Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Шәкірттерге ерекше сый жасалды

Шәкірттерге ерекше сый жасалды

Атырау қалалық Құспан Молла мешітінде «Дін және жастар» тақырыбымен кездесу болып өтті.  Құптан намазынан кейін арнайы жайылған дастархан басында құрылған емен-жарқын сұхбат кезінде Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров жастар, мемлекетшілдік, отаншылдық тақырыптары төңірегінде уағыз айтты.

Батыржан қажы Берденұлының пайымынша, Отанды сүю өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін, ұрпақтан ұрпаққа сабақтаса жалғасып келе жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. «Мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда, ол өз туған жерінің болашағы, амандығы үшін жауапты. Демек, әр адам өз елінің өркендеуіне, рухани гүлденуіне үлес қосуы тиіс. Отанымызда Алланың сансыз нығметі мен мол қазынасы тұнып тұр. Демек, белгілі бір туған жердің нәсіп етілуінің өзін - Алланың құлына деген махаббаты деп қабылдауымыз керек» деп атап өтті Бас имам.

Кездесу аясында Құспан Молла мешітінде таджуидтен дәріс алып, Құран кітап оқи алатын деңгейге жеткен шәкірттерге сый ретінде қасиетті «Құран Кәрім» және Имам Ғазалидің (Алланың оған разылығы болсын) «Ихья Улюмиддин» кітабы табысталды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.

Жоғарыға