Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау: Орталық мешітте кітап оқу клубының мүшелері кезекті сынақтан өтті

islam-atyrau.kz/18 қыркүйек, 2019 жыл.  Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен жастар жамағаты арасында кітап оқу клубы ашылғанын хабарлаған болатынбыз.

Жастар жылына орай іске асырылып отырған жобаның ерекшелігі сол, бұл бастама жастардың өз уақытын тиімді бағалауына имандылық пен білімді қатар игеруге үлкен мүмкіншілік болмақ.

Жуырда аталмыш клубтың мүшелері кезекті сынақ тапсырды. «Тәлімгер пайғамбар тағылымы» кітабы бойынша сынақ тапсырған жастар ұстаздар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.

Келесі кезеңге өту үшін клуб мүшелеріне «Ислам әдебі» кітабы тапсырылды. Жастарға аталмыш кітапты оқып тауысуға бір ай мерзім беріліп жатыр. Осы кезеңде жастар кітапты жан-жақты саралап, зерттеуі тиіс.

«Әр сынақ сайын шәкірттердің білімі баллдық жүйемен бағаланады. Мақсатымыз жастарды ана тілімізде кітап оқуға баулу, осындай қызықты үрдіс арқылы, жастардың діни ілімін көтеру" дейді жоба туралы орталық «Иманғали» мешітінің ұстазы Ерболат Боханов.

Еске сала кетелік, кезең-кезеңнен тұратын топтық сынақ аяқталған кезде жеңімпаз деп танылған шәкіртке кіші қажылыққа жолдама беріледі.

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға