Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Өкіл имам неке құрудың сауаптары туралы әңгімеледі

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлының «Неке және отбасы» тақырыбындағы дәрісі жалғасуда. Жамағатпен бірге оқылған намаздан кейін жалғасқан дәріс барысында Бас имам Батыржан Мансұров неке құрудың сауаптары туралы кеңінен әңгімеледі.

Ұстаздың айтуынша, ақ неке қиып, үй болу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті және үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі. «Мәселен, хадис шәрифтердің бірінде «Үйлену – менің сүннетім» деген жолдар бар.  Басқа бір хадисте «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» деп, отау құрып, үй болуға шақырған. Тіпті, сыйластығы берік отбасының әр сәті үшін сауап жазылып, күнәлары кешірілетіні жайлы да хадистер бар» деген Батыржан қажы Берденұлы шаңырақ құрып, саналы ұрпақ тәрбиелеудің өмірлік маңызына тоқталды.

Жалпы, ислам діні бойынша ер азаматтың некелесуіне болмайтын əйелдер тобы бар. «Қасиетті Құранда «Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, əпке-қарындастарыңмен, əкелеріңнің əпке-қарындастарымен, аналарыңның əпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, əпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес əпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен жəне жақындасып қойған əйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал, жақындаспай тұрып ажырасып кеткен əйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнə болмайды. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һəм апалы-сіңілі екі қызды бірдей əйелдікке алу харам етілді. Ал, бұдан бұрын (надандық дəуірінде) болған іс болды. Расында, Аллаһ өте кешірімді, ерекше мейірімді» деп айтылған деген Батыржан қажы дәріс соңында жастар тарапынан қойылған көкейдегі сауалдарға жауап берді.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға