Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сенім, адалдық һәм кешірім

Әділетті екінші Халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) тұсында болған бір ғибратты оқиғаны баяндайын.

  ...Үш жігіт бір бейшараны Халифаның алдына әкеліп:

«Уә, Әмірші! Мына адам біздің әкемізді өлтірді, жазасын беріңіз» дейді. Халифа әлгі адамға қарап «Сен шынымен де мына жігіттердің әкелерін өлтірдің бе?» деп сұрақ қояды. Сонда әлгі жігіт «Мен бір малшы едім. Менің малым бұл жігіттердің әкелерінің меншігіндегі жер аумағына кіріп кетіп, әкелері тас атып, менің малымды өлтірді. Мен де ашумен әлгі тасты алып бұл жігіттердің әкелеріне қарай лақтырып едім. Тас дөп тиіп, ол кісі тіл тарттай кетті» дейді.

Сол кезде Халифа «Онда сені жазаға тартамыз» дейді. Сонда әлгі малшы жігіт  «Уа, Халифа, маған үш күн мұрсат беріңіз. Жақында әкем дүниеден озып, мен мұрагер болып едім. Енді мен өлтірілсем, артымда қалар жалғыз інім мұрадан қағылады. Барып мұраны табыстап келейін» деп өтініш айтады. Сол кезде мұсылмандардың әміршісі «кімді кепіл қыласың?» деп сұрайды. Жатжерлік жігіт жиналған  жамағаттарға қарап, орта тұстан бір адамды нұсқап «Мына адам маған кепіл болады» дейді.

Ол адам атақты сахаба Әбузардың (р.а) өзі болатын-ды.  Адамдар таңырқап Әбузарға (р.а) танымайтын жатжерлікке кепіл болмауын айтып жатыр. Алайда, сұңғыла сахаба кепілдікке келісімін беріп, жатжерлік жігіт «үш күн ішінде қайтып келу» шартымен жолға шығады. Бір күн өтті. Екі күн өтті. Үшінші күн де ұясына қонуға таяды. Адамдар алаңға жиналып, Әбузар сахабаға аянышпен қарай бастады. Көпшілігінің көңілінде күмән мен күдік басым болатын. Бір мезгілде «Келе жатыр» деген үн саңқ ете қалды. Әлгі жатжерлік малшы жігіт шаң-шаң болып, шаршап-шалдығып келіп Халифа Омардың (р.а) аяғына құлап:

  «Уа, Халифа, аманат өз иесіне табысталды» деді ентігіп.

  Халифа таңданып: «Ей, бейшара, сені бұл жерге қайтып келуге не мәжбүрледі? Сенің қашып кетуге толық мүмкіндігің бар еді ғой» деп сұрайды. Сонда әлгі малшы жігіт «Мен адамдардың арасынан «сенім» деген қасиеттің жоғалып кетуінен қорықтым» дейді. Халифа атақты сахаба Әбузарға (р.а) бұрылып «Сенің мына жатжерлік жігітке кепіл болуыңа не себеп?» дейді.

           Әбузар (р.а) «Уа, Халифа, мен адамдардың арасында «адалдық» деген асыл ұғымның жоқ болып кетуінен кауіптендім» деп жауап береді. Сол кезде әлгі үш жігіт те жамырап «Уа, Халифа! Біз әкеміздің құнын кештік. Бұл жігітті босатыңыз» дейді.

Сол кезде Халифа Омар (р.а) жігіттерден шешімдерінің себебін сұрайды. Әкелерінің құнын талап етуші үш жігіт Халифаға қарап «Уа, мұсылмандардың әміршісі, біз адамдардың арасында  «кешірім»  деген ұлы қасиеттің жоғалып кетуінен қорқамыз» деп жауап берген екен.

           Міне, ардақты ағайын, бұл ғибратты оқиғаны баяндаудағы басты мақсат – адам- дар арасынан «Сенім», «Адалдық», «Кешірім» секілді ұлы қасиеттердің жоғалып, адамдар айуаннан бетер болмасыншы деген ізгі ниет еді. Қазақтың данышпаны Абай «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» еп барша адамзатқа өлмес өсиетін айтып кеткен екен. Алла Тағала баршамызға ұзақ ғұмыр, ынсап-тауфих сыйласын! Әумин!

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ,

«Мәулімберген» мешітітің бас имамы.

Атырау қаласы, Алғабас ауылы.

 

Жоғарыға