Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Ұстаз Ерболат Боханов атыраулық «Иман жастарымен» кездесті

Ұстаз Ерболат Боханов атыраулық «Иман жастарымен» кездесті

islam-atyrau.kz/16 сәуір, 2019 жыл. Орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ерболат Боханов Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына барып, «Иман жастары» ұйымының аймақтағы еріктілерімен кездесті.

Жылыой аудандық Жылыой мұсылмандар мешітінде өткен кездесуде жамағат бірлігі, елдің ынтымағын арттыру тақырыбында уағыз айтылды. «Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл туралы  «Ағраф» сүресінің 199-аятында «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» дейді.

Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген екен. Демек, ел бірлігін нығайтуға үлес қосу - әр мұсылман баласының парызы» деп атап өтті ұстаз Ерболат Боханов.

Атырау облысына қарасты жеті бірдей ауданның жастары жиналған кездесу соңында жастар арасында футбол ойыны ұйымдастырылды.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға