Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады» деп хабарлайды Ақорда.

Елбасы ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын атап өтті.

            «Құрметті отандастар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні — ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық. Қазіргі таңда біз ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін кешенді шараларды қолға алдық» делінген Президенттің құттықтауында.

Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын айтып өтті.

«Қазақстандықтардың қазіргі буыны, әсіресе жастар, тарихымызды біліп, есте сақтауы керек. Тарих тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетеді. Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге — өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасыға бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!» деп құттықтады Президент.

Айта кетейік, бүгін, 1 наурызда қазақстандықтар Алғыс айту күнін атап өтіп жатыр. 2016 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелерге өзгеріс енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осылайша елімізде жаңа мереке пайда болды — Алғыс айту күні.

 

Жоғарыға