Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Садақадағы ысырап тоқтатылса...

                                  Садақадағы ысырап тоқтатылса...                                                

 

          Алла тағала ысырап жайлы Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер, шын мәнінде Алла ысырап етушілерді сүймейді» (Ағраф сүресі, 31 аят), – деп ескертеді. Осы орайда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер, әсте ауырлатпаңдар, қуантыңдар, адамдарды қайғыға салмаңдар» (Бұхари), – деп ескертеді.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда, жалпы қоршаған ортада ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекер ағызып қою т.б. Бұған той-томалақта шама-шарқына қарамастан «ешкімнен кем болмайын» деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал, өмірде күнделікті күнкөріске қаражат таппай тарығып жүргендер қаншама!? Мүміндер үшін табақтағы асты ысырап етпей сүннет жолы деп тауысып ішіп, жеу – әдептіліктің белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермегеніміз абзал.

Данышпан Абай атамыз:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, белсеңіз»,
– деп адам баласын құрдымға түсірер істердің біріне осы бекер мал шашып, ысырапқа жол беруді жатқызған.

Хадис шәрифте былай делінеді: «Ішіп-жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкаппарлықтан сақтаныңдар!» (Бұхари) Яғни Алла тағала біздің ішіп, жеуіміздің орта деңгейде болуын бұйыруда. Ал, кім бұл орта деңгейді аттап астамшылыққа барса, әрине ол іске Ұлы Раббымыз әсте разы болмайды. Тағы бір ағайынымыз : Егер мен өзім мол садақа жасағым келеді, - десе, онда ол бауырымызға кеңесіміз артығын мұқтаж жанға жеткізіп беріп, мұңайған отбасына қуыныш сыйласын.  

   Бір ғұлама ақырзаман келердегі жағдай қандай болады деп сұрағандарға:

«…Өлігің қойдай болады,

Жаназаң тойдай болады», – деп бүгінгі қоғамдағы жағдайды дөп басып айтқанына

 қайран қалмасқа шара жоқ. Олай болса, ел бірлігін сақтай отырып, қай істе болмасын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық, ағайын!

«Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи). «Ысыраптың барлық түрі – харам».Бұл амалдың бәсекелестікке, бақталастыққа, ысырапшылдыққа айналуы жанға батады. Ендеше ысырапшылықтан сақтанайық. Айтылғандай садақа іс-шараларамызда «Абыройдан емес Алладан қорқып істесек, әрине ысырапшылдыққа жол бермейміз».

 Еліміздегі ғұламалардың бекітуі бойынша садақа, кәделердің  ас мәзірі төмендегідей болуын ұсынады:

1.    Нан

2.    Бауырсақ

3.    Жеті нан

4.    Тары

5.    Талқан (жарма)

6.    Құрма

7.    Қант

8.    Кәмпит

9.    Печенье

10.Мейіз

11.Өрік

12.Қаймақ

13.Сары май

14.Шәй

15.Су

16.Ет тағамы

 Мұндағы мақсат – марқұмның артында қалған отбасына салмақ түсірмеу және ысырапшылдыққа жол бермеу. Әркім өзінің шамасына қарай жасайды. Алайда, осы көрсетілген тағам түрлерінен басқасы қойылмайды. Ысырап болмас үшін әр адам тауыса алатындай мөлшерде қойғаны жөн. Алла Тағала еліміздің баянды болашағы, кемел келешегі үшін көздеген арман-мұрат, мақсат-мүдделеріміздің игілікпен іске асырылуын нәсіп еткей. Әмин.

 

А.Исаев,

 Жылыой аудандық

мешіттің Бас имамы

Жоғарыға