Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жұлдыз ауылындағы мешітте 50 балаға аяқ киім және сыйлықтар үлестірілді

Нұр шашқан Рамазан айынан кейін келіп жеткен Ораза айт мерекесін атыраулықтар бар сән-салтанатымен атап өтуде.

            Мәселен, Атырау қаласы, Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте Айт намазы оқылған соң, бір сәтте үш жүз адамға айттық дастарханы жайылды. Ораза айт мерекесінің ерекшеліктері, сауапты амалдар туралы уағыздар айтылған соң, бүлдіршіндерге ерекше тосын сый жасалды. "Елу балаға тегін аяқ киім және дәмді тағамдар салынған сыйлық пакеттері үлестірілді. Біздің мақсатымыз - сәбилеріміз арасында мұсылмандық мерекелерімізді кеңінен насихаттау. Және осындай мерекелеріміздің маңызын ұғындыру" дейді аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

            Айта кетелік, Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат. Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басын сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да – садақа. Жұлдыз мешітінің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлының айтуынша, күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.

 

            Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Жоғарыға