Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


"Жастарымыз ынсапты болса, қоғам түзеледі"

"Жастарымыз ынсапты болса, қоғам түзеледі"

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров жастар жылы, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі хақында сұхбатында айтып берді. 

 

  "Жастарымыз ынсапты болса, қоғам түзеледі"

  - Биылғы жыл жастарға арналып отыр. Осы ретте мүфтияттың Атырау өкілдігі тарапынан қолға алынып жатқан басты жобалар туралы айтып өтсеңіз?

  - Жастар жылына орай, облысқа қарасты барлық қала, аудан, ауыл мешіттерінде бір жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Ондағы мақсатымыз ­­­–жастар арасында дәстүрлі ислам бағытын дәріптеу, имандылыққа, адамгершілікке үндеу. Сондай ақ, жастарымызды білімге, сауаттылыққа тәрбиелеу.

  - Өзіңіз айтып өткен  жобалардың ерекшелігі неде?

  - Адамның сенімді досы кітап. Сондықтан, біздің басты жобаларымыз жастар арасында кітап оқуды насихаттауға арналып отыр. Адамның ойлау көкжиегін кеңейтетін, рухани сауаттылығын арттыратын діни һәм әдеби кітаптар өте көп. Осы ретте жастарға белгілі бір кітаптарды ұсынамыз. Бір ай мерзім ішінде жастар кітаппен танысады, кейін емтихан тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткен жастар байқаудың екінші, үшінші кезеңіне өтеді.

  Екіншіден, жастарды қайырымдылыққа баулу мақсатындағы шаралар легі бекітілді. Қайырымдылық көрсету үшін міндетті түрде дәулетті болудың міндетті емес екендігін жеткізсек дейміз. Ең бастысы, адамның көңілі бай болуы керек.

  Мысалға, мешіт тарапынан әлеуметі төмен отбасыларға азық-түлік жиі таратылып отырады. Азық салынған пакетті мұқтаж отбасылардың үйіне жеткізуге жастарымыз атсалысып жатыр. Осылайша, жастарымыз өсіп-өнген кезде жақсылық жасауға асығу әуелі отбасында, кейін қоғамда тұрақты үрдіске айналатын болады.

  Тағы бір ізгі жобалардың бірі қаланың көше тазалаушыларына жақсылық жасау. Ала таңнан қара кешке дейін көше сыпырумен айналысатын бұл азаматтардың өздері, отбасылық ахуалы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Адамның жүретін жолындағы бөгет болатын затты алып тастау, бұл шариғатта үлкен сауап. Мешіт жанынан құрылған "Иман жастарының" бағдарламасында көше сыпырушыларға ыстық шай мен нан жеткізу мәселесі де бар.

  Жастардың бос уақытында спорттық мәселе де керек. Адамның ең үлкен байлығы оның денсаулығы. Қазіргі кезде мешіт тарапынан түрлі спорттық шаралар ұйымдастыру жолға қойылды. Мешіт аралық жастар арасында түрлі жарыстар өткізіп жатырмыз.

  Және басты жобалардың қатарында уағыз-насихат мәселесі де бар. Жалпы, біздің бағытымыз қандай? Әбу Ханифа мәзһабының қандай ерекшеліктері бар? Бабаларымыз ұстанған дін жолы Құран - хадистерге қалай негізделген? Осыны білген жастарымыз болашақта өзі адаспайды, досын адастырмайды, отбасын жат ағымнан сақтап қала алады. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі қала және ауыл мешіттері арасында жастар арасындағы көшпелі дәріс жобасын іске қосты.

  - Қазіргі кезде жас отбасылар арасында ажырасу қатты белең алып бара жатыр. Отбасының беріктігіне кім жауапты? Осы ретте, ер мен әйелдің отбасы алдындағы негізгі міндеттерін ажыратып берсеңіз?

  - Отбасы құндылығы қай қоғамда да маңызды болып келді. Қазақта "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген сөз бар. Асылында, отбасында жұбайлар бір-біріне хақысын берсе, мәселе сонымен бітеді. Бірақ, көп жағдайда жұбайлар отбасы алдындағы міндеттерін білмей жатады.

  Айталық, шариғатта ер кісі отбасын асыраушы. Бұл жерде әйелдің, бала-шағаның нәпақасын тауып беру, алаңсыз тамақтануына мүмкіндік жасау міндеті жатады. Материалдық міндеттен бөлек, дүние-мүліксіз жасалатын нәрселер бар. Мысалға, әйелге жақсы қарау. Және оған зиянын тигізбеу. Және ер азамат әйелді басқарушы ғана емес, оған жақсы нәрсені үйретуші. Егер азаматтар жағы осы мәселені қолға алатын болса, отбасында береке орнайды. Әйел адам ерінің тапқан нәпақасын үйлестіре білуі керек. Яғни, ысырап етпей, үнемдеу. Және күйеуінің рұқсатынсыз өз бетінше шешім қабылдамауы қажет. Өйткені ерінің разылығын алу әйелдің міндеті.

  - Бала тәрбиесінде назар аударуымыз тиіс маңызды элементтерді атап өтсеңіз?

  - Біз балаға бөлмеде тұрған гүлді баптау секілді қарамауымыз керек. Егін егетін болсақ, әуелі жер жыртамыз, тұқым себеміз, суғарамыз, кейін егінді арам шөптерден тазартып, күтеміз. Дұрыс қарамасақ, егін де шықпайды.

  Баланың тәрбиесі әлбетте, бұдан маңыздырақ. Баланың жақсы ұрпақ болып өсуі, ең бірінші кезекте ата-анасына міндет. "Ата-ана балаға мейіріммен қараса, Алланың мейірі ата-анаға  түседі" деген хадис бар. Демек, ең алдымен балаға мейірімділік керек. Екіншіден, дәстүрлі қазақ отбасындағы әке мен ананың мектебін қайта жаңғыртуымыз қажет.

  Мысалға, ер балаға азаматқа қатысты дүниелерді үйрету маңызды. Қыз баланы әйел затына қатысты дүниелерге баулыған абзал. Қазіргі кезде біз ер балаларымыздың мінездерін жұмсартып алдық. Өйткені, ұлдарымызға суға жүзуді, атқа мінуді үйретпейміз. Садақ атуға, мал бағуға баулымаймыз. Асылында, осы дүниелер баланың ер азаматтық  мінезін қалыптастыратын негізгі факторлар.

  Қыз балаға асханадағы дүниелерді көбірек үйрету керек. Әрине, тәрбиеде өтірік айтпау, ұрламау, дастархан үстінде өзін байыпты ұстау, әдепті болу деген нәрселер де өте маңызды. Бірақ, бұл қасиеттерді бала ата-анасынан күнделікті көріп жүріп, бойына сіңіріп өседі.

  - Қазақта "Сәлем - сөздің анасы" деген нақыл бар.  Жастарымызға сәлемдесу әдебі туралы не айтар едіңіз? "Жас қыздардың сәлемін алмау керек" деген бағыттағы уағыздар қаншалықты қисынды?

  - Сәлемдесу өте үлкен сауап. Бірақ, сәлемдесудің өзіндік әдебі бар. Мысалға, жүріп келе жатқан адам отырғандарға бірінші сәлем береді. Аз адам көпке бірінші сәлем береді. Кіші адам үлкенге бірінші сәлем береді.

  Ал, ер кісіге әйел адам сәлем бере ала ма? Мысалға, бөтен ер адамға әйел кісінің бірінші болып сәлем бермегені абзал. Жалпы, әйел кісінің ер адамның алдына түсуі әдепсіздік болады.

 Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Жоғарыға