Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қ. Мұңайтпасов атындағы мешітте айлық отырыс болып өтті

Бүгін Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекеніндегі Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлының ұйымдастыруымен аталмыш мешітте Құптан намазынан кейін айлық отырыс болып өтті.

Екі жүздей жамағат ықыласпен қатысқан шараға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров арнайы келіп, көре алмаушылық қасиеттен арылу, ізгілік тақырыбында уағыз айтты.

«Хадистердің бірінде «Адамдардың жасырын нәрселерін іздемеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, дұшпандық және хасед етпеңдер, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры, оған зұлым етпейді, көмек береді. Оны өзінен төмен көрмейді» (Бұхари) деген жолдар бар. Бұл жерде хасед  cөзі – қызғану, көре алмау деген мағынаны береді.  Асылында,  көре алмаушылық ең жаман мінездердің бірі. Көре алмайтын адам өмір бойы мазасыз болады. Қызғанып жүрген адамдарының жетістігін көрген сайын түңіле береді, ұйқысы қашады. Мұндай адамға өзінен төмен адамдар көрінбейді, өзінен үстем, дәулетті адамның барлық нәрсесі көрінеді. Көре алмайтын адам Алланың өзіне берген нәрселерінен разы болмаған адам деген сөз. Алланың бергеніне разы болмаған адамға Алла да разы болмайды. Ал, Алланың разы болмауы пәлекеттердің ең үлкені. Ол адамның ахыретте де, дүние де жағдайы мүшкіл» деп атап өтті Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлы. 
            Айлық отырыстың соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

              Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.


Жоғарыға