұстаз мәйітті қалай дұрыс жуындырып, кебіндеудің мысалын («изар», «қамис», «лифафа» маталарын пайдалана отырып) үлгі ретінде көрсетті.

Айта кету керек, кебіндеу тақырыбында шеберлік сағаты осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта осы сабақ бойынша емтихан қабылданып, үздік тапсырған шәкірттерден халыққа қызмет ететін апалар тобы құрылмақ. 

Гүлбану Нұрымқызы,

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

Жоғарыға