Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Тәртіпке бас иген құл болмайды

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
Тәртіпке бас иген құл болмайды

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы

Жұмабаев Данияр

 

Құдіреті аса күшті, барша жаратылыс атаулының иесі болған Жаббар иемізге сансыз шүкірлер болсын, Алланың шүбәсіз елшісі болған Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымызға жаратушымыздың игілігі мен сәлем- салауаттары болсын!

Тәртіпке бой ұсыну үш жолмен келеді;

Бірінші: الخوف (әл-хауфу ) - қорқумен. Қорқудың белгісі харамнан сақтану,

Екінші:  الرجاء (әр-Рожа) - үміттенумен. Үміттің белгісі-құлшылыққа қызығушылығын арттыру.

Үшінші: الحب (әл-Хуббу)-жақсы көрумен. Жақсы көрудің жолы-сағыныш және Аллаға қайту.

الخوف (Әл-хауфу ) қорқумен – болашақта жамандық болып қалар деген жүрегіндегі сезімді қорқыныш деп атайды. Адам баласы Алланы таныған сайын Оның жазасына ұшырап қалам ба деп қорқынышы арта түседі. Олай болса, ата-анаға бағыну – Алланың үкіміне бағыну. Адам баласы ата-ананың бұйрығы мен тәртібіне бағыну арқылы Жаратқанның сүйікті құлдарының қатарына енер, иншаллаһ. Аса мейірімді Алла Тағаланың бұйрығына бағынған адам – шынайы иманын жинаған адам. Мұндай қорқыныш оның күналардан сақтанып, Алламен кездесуге дайындалуына алып келеді. Алладан қорқу пендесін білім алумен оған амал етуге қызықтыра түседі. Білім және амалмен Аллаға жақындайды. Алланың қасиетті кітабында:

قال الله تعالي"رضي الله عنهم ورضوا عنه ذلك لمن خشي ربه" سورة البينه اية 8

«Алла олардан разы, оларда Алладан разы. Міне бұл Раббысынан қорыққандар үшін.»                                               ( әл-Баййна сүресі 8 аят.)

 Мұндай жақсылықтар Алладан қорқып, күнадан сақтанып, әмірлеріне бойсұнғандар үшін.

Шаддад бин  Ауыстан (Алла ол кісіден разы болсын), әл-Байһақидан  (Шуғбил иман) кітабында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді, Алла Тағала хадис құдсида:

قال النبي صلي الله عليه وسلم:قال الله عز وجل "وعزتي وجلالي،لا أجمع علي عبدي خوفين،ولا أجمع له أمنين،إن أمنني في الدنيا،أخفته يوم القيامة ،وإن خافني في الدنيا أمنته  يوم القيامة"

  Алла Тағала айтады: «Екі қорқынышты немесе екі тыныштықты бір адамның бойында қатар жинамаймын. Егер  пендем дүниеде бейғам болып жүрсе, оған қиямет күні қорқыныш жіберемін. Егер дүниеде ақыреттің азабын ойлап  қорқып жүрсе, қиямет күні оған жан тыныштығын берем»-деп.

 Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хабарда: «Егер пенденің терісі Алладан қорқумен тітіренсе, ағаштың жапырақтары бұтақтарынан төгілгеніндей, ол пенде де  күналарынан тазарады»-деген.

الرجاء (әр-Рожа) - үміттенумен. Көңілі тартқан нәрсенің орындалуынан үмітті болуы. Сол күткен нәрсесінің орындалуына бір себеп болу керек. Егер белгілі бір себептері бомаса – ол  қиял, арман ғана болып қалады. Яғни, себепсіз бір нәрсені күткен болып қалады. Шынайы үміт - еккен егінін арам шөптерден тазалап, уақтында суғарып, өсуіне жағдай жасап, егін алатынынан іміт етуі. Алла Тағала Құранда:

قال تعالي"قل ياعبادي الذين أسرفوا علي أنفسهم لا تقنطوا من رحمة الله إن الله يغفر الذنوب جميعا إنه هو الغفور الرحيم"سورة الزمر آية 53

 «Ей Менің құлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Ақиқатында Алла күналардың бәрін кешіреді.»   (Зумар сүресі -53 аят.)

Шектен шығып өздерінің зиянына көп күна жасаған пенделері Алланың мейірімді және кешірімді екенін білсін. Таубаға келу мүмкіндігі тұрғанда, жасаған күналарына өкініп, Алладан кешірім сұрап, Оған бойсұнуға қайтсын. Күнәміз көп деп күдерін үзбесін. Пендесі таубаға келсе, Алла олардың Жаратушыға серік қосқанын, адам өлтіргенін, зина жасағанын, пара алғанын  кешіреді.

وفي الصحيحين من حديث عائشة رضي الله عنهاأن النبي صلي الله عليه وسلم قال :سددوا وقاربوا وأبشروا،فإنه لن يدخل أحداالجنة عمله"قالوا :ولا أنت يا رسول الله ؟قال: ولا أنا ،إلا أن يتغمدني الله امنه برحمته"

Айша анамыздан (Алла ол кісіден разы болсын)  жеткен хабарда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Тура жолға салыңдар, тура амал жасауға жақындатыңдар, қуантыңдар. Ешкімнің жасап жүрген амалы оны жаннатқа кіргізбейді» -дегенде, Сахабалары: « Ей Алланың елшісі! сізге де қытысты ма?»- деп, сұрағанда: «Ия, егер Алланың рахымы түспесе»-деді.

Ибраһим (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонақ жайлы кісі еді. Үйіндегі асты қонақсыз жемейтін. Бір күні қонақ келмей қалып, көшеге  шықса есік алдынан бір қария өтіп бара жатқан екен. Үйіне кіріп қонақ болуын өтінеді. Әлгі адам дастарханға отырғаннан кейін әңгіме арасында өзінің мәжуси (отқа табынатын) екенін айтады. Ибраһимнің көңілі түсіп, егер мұсылман болсаң қонағым боласың дейді. Ол бас тартқаннан кейін үйінен шығарып жібереді. Алла тағала оған: « Ей Ибраһим! Мен оны жетпіс жылдан бері кәпір болып жүрседе тамақтандырып келемін, сен бір ғана сөзіне бола теріс бұрылып, үйіңнен шығарып жібердің»-деді. Ибраһим сыртқа шығып әлгі мәжусидің артынан қуып жетіп, Алланың сөзін айтқан кезде, мәжуси Алла расында осылай деп саған мен жайлы хабар бердіме? Жетпіс жылдан бері мені тамақтандырып келді ме? Алланың мейіріміне таңқалған мажуси сол жерде иманға келген екен.

الحب (әл-Хуббу)-жақсы көрумен. Ақыретте адамдардың бақыттысы, жағдайларының жақсы болғандары дүниеде Аллаға деген махаббатының күшті болғандары. Ақырет пенденің мәңгілік мекені.

قال الله تعالي :قل إن كنتم تحبون الله فاتبعوني يحببكم الله الله ويغفر لكم ذنوبكم

آل عمران 31

Алла Тағала Құранда: «/Ей Мұхаммед!/ айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күналарыңды кешіреді. Ақиқатында Алла-өте Кешірімді, ерекше Мейірімді»-деп.    ( Әл Имран сүресі 31 аят.)

 Аллаға деген махаббат оның елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолымен жүру. Алланың разылығы мен оның жақсы көруіне апаратын жол. Адам баласы Құран мен сүннетті мойындамай Алланың разылығына жете алмайды. Әрбір ата-ана баласының жүрегіне жоғарыдағы айтылған үш қасиетті жеткізіп,  Аллаға деген махаббатты ұялатып, өмірдегі қиыншылыққа төтеп беретін, қайсарлықты сіңдіре білсе. Сонысымен Алладан үмітін үзбейтін және Оның азабынан қорқып құлшылықта болатын перзент тәрбиелей алса, ата-ананың екі дүниесінің бақыты болары анық.

 Демек, тәрбие бірінші кезекте жанұядан басталады. Ата-ана балаға сәби кезінде қандай тәлім-тәрбие беріп тәртіпке үйретсе, сол тәрбиесі бүлдіршіннің санасында өсе келе қалыптасып, инабатты азамат болып өседі. Әке мен ананың тәлімін бойына сіңіре білген, атаның батасымен көгеріп, жас жапырақтай жайқалып өскен қоғам мүшесі теріс іске бармайды, ортақ заңдылықтарды құрдымға кетірмейді. Мұсылманға тән әрекеттерге бейім болып, діни амалдарды жастайынан бойына жиып өскен, жақсылардың үлгісін алып, өмір салтына бой түзей білген тақуа жандар Алланың қаһарын тудырар әрекеттерден аулақ болып, өзінің замандастары мен ұрпағының да бойын қастандықтан ада қылуға жан сала әрекеттенеді. Ал мұның өзі қоғамның мінез-құлқына және адамдардың өзара қарым-қатынасына тікелей қатысты. Атап айтқанда, Ислам ілімінің дәл осы бір маңызды негіздерінен мұсылманның қоғамдағы нормалары бастау алады. Сүйіспеншілікке тұнған қоғамда тәртіп бұзушылық болмайды, олқылықтар бой көтермейді. Мұсылман тұлғасының әлеуметтік кескін-келбетін құрайтын қасиеттердің барлығының өзегіне Алла бұйырған істерді бұлжытпай орындау жатады. Тәртіпке, басшыға бағыну адамзатты салауатты тепе-теңділікпен өмір сүруге үйретеді. Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُم

«Ей, мүминдер! Сендер Аллаға, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойұсыныңдар...» делінсе

                                                                                         (Ниса сүресі, 59-аят).

Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен мына хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

عن أبي هريرة رضي الله عنه قال : قال رسول الله صلي الله عليه وسلم"من أطاعني فقد أطاع الله ومن عصاني فقد عصي الله ومن أطاع الأمير فقد أطاعني ومن عصي الأمير فقد عصاني"

«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол Маған бағынбағаны», - дейді.

Бағынушылық қасиеті адамның дұрыс пен бұрысты, халал мен харамды айыру, өзін-өзі бақылау, адамгершілік қарым-қатынастарына шек қоя білу, жақсы-жаманды айыра алатын сана-сезімдерін қуаттандырады. Ел ішінің ішкі тәртібі, жүйесі мен заңдарына бағыну, ел басының жарлықтарына құлақ асу – туған елге қызмет ету болып табылады. Ал туған елге қызмет көрсету – Отанға деген сүйіспеншілікті таныту. Отанға деген махаббаты бар, басшыға деген құрметі бар  адам ешқашан қоғамдық тәртіпке қарсы іс-әрекет жасамайды. Сол себепті, «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Демек Отанды сүю отбасынан бастау алады. Отбасының ұйытқысы болған ата-ана  өзі өнеге болып тәлім-тәрбиенің жолын көрсете білсе. Балаларына үлкенді құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сыйлай білу жолдарын айтып отырса, оны естіп өскен бала ата-ана мен аға буындардың ақылын алып, солар сілтеген дұрыс жолмен жүретін болса, жас жеткіншектің бойына тәртіпке бағыну мен жақсы тәрбие толық орнығады. Жанұясының иманды болуына ата-ана жауапты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) перзент тәрбиесі туралы көптеген хадистер айтқан: «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар». 

Яғни перзентіміз Алланы таниды ма, жоқ па? Ғибадат етеді ма, жоқ па? Осылардың барлығы үшін ата-аналар жауапкер екендігін ұмытпауымыз керек! Сол үшін де «Тәрбие басы – тал бесік» деп, дана халқымыз бекер айтпаса керек. Ата-ананың балаларының алдындағы міндеттерінің бірі дүниеге келген перзентіне азан шақырып жақсы есімді қойғаннан кейін оған жақсы тәрбие беріп,  білім үйрету. Бала жастан діни білім мен шариғат шарттарын санасына сіңіріп өскен жеткіншек өмірінің соңына дейін ізгі істерге әуес болып өседі. Есейгенде  Өзіде иманды ұрпақ тәрбиелеп қалдырады. Жақсы тәрбие алып, тәртіпті болып өскен жан Абай айтқан «бес дұшпаннан» іргесін аулақ ұстап, «бес асыл іске» көніп, бес парызын қаза етпейді. Мәуелі ағаш жайқалып жапырақ жайып, көпке сая болса, оның негізі берік тамырында, ал адамның азамат болып, шынайы қоғамға пайдалы кемел адам болып қалыптасуы – қатаң тәртіп пен пайдалы тәрбиеден.  Тәртіп – тәрбие бастауы, ал тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы. Ата-анасына жақсылық жасауды Алла Тағала Құран Кәрімде: 

قال تعالي "ووصينا الإنسان بوالديه حسنا" العنكبوت آية 8

«Адам баласына ата -анасына жақсылық қылуды бұйырдық»

                                                                                         (Ғанкабут сүресі 8 аят.)

Аса мейірімді Алла Тағаланың бұйрығанына бағынған адам – шынайы иманын жинаған адам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің және бір  хадисінде : «Кімде кім Алла Тағала  мен өзінің арасындағы тәртіпті бір жолға қойса, Алла Тағала ол адамның басқалармен қарым-қатынасын Өзі реттейді. Кімде-кім өзінің сырын сақтай білсе,  Алла тағала оның жақсылығын басқаларға риясыз көрсетеді. Мен сендерге намаз, ораза және садақаның дәрежесінен артық нәрседен хабар берейін бе. Ол екі адамның арасын жарасытыруың. Расында адамдардың арасын бұзу иманның кеткендігінен» - деген. 

Саналы адам өз өмірінен, қателіктерінен ғибрат алады. Бойындағы Алла берген Ислами құндылықтарын амалдарымен көрсетіп, адамдар  арасындағы сыйластықты бір ретке келтіріп отырады. Жанұясына да, айналасына да үлгі бола біледі.

       Қазақ халқының да өзіндік салт-дәстүрлері, ұлттық рухани құндылықтары бар. Ұлтымыздың төл тәлімі мен тәрбиелік дағдылары шариғат шарттарына негізделген. Дана халқымыздың даналықтары мен тәрбиелік ұстанымдарын негізге ала отырып мұсылман қауымының мерейін арттырып, ислами ілімді ұстанған қоғамының керегесін кеңейтіп, тәртіпке бағынған ұрпақтың санын арттырып, санасын түзеуге әрқайсымыз тұлға болып, халық болып, ел болып, қоғам болып үлес қосуға борыштармыз. Әр жасаған жаман амал-әрекеттердің бұл фәнилік екенін, оның ғұмыры өткінші, ал арты мәңгі өкініш болып, ақыретте Жаратушымыздың қаһарынан ұшырап, жаһаннамның жалынына күйерімізді білу абзал. Қысқа ғана ғұмырда саналы адам өмірден мәнді сабақ алып, ақтық демі таусылар күннің жеңілдігіне асығады. Осы жайында Шал ақынның мынадай айтқан толғауы бар:

        Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,

        Киім көп, тамағым да тоқ демеңіз!

        Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,

        Біздерге және қаза жоқ демеңіз!

        Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

        Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

        Жан шығып бұл дүниеден кеткеннен соң

        Мал-мүлкің, әйел-балаң бәрі қалар...

Жан кеудеден шықпай тұрғанда, берілген қысқа ғана ғұмырды пайдамен өткізіп, қоғамның қойған тәртібінің шегінен шықпай, адамгершіліктің шекарасын аттамай өмір сүруге ұмтылып, ізімізді басар балаларымызды да осы ұстаныммен тәрбиелейік! Тәртіпке бағынған ел еш уақытта зиянға ұшырамайды және алға қойған мақсаттарына жететіні анық. Сондықтан дәстүрлі Ислам дінімізді құрметтейік, тәртіпсіз зиянкештерден сақ болайық, тәртіпті қоғамның қалыптасуына атсалысайық ағайын!

 Отанымыз, еліміз аман болсын, зайырлы мемлекетіміздің заңын сыйлап тәртіпті қоғамда бейбітшілік заманда өмір сүруді Алла Тағала нәсіп етсін.

Құдіреті аса күшті, барша жаратылыс атаулының иесі болған Жаббар иемізге сансыз шүкірлер болсын, Алланың шүбәсіз елшісі болған Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымызға жаратушымыздың игілігі мен сәлем- салауаттары болсын!

Жоғарыға