Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Шағбан -қасиетті Рамазанға дайындық айы

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бүкіл әлемнің Раббы Аллаға мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, отбасына және оның жолымен жүрген бүкіл үмметіне Алланың сәлемі мен игілігі болсын!

 Ислам дінінде қасиетті саналған үш айдың бірі – Шағбан айы.Рамазан айы келместен, бес парыздың бірі - оразаға дайындық жасап, адамға деген өкпе, реніштен көңілді тазартатын ай болып саналады. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын.Мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын ) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Шағбан айында көп ораза тұтатын қасиеті бар еді». Мен былай деп сұрайтынмын: «Я, Алланың Елшісі,Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?» Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса: «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да, менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын»,- деп жауап берді».

Алайда, Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер, Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Шағбан айының тағы бір ерекшелігі - ол айда қасиетті Бараат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың  жер бетіне мейірімі түсетінін дәлдеген хадистер жеткен.  Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді».

Айта кетелік, Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Муаз Ибн Жәббәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да, барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді».

Жоғарыда атап айтылғандай, Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен, әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі, Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да, барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.

Шағбан айынан кейін келетін Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, осы айдағы құлшылығымызды арттыруға амал етейік. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», – деген.«Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» – деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

А.Исаев,

«Жылыой Мұсылмандар» мешітінің Бас имамы.

Жоғарыға