Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


КҮНӘ ІСТЕСЕМ НЕ БОЛАДЫ?

КҮНӘ ІСТЕСЕМ НЕ БОЛАДЫ?

Әрине Алла Тағаланың мейірімі, кешірімі мол. Ол біз ойлағанымыздан да көбірек мейірім Иесі. Бірақ осыған жүгініп, күнә істеу үлкен қателік. Өйткені күнә істеушілер, яғни ашық түрде Аллаға қарсы шығушылар әрине жазаланады. Құранда: 

 

«Ей, адамдар, Раббыларыңнан және сондай бір күннен қорқыңдар, ол күні әкенің баласына, баланың да әкесіне пайдасы болмайды. Әлбетте, Алланың (есепке тарту) сөзі – хақ. Олай болса, дүние өмірі сендерді алдатпасын, шайтан (Алла мейірімді, рақымдылығы мол, бәрін кешіреді деп, ғибадаттардан айырып, күнә істету арқылы) сендерді алдатпасын!»,-деген. ("Лұқман" сүресі, 33-аят).

Барлық күнәлардан сақтанып, ешбір күнәні кіші көрмеу керек, өйткені Алла Тағала күнәһарлардың, залымдардың жазаларын беруден мүлдем тартынбайды. Ол ашуын күнәлар арасында жасырған. Кіші саналатын бір күнә үлкен күнәнің жолының ашылуына себеп боуы ықтимал. Хақ Тағала жылдар бойы ғибадат жасаған бір құлын бір күнә үшін мәңгіге жазалауы мүмкін. Бұл жайлы Құранда да айтылған. Екі жүз мың жыл бағынған шайтанның тәкәппарланып, сәжде етпегені үшін мәңгіге малғұн болғанын білеміз. Адам пайғамбардың баласы біреуді өлтіргені үшін мәңгі тозақтық болды. Олай болса, үлкен-кіші барлық күнәлардан сақтануымыз керек.

Күнәға тосқауыл қойылмаса, бәрі зиянын көруі мүмкін. Ардақты елшіﷺ хадистерінде былай дейді: 

«Фухуш (күнә, ұятсыздық) жайылғанда зілзала және фитна көбейеді» (Дәйләми).
«Аллаға қарсы шығу көбейгенде жақсы-жаман бәрі жалпылама азапқа душар болады. Кейін жақсылар Алла Тағаланың разылығына қауышады» (Табарани).

 

Қаншалықты күпірден басқа үлкен күнә істейтіндерге демеу керек болса да, күнәларды жалғастырған адамның уақыт өте жүрегі қараяды, харамдарды істегенде қынжылмайтын болады, иманы да әлсіреп, бір күні толығымен сөнуі мүмкін. 

Күнә істеген адам дүниеде және ақыретте үлкен қиыншылықтарға тап болады.

«Күнә істегенде жүректе бір қара дақ пайда болады. Егер тәубе етілсе, ол дақ өшеді. Күнә істеу жалғасатын болса, ол дақ үлкейіп, жүректі толығымен қаптайды» (Нәсаи). (Жүрек қарайғанда ғибадат жасау қиын болып қалады, күнәларды істеу оңай болады).

«Күнә істеуді жалғастырған адамдардың уақыт өте жүректері мөрленеді. Ол адам сауап істей алмайтын болып қалады».

«Дерттерің – күнәлар, дауасы – истиғфар». (Адамдардың басына келетін барлық қиыншылықтар күнәлардың кесірінен келеді. Истфиғфар еткенде, яғни өкініп, тәубеге келгенде күнәлар өшіріледі).

«Өзін күнәлардан қорғамайтын адамды Алла Тағала (дүние мен ақыретте) пәлекеттерден қорғамайды» (Ибн Хузәйми). (Күнәдан сақтануға талпынатын болсақ, Алла Тағала да бізге жәрдем береді. Күнәға мән бермейтін болсақ, пәлекеттерден құтыла алмаймыз).

«Адам істеген күнәларының кесірінен ризығынан мақрұм қалады» (Хаким).

Күнә істейтін адамның табысында берекет болмайды. Өмірі қиындықтардың арасында өтеді.

Шынайы мұсылмандықтың белгілерінің бірі – күнәсін өте қауіпті деп санау. Алла елшісі ﷺ: «Мүмин күнәсін төбесінде тұрған таудай көреді, оның кенеттен үстіне құлап кетуінен қорқады. Ал мұнафық мұрнына қонған шыбындай көреді, лезде ұшып кетеді деп санайды» деген. (Бұхари).

Жасырын істелген бір күнәні әркімге айта беру де екінші бір күнә болады. Ондай күнәлардың кешірілуі қиын болады. Әз елші ﷺ: «Күнәсін басқаларға жария қылған адамдардан басқа кез келген адам кешіріледі» деген. (Бұхари)

Күнәні жасырын түрде де, ашық түрде де істеуге болмайды. Құранда: 

«Ашық болса да, жасырын болса да, күнәлардан сақтаныңдар!»,- деген. ("Әнғам" сүресі, 120-аят).

Бірақ жасырын жасалған бір күнәні жариялау бөлек күнә. Ибн Абидин: «Күнәсін жариялау бөлек бір күнә болады. Жасырын жасалған күнәні басқаларға айту да- күнә» деген.

Ардақты елші ﷺ: «Бір күнә істеп қойған адам Алланың жамылғысын соның үстіне жапсын!»,- деген екен. (Мүслим)

«Аздаған бір күнәдан сақтану бүкіл жын мен адамдардың (нәпіл) ғибадаттарының жиынтығынан да жақсырақ» делінеді.

Әр күнә Алла Тағалаға қарсы шығу болғандықтан, үлкен болып саналады. Алайда кейбірлері басқаларына қарағанда кішірек болып көрінеді. Бір кішкентай күнәні істемеу бүкіл әлемнің нәпіл ғибадаттарынан сауаптырақ, өйткені нәпіл ғибадат жасау парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. (Рияд-ун-насихин)

Демек, күнә істеу арқылы ғибадат жасауға болмайды. Олай болса, бір парызды орындағанда харам істеу мәжбүрлігі туындаса, харам істемеу үшін парыз кейінге қалдырылады. Бір сүннетті орындағанда да мәкрух істеу қажет болса, мәкрухтан сақтану үшін сүннет тәрк етіледі.

Алла Тағаланың тыйым салғандарынан сақтанбау күнә болғанындай, бұйрықтарына мән бермеу де күнә. Харам істемеу парызды орындаудан бұрын тұрса да, парыздарды орындамаудың күнәсі харам істеу күнәсынан да көп. Мысалы намаз оқымау ішкілік ішуден де үлкен күнә.

Күнә істеуді жалғастырған адам ұмытшақ болады, ақымақ болады, ақылы азаяды. Хадис шәрифте: «Күнә істеген адамның бір ақылы кетеді, кері қайтпайды» делінген. (И.Ғазали)

 

Күнә істеген адамның ақылы азаяды, есте сақтау қабілеті бұзылады. Ондай адам дүние істерін де атқара алмайды. Ақыретіне де зияны көп болады. Хадисте: «Күнә істеген адамның кері қайтпайтындай ақылы азаяды» делінді.

Ибн Мәсуд хазреттері: «Күнә істеген адам білетіндерінің кейбірін ұмытып кетеді» деді. Әз елші ﷺ де былай деген: «Күнә істеген адам ризықтан мақрұм қалады» (Ибн Мажа)

Бір кісі: «Тышқандардың үйімді қаптап кетуін күнәмнің жазасы деп білемін» деген екен. 

Әулиелерден бір кісі балшық және тайғанақ жолда кетіп бара жатқанында лайға түсіп кетпеу үшін абайлап жүреді. кенеттен аяғы тайып, балшыққа құлайды да, үсті-басы лай болады. Үсті былған әлгі адам балшыққтан сақтанбай жүріп кете барады. Балшыққа былғанған ол көзі жасаурап: «Міне, күнәға түсуден бұрын күнәдан сақтанып жүрген адамның жағдайы осы. Бір-екі рет күнәға түскеннен кейін сол күнәларды істеуден тартынбайтын болып қалады. Демек, бір күнә басқа бір күнәні тартады» деген екен.

Жоғарыға