Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау: Мақат ауданына бас имам тағайындалды

islam-atyrau.kz/15 шілде, 2019 жыл.  Мақат ауданына бас имам тағайындалды. Жаңа имамды жергілікті мешіт жамағатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан қажы Мансұров арнайы келіп, таныстырды. 

"Мақат ауданына бас имамдыққа тағайындалып отырған Біләл Сағындықов бұған дейінгі қызметтерінде өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Мақат шежірелі тарихқа бай өлке. Біләл Сүннәтқожаұлының жергілікті жұртшылықпен етене байланыста еңбек етеріне сенемін" деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров. 

Мақат ауданының әкімі Жұмабай Қарағаев арнайы қатысқан салтанатты шара барысында Атырау облысының Бас  имамы Батыржан Мансұров бұған дейін Мақат ауданының орталық мешітіне бас имамдық еткен Дәурен Құттыбаевқа атқарылған игілікті істер үшін жамағат алдында алғыс айтып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. 

Айта кетелік, Мақат ауданына жаңадан тағайындалған бас имам Біләл Сағындықов 2010-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында орналасқан Шымкент медресесінде білім алған. Кейін аталған Шымкент медресесінде ұстаздық етті. 2015  жылдан бері Жылыой ауданындағы орталық мешітте азаншы, ұстаз қызметтерін атқарып келді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға