Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

МҮФТИЯТТЫҢ ПӘТУА САЛАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ (ФОТО)

islam-atyrau.kz/3 сәуір, 2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің аймақтағы өкілдерінің алқалы мәжілісі өтті.

Басқосуға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы, ҚМДБ бөлім басшылары қатысты.

Алқалы жиында бірізді пәтуа берудің маңыздылығы мен мақсаты, үкім шығарудың жауапкершілігі, пәтуа шығару қағидаттары, фиқһи зерттеу жүргізу әдістемесі, қоғамдағы ажырасу (талақ) мәселелерін шариғи тұрғыда шешу тәртібі, зекет беруге қатысты мәселелер, халал тағамды тұтынудың маңыздылығы, сауда-саттық пен қаржының шариғи принциптері: лизинг, мурабаха, т.б. тақырыптар төңірегінде мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиында сөз алған Бас мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы бірізді пәтуа шығарудың маңыздылығына тоқталды.

«Мүфтияттың негізгі жұмыс бағытының бірі – діни терең мәселелер бойынша пәтуа беру. Діни үкім шығаруда бірізділік өте қажет. Бұл – жамағаттың бірлігін нығайтатын фактор», – деп атап өтті Серікбай қажы Ораз.

Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уағыз айтуда байсалды ұстанымның маңыздылығы, тыңдаушы жамағаттың деңгейіне сәйкес насихат айту, қоғам мүшелерін дінсіздікте айыптамау, ҚМДБ бекіткен пәтуаларды халыққа жан-жақты жеткізу жайлы пікірімен бөлісті. Ал Ғылымбек Жәдігерұлы дін таратуда көркем мінез бен көркем насихат қажеттігін атап өтті. Бөлім меңгерушілері өз саласы бойынша дәріс жүргізді.

Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, түйткілді мәселелер талқыланды.

 

Дереккөз: "Мүфтият. кз"

Жоғарыға