Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БЕС ПАРЫЗ

Әбу Абдур-Рахман Абдулла ибн Омар ибн әл-Хаттаб (Алла әкесі екеуіне разы болсын) «Алла елшісі (с.ғ.с): «Ислам бес тірекке құрылған: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық өтеу және рамазанда ораза тұту» - деп айтқанын естідім» - деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ислам бес тірекке құрылған» - деген сөзі: Исламның бес парызы үлкен, әсем ғимараттың тіректеріне ұқсатылды. Егер ғимараттың тіректерінің бірі бұзылса, ол толық, әсем ғимарат бола алмайды. Үйді бір қабырғасыз көріңізші... ол толық, әсем ғимарат болады ма? Әрине толық болмайды. Исламның бес парызы сол секілді, егер бірі бұзылса ол толық болмайды.

1) «Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік беру». Бұл исламның ең маңызды, ең керекті негізінің бірі. Мұның мағынасы – Алла тағаланың бар екенін және оның Жалғыз екенін мойындау, Оған серік қоспау, сондай-ақ Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарлығы мен елшілігіне шын жүрекпен сену. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім шын ықыласымен «Алладан басқа ешбір құдай жоқ»- деп айтса, ол жәннәтқа кіреді»- деген.

2) «Намаз оқу». Ислам ғимаратының бірінші қабырғасы ол – Намаз. Намаз оқу дегеніміз шарттары мен парыздарына, сүннеттері мен әдептеріне толықтай көңіл бөле отырып, намазды үнемі әрі уақытылы өтеу. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз жайында былай деген: «Кімде-кімнің есігінің алдындабір өзен болып, сол адам өзенде күніне бес рет жуынса кірден із қалар ма екен?»  Тыңдап отырғандар: «Ешқандай кір қалмайды»- деп жауа берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Міне бес уақыт намазда осыған ұқсайды, Алла намаз арқылы күнәләрді тазартады»- деп жауап берген.

3)Зекет беру. Ислам ғимаратының екінші қабырғасы ол - Зекет беру. Зекет беру дегеніміз бай адамның байлығы белгілі мөлшерге (нисабқа) жетіп, ол мөлшерге бір жыл айналса (толса), бай адам дүниесінің белгілі бір бөлігін кедейлерге бөліп беруі. (Мысалы: бір кісінің 40 қойы болып, бір жыл бойы осы мөлшерде болса, бір қойды беруі, 39 болса мөлшерге жетпегені. Ол кезде бермейді.) Алла тағала мүміндерді сипаттай келіп, «Олар зекетті өтеушілер»- деген.

4)Қажылықты өтеу. Ислам ғимаратының үшінші қабырғасы ол- Қажылық өтеу. Қажылық дегеніміз- шәууәл, зул-қағда және зул-хажжа айларында Саудиядағы мекке қаласына барып, белгілі мекендерді арнайы түрде зиярат ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді: «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай күнәсіз болса, сондай болып күнәләрынан арылып қайтады».

5)Рамазанда ораза тұту.Ислам ғимаратының төртінші қабырғасы ол- Рамазан айы келгенде ниет етіп ораза тұту. Ораза тұту дегеніміз- таң ағара бастағаннан, күн батқанға дейін ішуден, жеуден және ерлі-зайыптылар жыныстық қатынастан тыйылуы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім рамазан айында Алла Тағаладан сауап уміт етіп, шын сеніммен ораза тұтса, оның бұрынғы күнәләрі кешіріледі.»- деп айтқан.

 

Бекжан Қашқынбаев,

 

«Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы

Жоғарыға