Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


БАС МҮФТИ МЕШІТТЕГІ CALL ОРТАЛЫҚТЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

БАС МҮФТИ МЕШІТТЕГІ CALL ОРТАЛЫҚТЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде қос бірдей қуанышты оқиға орын алды. Ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың өзі келіп қатысқан Call Орталықтың іске қосылуы – Елорда жұртшылығы үшін ғана емес, еліміздің барлық тұрғындары үшін сүйінші жайт болғаны сөзсіз. Енді еліміздің кез келген тұрғыны өзін толғандырған діни мәселелер бойынша 33-30-30 нөміріне қоңырау шалып, толыққанды жауап ала алатын болады. Халық сұранысына орай, жауапты мамандар қазақ және орыс тілдерінде сұхбат жүргізетін болмақ.

Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен іске қосылып отырған Call Орталықтың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасауы үшін Елорда мешітттерінің 60 діни қызметкері жұмылдырылған. Білікті мамандардан жасақталған топ арнайы кесте бойы кезекшіліктерін атқарып, тәуліктің кез келген уақытында келіп түскен қоңырауға жауап беріп отырады.

Сондай-ақ, бүгіннен бастап Астана қаласындағы 10 мешітте «Діни ақпарат беру орталығы» да келушілерге өз есігін айқара ашып отыр. Халық сұранысын қанағаттандыру мақсатында іске қосылған бұл жоба түрлі түйткілді тақырыптар бойынша (неке, талақ, несие, мұрагерлік, т.б.) кеңес сұраған жандармен көзбе-көз кездесіп, сырт көздерден тыс сұхбаттасуға қолайлы болу үшін қосылып отыр.

Игі жобаның алдағы уақытта халық арасында кеңінен танылып, жемісті еңбек атқара беруіне тілектестігін білдірген Бас мүфти қос Орталыққа арнайы бас сұғып, жұмыс жайымен де танысып шықты. Тіпті, Call Орталыққа қоңырау соғып, кезекші маманның әзірлігін де пысықтап өтті.

Жоғарыға