Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Өкіл имам Батыржан Мансұров «Назар» ток-шоуының мейманы болды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров кеше «Қазақстан - Атырау» телеарнасында студия қонағы болды. Жергілікті уақытпен кешкі сағат 21.10-да тікелей эфирде көрсетілген «Назар» ток-шоуында облыстың бас имамы Батыржан Мансұров  дінді күрделі проблемаға айналдырып жіберген жат ағым өкілдерінің негізгі  идеялары және басты қателіктері туралы айтып берді.

Ток – шоу барысында көтерілген негізгі тақырыптардың бірі – қазіргі таңда ҚР Парламенті қабырғасында талқыланып жатқан дін туралы қолданыстағы заңға енгізу ұсынылып отырған өзгерістер хақында болды. Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров қоғамдық орындарда адамның жеке басын танытпайтын киімдер киюге тыйым салу тақырыбы жөнінде түсінік беріп өтті. «Мәселен, заң жобасында қоғамдық орындарда паранжа, ниқаб, бурка киюге  тыйым салу мәселесі қаралуда. Асылында, исламда «әйел адам міндетті түрде бетін жауып, бүркеп жүрсін» деген тыйым жоқ. Яғни, бет бүркеуді міндеттеу туралы бірде – бір аят, хадис жоқ. Және исламда әйел адамның бет-жүзі әурет болып есептелмейді. Радикалды ағым өкілдері исламды бізге сақал мен паранжа деңгейінде шектеп көрсетеді. Асылында, әлемдегі соңғы дін болып табылатын исламның жер бетіне тарауының астары әріде жатыр. Біріншіден, кіндікке дейін жететін қаба сақал мен паранжа исламның өлшемі емес. Сақалды қоюдың да өз әдебі бар. Екіншіден, ислам  құлшылықпен ғана шектелмейді. Кезінде сонау Еуропа даласына ғылымды апарған біздің ислам ғалымдары болатын. Әйгілі Ибн Синаны мысалға алатын болсақ, өз заманында ол кісіден еуропалықтар медицина ілімін үйренген. Қазір біз Құраннан бастау алатын үлкен ғылымнан ажырап қалып отырмыз» деген Батыржан қажы Берденұлы исламның мәнін түсіну үшін, әуелі еліміздегі мүфтиятқа қарасты медреселерден, «Нұр – Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінде білім алуға үндеді. 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 

 

Жоғарыға