Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҰЛДАРЫМА ҮЙРЕТКЕН 3 АҚЫЛ СӨЗ

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

Көп жағдайда әкелер тіршілік қамы дейміз де балаларымызға бір сәт көңіл бөлуге жарамай жатамыз. Оның үстіне сананы тұрмыс билеген шақта бала тәртібін бақылауға уақыт табу екі есе қиын секілді. Бірақ та әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі шешеден кем түспейтінін ескере бермейміз.

Перзентіне жақсылық ойлаған кез-келген әке үйіне сырттан шаршап келгеніне қарамастан тәрбие ісін сөз қылып, әр күн сайын балаларымен қарым-қатынас жасап отыруы біз ойлағаннан әлдеқайда маңызды екен. Осы себепті әке мен бала арасындағы сабақтастық сақталады. Шаңырақта сүйіспеншілік салтанат құрып, береке артады. Осыншама мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өскен баладан болашақта үлгілі азамат шығатынына еш күмәніңіз болмасын дейді ғұлама ғалымдар.

Байқап отырсам, бүгін іңгәлап туған нәресте ертең-ақ еңбектей келе жүгіріп кететінін байқамай да қалады екенбіз. Сондықтан да орайлы сәттерді бекер өткізбей, баламен кішкентайынан жұмыс істеп, оған жақсы үлгі бола білу әр ата-ананың әуелден белгіленген міндеті. Осы ретте өз тәжірибемде іске асырып, оның тағы жемісін көріп үлгерген әке ретінде 3 ақыл сөз туралы айтып өтсем деймін. Мұндай аталы сөздерді жас баланың санасына қайта-қайта құйып отырсақ, оның барлығы жүрегіне мықтап орнығып, бекиді. Жүректен орын тапқан дүние оның саналы адам болып қалыптасуына көп септігін тигізері сөзсіз деп есептеймін.

 

Алғашқы сөз – Бисмиллә

 

«Алланың атымен бастаймын» деген мағынаны қамтитын бұл сөздің адам баласына тигізер пайдасы ұшан теңіз. Көбіміз бұл сөзді әлденеден шошынғанда ғана қолданамыз. Ол дұрыс әрине. Бірақ онымен шектелмесе керек.

Білім иелеріне жүгінетін болсақ, «Бисмиллә» сөзін адам баласы ұйқыдан оянған сәттен бастап қайта ұйқыға кеткенше айтса, өте дұрыс. Сондай-ақ, бұл сөзді әжетханаға кірердің алдында немесе киім кигенде, үйден шыққанда немесе үйге қайта кіргенде, көлікке отырғанда және тамақ ішіп бастар алдында айтсақ, әрекетіміз берекеге толады екен.

Бұл сөзді жан-тәнімен сезініп, оны амал-әрекетінде қолданып өскен балаға тіл-көз тимейді. Біз біле бермейтін түрлі бәле-жаладан аман болады.

 

Жалпы алғанда «Бисмиллә» сөзі кез-келген пенденің дертіне шипа, көңіліне демеу, жанына азық екен. Олай болса неге бала құлағына құйып отырмасқа?!

 

Ассалаумағалейкүм

 

Кез-келген қазақ баласы бұл сөзді білуі шарт. Мағынасын да ұғып өскені жөн. Әсіресе тілі шығып келе жатқан балаға бұл сөзді үйреткенде тұрған сөкеттік жоқ. Бұл алғаш балабақшада үйрететін «Сәлеметсіз бе?» сөзіне қарағанда анағұрлым тәрбиелік мәні зор, ұлтымыздың болмысына сіңіп, тамыры тереңге кеткен құнды сөз.

Әкесі жұмыстан келгенде баласы алдынан жүгіріп шығып «Ассалаумағалейкүм» деп мойнына асылса немесе үйге қонақ келген кездері сәлеммен күтіп алып жатса қандай жарасымды.

Бұл өз кезегінде тек сөз тәрбиесі ғана емес, сондай-ақ, руханият, мінез, әдеп тәрбиесі. Сәл ересектеу балаға «Уағалейкүмассалам» деп жауап қайтару керек екенін де ұқтырып қойса артық етпейді.

 

Рахмет

 

Араб тілінен енген бұл сөздің де мән-мағынасы өте бай, тәрбиелік құндылығы жоғары деп айтар едім. Баланың бұл сөзді көкейіне түйіп өсуі оның өзгеге құрметпен қарап, өзіне жақсылық жасаған адамға әрдайым алғыс айтып жүруіне баулиды екен.

«Апаң сенің базардан,

Алма сатып әкелді.

Ең үлкенін, тәттісін,

Саған таңдап әперді

Не деу керек?

Рахмет, апа, деу керек», — деген өлең жолдарын бала кезімізде жаттап, жарыса айтып өскен едік. «Алла рақым етсін» деген мағынаны білдіретін бұл сөзді ата-әжелеріміз де тұрмыс-тіршілігінде бекер қолданбаса керек.

 

Түйін

 

Жаны таза адамның әрекеті дұрыс келеді. Бұл ретте ой тазалығы, тіл тазалығы өте маңызды деген екен білім иелері. Кешегі Ахаңдардың тіл үшін күрес жүргізгені содан болса керек.

Қазіргі таңда қазақ балалары (ауыл баласы да, қала баласы да) неше түрлі сөздерді біледі. Кейде аулаға шығып жүріп байқасаң, таңғаласың. Кейде шошисың. Сондықтан да жоғарыда келтірген сөздерге «баламның тілі келмейді» деген сылтау бекер деп ойлаймын. Әрине, асықтырмаңыз. Ең дұрысы мұндай сөздерді әуелі үйдегі ата-анасы айтып, үлгі

көрсетіп жүрсе үйретіп жатудың өзі артық. Балалар естігенін біз ойлағаннан да тез қағып алғыш келетініне көбіміздің көзіміз әлдеқашан жеткен де шығар…

 

Битан Азамат, «Ihsan.kz».

Жоғарыға