Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Өкіл имам облыстық газет ұйымдастырған қауырт желінің басты мейманы болды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау аймағы бойынша өкілі Батыржан Мансұров жергілікті «Атырау» облыстық газеті ұйымдастырған тікелей желінің басты мейманы болды.

Бір сағатқа созылған тікелей желі барысында облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы дін мен дәстүр сабақтастығы, жаназа және жерлеу рәсімдері, намаз оқудың шарттары, жат ағым өкілдерінің басты қателіктері, мешіт үйлерінің ішкі жұмыстарын үйлестіру сынды түрлі тақырыптарда қойылған сауалдарға және әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрақтарға кеңінен жауап берді.  

Атырау қаласы, Исатай, Махамбет, Қызылқоға аудандарынан бөлек, әлеуметтік желі арқылы Қостанай қаласынан келіп түскен сауалдардың бірінде оқырмандар қаралы үйде қазан аспау туралы мәселенің қаншалықты шариғатқа сай келетінін сұрады. Бас имам Батыржан қажы Берденұлының айтуынша, қаралы үйден ас көтермеу мәселесі шариғатқа қайшы келмейді. «Себебі, шаңырақ онсыз да жақынынан айрылып, қайғы жұтып отырғанда, сүйекті оң жаққа жатқызып қойып, шалынатын мал немесе мейрамхана іздеу қамымен жүрген дұрыс болмайды. Марқұмды жерлеп келгеннен кейін көр қазғандарға дастархан жаюға болады. Онда да мүфтият ұсынған қарапайым ас мәзірі қолданылса, орынсыз ысыраптың алдын алған болар едік» деген өкіл имам, ислам дінінің қарапайымдылықты қолдайтынын атап өтті.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Жоғарыға