Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жұма уағызы: МҰСЫЛМАННЫҢ МҰСЫЛМАН АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
Жұма уағызы: МҰСЫЛМАННЫҢ МҰСЫЛМАН АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қадірлі жамағат, бауырлар, ардақты ағайын!

Біз бүгін баршамыз үшін маңызды болған «Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттері» тақырыбында насихат айтатын боламыз. Бұл –қоғамға қажетті аса маңызды мәселе. Алла Тағала баршамызды бүгінгі насихатымыздан ғибрат алып, айтылған аят пен хадиске амал етуімізді нәсіп еткей!

Бүгінгі уағызымыздың кіріспесі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күллі үмбеті үшін өсиет етіп қалдырған мына бір хадисін еске сала кетуді жөн көріп отырмыз. Мүслимнен жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لاَ تَحَاسَدُوا، وَلاَ تَنَاجَشُوا، وَلاَ تَبَاغَضُوا، وَلاَ تَدَابَرُوا وَلاَ يَبِعْ بَعْضُكُم عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ، وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا، المُسْلِمُ أَخُو المُسْلِمِ لاَ يَظْلِمُهُ، وَلاَ يَخْذُلُهُ، وَلاَ يَحْقِرُهُ. التَّقوَى هَهُنَا وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِه ثَلاَثَ مَرَّاتٍ بِحَسْبِ امْرِئٍ مِنَ الشَّرِّ أنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ المُسْلِمَ، كُلُّ المُسْلِمِ عَلَى المُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وعِرْضُهُ

«Араларыңдағы қызғаныштың арта түсуіне жол бермеңдер. Затты өзінің шынайы бағасынан асырып сату үшін алдын-ала сатушымен келісіп, жұртқа өздеріңді сатып алатындай қылып көрсетіп, елді еліктірмеңдер. Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер. Сондай-ақ, араздасып, бір-бірлеріңді енді көрместей болып теріс айналмаңдар. Біреудің саудасына килігіп, сауда келісімін бұзбаңдар. Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды, оған мұрын шүйіре қарап, өзінен кем көрмейді. Сондай-ақ, қысылтаяң шақта жалғыз тастап кетпейді», – деген соң, кеудесін қолымен үш рет нұсқап: «Міне, тақуалық мына жерде. Мұсылман үшін мұсылман бауырын өзінен төмен санаудан асқан жамандық (жаман мінез) жоқ. Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам», – деп айтты» (Мүслім хадистер жинағы).

Ендеше, осы хадисте меңзелген өсиеттерді тарқатып айтып көрелік. Хадис мәтіні: «Араларыңдағы қызғаныштың арта түсуіне жол бермеңдер...» – деп басталады. Қызғаншақтық – бүгінгі қоғамдағы дерттің бірі. Біреу жақсы көлік мініп шықса, жақсы пәтер сатып алса немесе әдемі киім кисе – қызғанып қалатын кездеріміз болады.

Өйткені, іштарлық пен қызғаныш өз бауырларыңда бар жақсылықтар мен нығметтерді, оның қол жеткізген жетістіктерін қабылдай алмаудан пайда болады екен. Басқалардың өзімізден төмен болуын қалауымыз – жүректің үлкен дерттерінің бірі.

Адамзат баласының осы өмірде үш нәрседен құтылуы қиынға соғатын жағымсыз амалдары болады. Яғни, бұл сипаттардан құтылу көп жағдайда қиындық туғызады. Олардың біріншісі – қызғаныш, екіншісі –  жорамал жасау, үшіншісі – өзгелер туралы теріс пікір айту. Біреудің жетістігін көре алмаудан туындаған қызғаныш адамды мазасыздыққа душар етеді. Ал мазасыздық жүректі әлсіретіп, иманды азайтады. Иманы азайған адам күнәға ұрыншақ келеді. Халқымызда: «Қызғаншақ жігіттен енжар күйеу шығады», – деген нақыл бар.

Жоғарыда келтірілген хадисті әрі қарай тарқатып көрейік: «Затты өзінің шынайы бағасынан асырып сату үшін алдын-ала сатушымен келісіп, былайғы жұртқа өздеріңді сатып алатындай қылып көрсетіп, елді еліктірмеңдер....»

Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, саудада кейбір адамдарға алданып қалатынын айтып, мұңын шақты. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Кіммен саудалассаң, «алдап-арбау болмасын» деп ескерт», – деген кеңес берді», – деген.

Тауарды өткізу үшін осындай құйтырқы әрекетке бару – мұсылманға жат әрі жағымсыз көрініс. Бұл да адамдарды алдаудың, өтірік айтудың бір түріне жатады. Қазақта:

«Адамды алдау – арыңның алдында күнә,

Ағаны алдау – ананың алдында күнә», – деген мақал бар.

Ал Абай Құнанбайұлы өзінің өсиетті өлеңдерінде:

«...Өсек, өтірік, мақтаншақ, 
Еріншек, бекер мал шашпақ – 
Бес дұшпаның, білсеңіз. 
Талап, еңбек, терең ой, 
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз...» – деп жырлайды. Абай атамыз айтқандай, өсек, өтірік, мақтаншақ – адамзаттың хас жауы.    

Хадисте: «Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер. Сондай-ақ, араздасып, бір-бірлеріңді енді көрместей болып теріс айналмаңдар...» – деген мәтін бар.

Әбу Әйуб (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманға өзі сияқты мұсылман бауырымен ренжісіп, үш күннен артық қатынаспай қоюына болмайды. Екеуінің жолы түйісіп, жолығыса қалса, бір-бірін көргісі келмей теріс айналады. Ал шынтуайтына келгенде, қайсысы бірінші болып сәлем берсе, сол қайырлы», – деп айтты», – деген.

Бізді Алла Тағала ең әуелі мұсылман етіп жаратып, парыз амалдарын орындауды нәсіп еткеннен кейін мұсылман бауырларымызбен қарым-қатынасымызды үзуімізге әсте болмайды. Бүгінгі таңда мұсылмандар арасында мықты байланыс, өзара түсіністік ауадай қажет.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімде-кім діндес бауырымен араздасып, үш күннен артық уақыт қатынаспай кетсе және сол күйі көз жұмса, тозаққа кіретінін айтқан. Алла Тағала бізді ондай жағымсыз мінезден, әрекеттен сақтасын!

Хадис шәрифте: «Сенімен араздасқан адамға барып онымен татулас! Зұлымдық еткен адамды кешір! Жамандық жасаған адамға жақсылық жаса!» деп бұйырылған.. (Ибн Әбиддунийа), – делінген.

Хадистің келесі мәтінінде: «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды», – делінген. 

Алла Тағала Құранда «Хужурат» сүресінің 10-аятында былай баяндайды:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың бауырмашылдығын былай сипаттаған:

عَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشيرٍ قَالَ: قَالَ رسُولُ اللهِ: " مَثَلُ المُؤمِنينَ في تَوَادِّهِمْ وتَرَاحُمِهِمْ وتَعَاطُفِهِمْ، مَثَلُ الجَسَدِ إذا اشْتَكى مِنْهُ عُضْوٌ تَدَاعى لَهُ سائِرُ الجَسَدِ بِا السَّهَرِ والحُمّى «

Нұғман ибн Бәшир (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір - біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді.  (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты» – делінген. (Бұхари хадистер жинағы)

Мұсылманның мұсылманның алдындағы міндеттері жайында пайғамбарымыз (ﷺ):

الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ، لَا يَظْلِمُهُ، وَلَا يُسْلِمُهُ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ، كَانَ اللَّهُ فِي حَاجَتِهِ، وَمَنْ فَرَّجَ عَنْ مُسْلِمٍ كُرْبَةً، فَرَّجَ اللَّهُ عَنْهُ كُرْبَةً مِنْ كُرُبَاتِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ سَتَرَ مُسْلِمًا، سَتَرَهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Аллаһ тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Аллаһ тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп  айтты» – делінген. (Мүслім хадистер жинағы) 

Құрметті жамағат! Бүгінде өздеріңіз көріп жүргендеріңіздей, әлемнің кейбір елдерінде мұсылмандар қысым көріп, қиыншылықта өмір сүруде. Тіпті, күнделікті тамағын таба алмай жатқан бауырларымыз қаншама... Оларға дұға етіп, Алладан көмек сұрауымыз, жаңа хадисте айтылғандай, олардың мұңына ортақтасқанымыз болып есептеледі.

Кезінде қазақтың көрнекті ақындарының бірі Мұқағали Мақатаев өзінің «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» деген өлеңінде:

«Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның?!

...Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын құдайым үшін жаның!!!» – деп бүкіл дүние мұсылмандарын бірлікке үндеген.

Алла Елшісінің хадистерінен оқып-білгеніміздей, кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады екен.

Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттері бірі  – жақсылықта жәрдемдесу, жамандықта қашық болу, Алла тағала Құран кәрімде:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» (Мәида сүресі, 2-аят)

Бұл аятта Алла  Тағала өзінің мумин  құлдарына  бір - біріне өзара жақсы, қайырлы істерде, тақуалықта  жәрдемдесуді бұйырып, ал жалған,  жаман нәрселерде өзара жәрдемдесуден тыйып жатыр.

Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттері бірі  - пайғамбарымыз (ﷺ) айтып кеткен өсиеттерді орындау:

عن أبي هريرة أنَّ رسول اللهِ قال: " حقُّ المسلمِ على المسلمِ خَمْسٌ: ردُّ السلام، وعيادةُ المريض، واتِّباعُ الجنائز، وإجابةُ الدَّعود، وَتشميت العاطس" وفي روايةٍ لِمسلمٍ: " حقُّ المسلمِ سِتٌّ: إذا لقيتهُ فسَلِّمْ عليه، وَإذا دعاك فأَجِبْهُ، وَإذا استنصحك فانْصَحْ له، وَإذا عطس فَحمد اللَّهَ فَشمِّتهُ. وإذا مَرض فعُدْهُ، وإذا مات فَاتَّبعهُ"

Әбу һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: «Сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмай бару және түшкіргенге "йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту», – деген» – делінген. (Мүслім хадистер жинағы)

Ислам тарихына қайтар болсақ, мәдиналық мұсылмандар, яғни ансарлар Меккеден көшіп келген мұсылмандарға Алланың разылығы үшін көмектесіп, мал-мүліктерін теңдей бөліп берген. Құранда Хашр сүресінің 9-аятында былай делінген:

وَلَا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ

«Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді».

Бір күні Әбузар (р.а.)  Біләлға (р.а.) «ей қара қатынның баласы» деп айтып қалады. Біләл (р.а.) оған қатты қапа болып Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына барып, Алланың елшісі Әбузар мені қара қатынның баласы деп кемсітті, қатты қапа болдым дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбузарды шақыртып алып: «Әй Әбузар, сенің ішіңде надандықтан болған жамандық бар екен, сенің иманың әлі толық болмапты» дейді. Сонда Әбузар (р.а.)  Біләлдың (р.а.) алдына барып, «сен мені кешірмейінше басымды жерден алмаймын», дейді. Сонда Біләл (р.а.) Әбузардың иығынан көтеріп: «маңдайы сәждеге тиген басты қалайша аяғыммен таптаймын, әрине кешіремін», деп жылап жібереді. Осы оқиғадан кейін екі сахаба жұбы жазылмайтын дос болады. Мұсылманның бір-біріне деген кешірімділігі мен бауырмалдығы осындай болуы керек. Қазір, біз қателіктеріміз үшін Әбузардай (р.а.) бауырларымыздан кешірім сұрап, Біләлдай  (р.а.) кешірімді  бола аламыз ба? Осы сұрақ баршамызды ойландыруы тиіс.

Адамзаттың абзалы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте бауырмал еді. Пайғамбарымыздың  қартайған бір кәрі әйел көршісі болған. Оның намаз оқығанда үстіне жабатын киімі болмаған. Сөйтіп, қызын Алла Елшісіне жіберіп: «Маған намазда үстіме жабатын киім берші», – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыздың өзінде де артық киім жоқ болатын. Сонда да үстіндегі ұзын көйлекті шешіп, сол әйелге беріп жібереді. Намаз уақыты болған кезде үстінде киімі болмағаны себепті мешітке бара алмайды. Бұл жағдайдан хабардар болған сахабалар: «Расулулла соншалықты жомарт. Киімсіз қалып мешітке келе алмай отыр. Бізде барымызды кедейлерге таратайық», – деген екен.

Сол күні намаздан соң хазіреті Әли Алла Елшісінің қасына келіп, бала-шағасы үшін қарызға алған 8 күміс дирхамның жартысын пайғамбарымызға  бергісі келетінін жеткізеді. «Бұл дирхамға киім алыңыз», – дейді хазіреті Әли. Расулулла базарға барып, 2 дирхамға бір көйлек сатып алады да, қалған 2 дирхамға азық-түлік алуға бара жатқанда екі көзінен айырылған соқыр адамды көреді. Әлгі соқыр адам өзгелерден: «Кім маған Алла разылығы үшін киім береді», – деп сұрап жатады. Алла Елшісі базардан жаңа алған киімін сол адамға бірден берген екен.

Қадірлі бауырлар! Қорыта айтқанда мұсылманның мұсылман алдындағы негізгі міндеттеріне мыналар жатады: сәлем берсе – жауап беру, ауырып қалса – көңілін сұрау, түшкіргеннен кейін Аллаға мадақ айтса, «йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту, қайтыс болса – жаназасына қатысу, қиналса – көмектесу, оның айыбын жасыру, сыртынан сөз етпеу, яғни ғайбаттамау, өзіне тілегенді бауырына да тілеу, оның жақсылықтарын қызғанбау, шақырса – бару, ақыл-кеңес сұраса – қолдан келгенше ақыл-кеңесіңді айту, т.б. Осы амалдарды ықыласпен орындаған адам айналасындағы мұсылмандар алдындағы міндетін орындаған болып есептеледі.

Қазіргі таңда мұсылмандарға қажетті амалдар – бауырының айыбын жасыру, сауапты әрі игі істерде өзара жарысу, имандылыққа шақырып, игі істерде өзара жәрдемдесу, аманатқа қиянат жасамау, мұсылманның құқығын құрметтеу, оларға жанашырлық танытып, бауырмалдықпен құшақ жаю, мұсылмандарға қол ұшын беру, әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болу, ата-ананы құрметтеп, туысқандық байланысты үзбеу, өзінен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлап, мұқтаж жандарға сүйеніш болу, өмірде қарапайым болу, т.б.

Алла Тағала баршамызды мұсылманның мұсылман алдындағы міндетін өтеген, хақысын берген, аманатына қиянат жасамаған құлдарынан еткей! Әмин!

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Жоғарыға