Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Ақ сақалды әкеңді, ақ шашты анаңды жылатпа!

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
Ақ сақалды әкеңді, ақ шашты анаңды жылатпа!

Әке мен ана - өміріміздің мәні де сәні осы жандар. Әрқайсысының орны ерекше, құрметті! Алайда, бізді өмірге әкеліп, бағып-қағып, өз махаббатын сыйлап, қорғаштап өсірген, әр жетістігіне болысып қандай жағдай болмасын демеу берген ата-ананы етегі толғанша зар жылатып кете барамыз. Ортамыздаата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, тіпті, қол  көтеріп  жататындар  да кездеседі. Баласы ауырғанда көз жасын төгіп «О, Құдайым баламды емес мені неге ауыртпадың?» деп жаны шырылдап жылаған ата-ана біз үшін отқа да суға да түсті. Бірақ, бұны түсінетін саналы бала саусақпен санайтындай дәрежеге жетуде.

Дініміз «Ата-ана разылығы - Алланың разылығы» - деп, оларға қатыгездікпен емес мейіріммен қарауды әмір еткен. Жүрегімді зар жылататын бір нәрсе бұл арамызда жүрген мұсылман бауырларымыздың, қыз-келіншектеріміздің осындай қатыгездікке баруы. Осы арқылы Ислам дінінің сырт бейнесін жек көрінішті етіп көрсеткендігі. Намаз оқимын деген әр бала ата-анасына қуаныш емес уайым-қайғы, қасірет әкелетіндей қорқынышты күйге жетті.

«Жәннәт аналардың аяғының астында» деген ұлағатты сөзді  білмейтін адам жоқ шығар. Алайда, бұл асыл сөздің астарына тереңінен көз жүгірте бермейді. Жәннәтқа жетудің ең асыл жолын білмей, джиһадқа шығып мұсылмандарды қорғаймыз деген сөзге еріп, ажал құшып, ата-анасын зар жылатқан жандар қаншама.

Әй, Алланың пендесі! Қасиетті құранда ата-анаға қарсы шық деп емес, керісінше, ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті емес пе? Тіпті: «бір себептермен оларға  «түһ» демеңдер»,-деді. Хадис шәріпте: «Ата – анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа барудан, умра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», – делінген.  Ал сен ше?! Намаз оқып, ораза ұстаған жеткілікті деп ойлайсынба? Жоқ. Дініңе қанша берік болсаң да, ата-анаға жақсы қарым-қатынаста болмасаң  істеген бар амалың зая екендігін түсін.

Бір күні ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына бір әйел келіп:   – «Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр» – деп хабар берді.   Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкір Сыдық және Біләл азаншыны (р.ғ.) жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырды. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама барша сөздерді сөйлеп, өзінің жағдайынан хабар берді. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, «Лә илләһа иллаллаһ» деп айта алмады. Бұл ғажайып жағдайды естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі келіп көрді де, сахабаларына қарап:   Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрады. Сахабалар:   Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек, – деді жиналғандар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):   «Ол қасиетті анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса өзім барайын»,–деді. Хабарды алған Алқаманың анасы:  «Ол ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына мен өзім барамын», – деп, Расулалланың құзырына келді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласының маңайынан өтіп барып, тіке Расулалланың (с.ғ.с.) алдына келіп, сәлемін берді. Пайғамбарымыз одан:    Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді? – деп сауал қойды.

Ана: «Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, – деді.  Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Жоқ, сізбен мәмілесі қалай еді? – деп сұрады.

Сонда анасы: Мен баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, – деп көз жасын тыя алмады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) себебін сұрағанда:

-  Баламның сәби кезінде әкесі дүние салды, жесірліктің тауқыметін тартып, күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсті. Үлкен азамат болды. Үй болды. Бірақ, сол уақыттан бастап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бұлармен бір үйде тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап кетуге даярландым. Сонда балам «Анашым, сіз мені бағып-қаққан едіңіз. Енді қайда барасыз» деп сұрауға да шамасы келмей, баратын үйіме жүгімді көтеріп апарып берді. Міне, сол сәттен бері аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды»,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

-  Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы отыр. Разылығыңызды білдіріңіз, – деді. Ол:

-  Разы емеспін, – деп қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына бұйырды:

-  Ағаш, отын жиыңдар да үлкен алау жағыңдар! Анасын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер, – деді. Алқаманың анасы:

-  Е, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ», – деп жан берді. Пайғамбар (с.ғ.с.):

-  Сен дүниенің аз ғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, разылық бермегеніңізде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, – деді.

Дінде ата-анаға жақсы мәміледе болу туралы қанша айтылғанымен жалған сөзге еріп, шала діндар болған соның ішінде,  кіп-кішкентай қыздар мен балалар ата-анасына кәпір деп беттерінен алып, бір үстелде отырып тамақ жемей, тіпті ата-анасынан басқа адамды қамқор етіп үйлерінен кетіп жатады.

Әй мұсылман пенде, жетім болсаң не істер едің? Ата-анаң хал үстінде жатса не істер едің? Ата-анаң аяқ асты көз жұмса саған разы болар ма еді?! Осыны бір сәт ойлан ..! Есіңді жи! Он екі мүшеңді  сау етіп өсірген ата-анаңды зар жылатқаннан ата-анаңның алғысы емес қарғысын алатыныңды естен шығарма!

Н.Жетпісбай

«Шапағат» деструктивтік діни

ағымдардан жапа шеккендерге

 

көмек орталығы» ҚҚ-ның теологы

Жоғарыға