Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда имамдар үшін ұйымдастырылған үш күндік курс жұмысы қорытындыланды

Кеше облыстық Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығы және орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен болып өткен үш күндік семинар, яғни, имамдардың біліктілігін арттыру курсы қорытындыланды.

          Халықаралық дәрежедегі ұстаздар қатысып дәріс жүргізген семинар барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Пәтуа бөлімінің орынбасары, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы, Мүфтияттың Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров тағылымды дәріс жүргізіп, психологтар тәжірибелерімен бөлісті.

          Үш күнге жалғасқан шарада деструктивтік ағымдарға тоқтау салу жолында қолданылатын әдіс-тәсілдер туралы өзара пікір алмасулар өтті. Дін мамандарына исламды дұрыс жеткізудің маңызы баяндалып, қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын тиімді әдістермен жүргізу мәселесі сөз етілді.

 Шара соңында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев қатысушыларға сертификатты табыстады. «Мұндай біліктілікті арттыру жұмыстары Дін істері басқармасы тарапынан жүйелі ұйымдастырылып келеді. Жастар мен тұрғындарға дін мәселесінде дұрыс ақпарат жеткізіп, насихат жұмыстарын жүргізуде имамдарға жүктелер міндет басым. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін мешіт қызметкерлерінің білімін арттырып, жетілдіріп отырудың маңызы зор»деп атап өтті басқарма басшысы.

Ал, облыстың бас имамы Батыржан Мансұров халықаралық деңгейге көтерілген семинардың нәтижелі өткендігіне тоқталды. «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басты міндеті – ислам дінінің негізгі құндылықтарын халыққа дұрыс жеткізу. Әбу Ханифа мәзһабын насихаттай отырып, жат ағымдармен күресу. Бүгінгі таңда мүфтиятқа қарасты еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мешіттерге қарасты медреселер табысты жұмыс жүргізуде. «Иманғали» орталық мешітіне қарасты медресе бүгінде діни ілім іздеген жастардың бас қосатын алаңына айналды. Мұның сыртында, намаз уақытынан кейін айтылатын уағыздар тақырыбы да кеңейіп келеді. Діни сауаттылықты арттыру жұмыстары тікелей диалог, кездесулер, дәрістер, сонымен бірге, ғаламтор кеңістігінде де табысты атқарылуда» деп атап өтті облыстың бас имамы Батыржан Мансұров.

Айта кетелік, үш күндік курс жұмысында қала және аудан орталықтарынан келген елуге жуық имам біліктіліктерін арттырды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға