Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Батыржан Мансұров: Рамазан құрметіне «Ел үлесі – пәтерге» жобасы іске қосылады

islam-atyrau.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айының құрметіне Атыраудың бас мешіті «Зекет»  қорымен бірлесе отырып, «Ел үлесі – пәтерге» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл туралы «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі базасында өткен баспасөз-конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров мәлімдеді.

«Қазіргі таңда мешіттер тарапынан әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы, жалғыз өзі бірнеше бала тәрбиелеп, мұқтаждық жағдайда қалып отырған отбасылардың тізімі жасақталуда. Жоба жамағат ерікті түрде берген  зекет, садақа есебінен жүзеге асырылады.  Мешіт қызметкерлері және жамағат тарапынан арнайы комиссия құрылып, қаржының есебі жүргізіледі. Осылайша, комиссияның ортақ шешімімен мұқтаж отбасыларға баспана алынып берілетін болады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Ерекше айта кетерлігі, қасиетті ораза кезінде Атырауда Құран жарысы өтеді. Орталық «Иманғали» мешітінде өтетін Құран жарыс екі кезеңде жүреді. Яғни, сайысқа 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және 12 – 30 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасады.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға