Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Дәстүрлі діннің құндылықтары

Барлық мақтау әлемдерді жаратқан, бізге иман берген, мол ризық беруші Аллаға тән. Ардақты елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с), пәк отбасына, сахабаларына және қиямет күніне дейін ізгі жолда соңынан ергендерге Алланың сәлемі мен жақсылығы болсын.

Әрбір қоғам өз ішінде белгілі қағидаларға сүйене өмір сүреді. Сол қағидалар алдыңғы өткендердің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, өнегесі болады. Ел ішінде ақсақал, билер халықты басқарып, жөн сілтеп отырса, кішілері тыңдап, заң көріп, аға буынның түйгенін, ақылын іні буын өздеріне бағдар етіп, өздерінен кейінгілерге қалдырып отырған. Осы жолмен ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан істер, өнер, тұрмыс, әдетке - «дәстүр» атауы беріледі.

Яғни, әрбір бағзыдан өз құнын, қолданылуын жоғалтпай бүгінге дейін келіп отырған әдетке «дәстүрлі» атауы беріледі. Дәл сол сияқты 12 ғасырдан бері қазақ даласына келген, Әбу Ханифа мәзһабы ел ішінде кеңінен қолданысқа еніп күнімізге жетіп отыр. Осы жолды «Дәстүрлі ислам» деген атпен танып отырмыз. Өйткені, өткендеріміздің дін жолындағы тұрмысы, әдеттері, идеологиялары осы жолмен ұштасып келді. Соңғы жылдарға дейін қазақтар өз арасында - діни алауыздықтар, бөліну, қан төгу сияқты сұрапыл істен аулақ болды. Соңғы уақыттарда дініміз ішінде бөлінушілер, бірін-бірі адасқанға санап, бүлік шығарушылар көбейді. Ғұламаларға түрлі дөрекі айып тағып, сынға алуды шығарды. Бұл үлкен қасірет. Демек, қателікке түспеу үшін жасалатын алдын алу шаралары жасалынуы керек. Шариғатымызда әрбір мұсылман білуі керек болған, мойнына жүктелген мына үлкен үш нәрсе діннің негізін құрайды. Шариғат бұлардың бірінен кейін бірі бар болуын талап етеді.

Біріншіден, сенім. (Кісі сенімі арқылы мұсылман болып, басқа діндерден ерекшеленеді. Жалғыз Аллаға сиыну, табыну, құлшылық ету иманның шарттарын қамтиды);

Екіншіден, ғибадат (Мұсылман адамға Алла Тағала бес шартты бекітті және осы шарттарды орындағанды жәннәтқа кірерін хабарлады. Олар: кәлима шәһадат, намаз, ораза, зекет, қажылық);

Үшіншіден, көркем мінез-құлық (Құран-Кәрім және хадистерде Алла Тағала көркем мінез құлық иесін сүйерін, мол сияпатқа бөлейтіні хабарланады);

  Күнімізге байланысты дәстүрлі дініміздің аталған құндылықтарын сақтау, білу мұсылман халқы үшін ерекше маңызды болып, түрлі бүлік, түсініспеушіліктердің алдын алу, жат ағымдармен күрес жүргізу әр мұсылманның білек сыбанар ісіне айналып отыр. Демек, бұл істің алғашқы баспалдағын таза дініміз жайлы сауат ашумен бастау керек. Өйткені, жолын білген кісі барар жеріне адаспай жететіні белгілі болғандай, дін жолында да дұрыс бағытты таныған кісі жат ағымға алданбайды.

 Кейде мынадай сындарға тап болып жатамыз: «Дін деген бұл Алладан келген жүйе емес пе, неге оны әкеліп дәстүрге ыңғайлап жатырсыңдар?» немесе «Дәстүрлі дін болушы ма еді, әркім өз дәстүріне қарай дінді тарта берсе, онда діннің несі қалады?» Дінге жанашырлық танытқан дұрыс. Әйткенмен, қолданыстағы «Дәстүрлі ислам» термині - бағзыдан қазақ халқына сіңіп, өзінің құнынын жоғалтпай, ел арасында алауыздыққа себеп болмай келе жатқан таза дінге қолданылып отыр. Ислам діні халықтың шариғатқа қайшы емес ғұрып - дәстүріне тыйым салмайды. Тіпті, шариғат заңдарында үкім беруде сол жердің қолданысы, мақсаттары, өлшемдері басты негізге алынады.

Ал енді, дәстүрлі дініміздің негізгі құндылықтарына тоқталсақ. Ислам сөзі қазақшада - «амандық, тыныштық, мойынсұну» деген, мағыналарды қамтиды. Демек, Алла Тағаланың діні адамзатқа бұл және о дүниенің амандығын, жақсылығын сыйлау үшін түсірілген. Осы жолда алдымен иманның шарттарын қабылдап, исламның шарттарын орындап, ізгілікке қарай ұмтылған әр кісі - осы бақытқа ие болмақ. Құран-Кәрім және Алла елшісінің хадистерінде ізгілікті төмендегідей баяндағанын көреміз: Аллаға серік қоспау, ата-анаға жақсылық жасау, туысқан, көрші, жетім, пақыр, жолда қалғандарға көмек беру, үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу, жолдағы кедергі келтіретн заттарды тазалау, жан-жануарларға зиян тигізбеу, ағашты себепсіз кеспеу.

Әр адамның бойында жақсы сөз сөйлеу, қонағын құрметтеу, ұятты болу, қолы әрі тілімен ешкімге зиян тигізбеу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару қасиеттері болуы шарт. Сонымен бірге, жазықсыз қан төгу, ұрлық, өтірік, өсек айту сынды жағымсыз әрекетерден аулақ болу керек. Ал, бүгін мұсылмандар жік-жікке бөлініп алып, бірін-бірі қаралап, айыптауда.

 Қалай десек те, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенім мектебін ұстану, осы ғұламалардың артынан еру бізді көптеген адасу, бүлікке түсуден сақ болуға жол ашады. Өйткені, ғұламалар пайғамбарлардың мейрасқорлары.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең болама» (зумар 9) деп, баяндаған. Білетін адамның ақиқатқа жақын, адасудан ұзақ, ал білмейтін адам адасуға жақын, ақиқаттан ұзақ екенін түсінеміз.

Дастан СҮЛЕЙМЕНОВ,

 

Жылыой орталық мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға