Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сапар әдептері туралы не білеміз?

Сапар сөзі (араб тілінің) صفرсафара  сөзінен шығады. Яғни жолаушы, сапар шегуші деген мағынаны білдіреді. Ал енді осы сапарға шығушы адамның да істеу керек әдептері бар. Бұл туралы Құран хадистер бар.

Біріншіден, жолаушыны шығарып салу.Ибн Омар (р.а.) жолға шығайын деп тұрған адамға: «Бері жақында, Алла елшісі (с.ғ.с.) бізді сапарға шығарып салғаны сияқты, сені шығарып салайын деп: «Әстаудиъу Аллаһа динәкә уә амәнәтәкә уә хауәтимә ъамәлик» (мағынасы: Аллаға сенің дініңді, аманатыңды және ісіңнің нәтижесін тапсырамын»), – деп шығарып салатын.

          Екіншіден,жол азығын қамдау.Сапарда жол серік болған кісілер бір-біріне жәрдем беруі тиіс. Әбу Мұса (р.а.): «Расында ашғари руы жорықта жесір боп қалған немесе Мадина қаласында жоқшылық көрген бір отбасы болса, өздеріндегі бар азық-түлікті бір шапанға жинап, өз арасында теңдей етіп бөлісетін. Міне, олар менен, ал мен олардан болам», – деген Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін риуаят етеді.Құран Кәрімде: «...Әрі жол азығымен қамданыңдар. Ал, жол азығының ең жақсысы – тақуалық...», – деген әмір бар. Табари тәпсірінде: «Бұл аят жол азығын алмай қажылық етуші қауымға қатысты түскен. Олардың кейбірі ихрам киген сәттен азықтарын лақтырып, басқалар оны алатын. Сондықтан, Алла Тағала сапарға азықсыз шыққанға қамдануды, ал азығы барлар оны лақтырмай сақтауды бұйырды», – дейді.

Үшіншіден, жолға ертерек шығу.Сахаба Сахр (р.а) айтуы бойынша Пайғамбар (Алла оған разы болсын): «Уа Алла! Үмметіме таңертең, күннің әуелгі сәттерінде берекесін бер деп», - дұға ететін.

Төртіншіден, жолға шықпас бұрын екі рәкәғат намаз оқу. Мәкруһ уақыты болмасаӘнәстің хадисінде Пайғамбарымыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жолға аттанар алдында отбасына оқылған екі рәкәғат намаз, пенденің оларға қалдырған ең абзал нәрсесі».

Бесіншіден, үйінен шыққанда сапар дұғасын оқу.Әнас бин Малик (р.а.): «Кісі үйінен шығар болса: Бисмиллә тәуәккәлту әлә Алла. Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ), яғни, «Алла атымен, Аллаға тәуекел еттім. Күш-құдірет пен шама-шарқы тек Алладан», – деп айтсын. Сонда оған (періште тарапынан): «Тура жол таптың, уайым-қайғың сейілді, дұшпанның зияндығынан қорғалдың», – деп айтылады...»,– деп риуаят етеді.

Е. Қамзағалиев,

«Әйіп қажы» мешітінің Бас имамы.

Жоғарыға