Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жат ағымның пайда болуы

Жат ағымның пайда болуы

Әссәләму алейкум құрметті оқырман! Жат ағым тақырыбы бүгінгі күнде кең таралған, актуалды тақырыптардың бірі болды. Тарих беттеріне қарайтын болсақ ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) тірі кезінде сахабалар тарапынан көптеген қарама-қайшылықтар болмады. Себебі, қандай да бір сұрақ туындаған кезде пайғамбарымызға келіп сұрайтын еді. Пікір таластардың пайда болуын кейбір ғалымдар Алидің (р.а.) тұсында (656-661 ж.) харажиттер жағынан бастау алды десе, көпшілік ғалымдар Хазіретті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың төсек тартып жатқан кезінен басталғанын тілге тиек етеді.

 

Осыған орай жат ағымның, түрлі бөлінушіліктің бастауы тарих беттерінде қалай және қашан пайда болғанын қарастырып кетейік:

 

1.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) қатты науқастанып төсек тартып жатқан уақытта жанындағы сахабаларға өсиет қалдыру мақсатында қалам мен қағаз сұрайды. Сол сәтте сахабалар арасында қалам мен қағаз алып келу мәселесінде түсініспеушілік туындады. Кейбір сахабалар алып келу керек деді, ал енді кейбіреулері әкелудің қажеті жоқ деді. Осы мәселеде хазірет Омар (р.а.): «Алланың кітабы мен пайғамбардың сүннеті бізге жетеді», - деп айтты.

 

Бұл жағдайдың пайда болуынан шииттер осы оқиғада қалам мен қағаз алып келгендерінде Пайғамбарымыз (с.а.у.)өзінен кейін Алиді мұрагер етіп қалдырушы еді деп сын білдірді.

 

2.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) науқас кезінде үш өсиет қалдырып кетеді. Алайда хадисті жеткізуші рауи (хадис жеткізуші) алғашқы екеуін айтып, соңғы үшіншісін ұмытып қалғандығын айтады. Осыған орай шииттер үшінші өсиетте пайғамбарымыз (с.а.у.) Алиді мұрагер етіп қалдырады деп өсиет етер еді, сүнниттер үшінші өсиетті әдейі айтпады деп бүлік шығарды.

 

3.  Тарих беттерінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткеннен кейін артынан «Фәдәу» атты құрма бағы қалады. Мирас ретінде Фатима анамызға қалуы керек еді. Фатима (р.анһа) халифа Әбу Бәкрден мирасын сұрап келгенде, «Пайғамбарлар мирас қалдырмайды» деген сөзге сүйене отырып, құрма бағын мирасқа бермей, керісінше үкіметтің қазынасына өткізетінін айтады. Осы оқиғадан кейін Фатима анамыз дүние салғанға дейін Әбу Бәкрге ренжулі болады. Сонымен қатар һашим әулеті де Әбу Бәкрге алты ай бойы байғат (серт) бермей жүреді. Алайда һашим әулетінің байғат бермеулерінде ешқандай саяси мағынасы жоқ өкінішке орай, бұл оқиғаны шииттер басқа қырынан түсіндіруге тырысқан.

 

4.  Хазіретті Әбу Бәкрдің халифалық кезінде Мусәйлиматул Кәззаб, Сәжах, Әсуад ибн Зәйд және Тулейха есімді төрт бірдей жалған пайғамбарлар шығып, сол кезенде көптеген бүліктер шығарды. Көптеген жақтастарды жинап мұсылман әскерлерімен соғысқа түседі. Көптеген мұсылман қарилары қаза табады.

 

5.  Хазіретті осман 644 жылы халифа болып, 656 жылы шәһид етілді. Халифа кезінің алғашқы алты жылы бейбітшілік жылдары болатын. Алайда соңғы алты жылдығында алауыздық көбейіп, халифаға наразы халықтар көбейе түсті. Оның негізгі себебі халифа Осман аймақ басшылығына туыстарын тағайындайды. Алайды олар оның ақкөңілдігін пайдаланып өз жақтастарын жинап, әділетсіздіктер жасап, жағымсыз қылықтар көрсетіп, халықтың халифаға деген сенімін сейілтті.

 

Хазіретті османның өлімінен кейін мұсылман елдерінде түрлі фитналар пайда болды. Осман (р.а.) кегін алуға байланысты мәселелер туындап «Жәмәл», «Сыффин» және Харажиттерді тоқтатуға арналған соғыстар болды. Осындай соғыстардан қаза болған мұсылмандардың ахиреттік жағдайы не болмақ? деген сауал пайда болды. Себебі, «Ниса» сүресінің 93-інші аятында:

 

«Кім бір мүмінді әдейілеп өлтірсе, оның жазасы мәңгі ішінде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы бар және оған зор азап әзірлеп қойған» - делінген. Әһлу сүннет ғалымдары «Алла біледі» деп қалдырса, кейбіреулері бұған қанағаттанбай өз патуыларын шығара бастады. Осыған орай тарихта муғтазила деген ағым пайда болды.

 

Умеяттар билігі уақытында тағдыр және үлкен күнә мәселесінде түрлі бүліктер өрбіді. Сондай-ақ тағдырды мүлде жоққа шығаратын «Қадария» ағымы осы кезде пайда болды.

 

Аббаситтер билігінің уақытында, халифаттың билігі мен басқару жүйесі әлсірегендіктен. Түрлі саясаткерлер өз биліктерін жүргізу мақсатында діннің бет пердесін жамылып, мұсылмандардың бірігулеріне одан сайын кері әсерін бере түсті. Сондай-ақ аймақтық ерекшеліктерге байланысты фиқһи мәзһабтар пайда бола бастады.

 

Мұсылмандардың осындай қиын қыстау кезеңдерден өтуіне байланысты көптеген ағымдардың шығуы, жаңа өзгерістердің енуі секілді жайттар кей топтарға мүлдем қисынсыз көрінді. Нәтижесінде Исламда мұндай нәрселерге орын жоқ, бұлардан арылу керек деген  пікірдегі топтар пайда болды. олардың негізгі ұрандары мәзһаб имамдарының немесе ғалымдардың пәтуасі бойынша емес, Құран мен сүннет бойынша жүру, әрі хазіретті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен әділетті төрт халифа кезеңіндегі (610 мен 661 жылдардағы) Ислами өмірді қайта жаңғырту еді. Бұл 1740 жылдан басталған «уаһһабилік» діни-саясы қозғалыс еді.

 

Міне Ислам тарихында түрлі ағымдар болғандығын байқадық. Уақыт келе ол ағымдар өзара кіші ағымдарға бөлініп кетті. Алайда олар тарих беттерінен кете бастады. Оған қарамастан бүгінгі күнге дейін ұшқындары байқалады.

Сондай қиын кезеңдерде мұсылман ғалымдары діни мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп қойды. Сондықтан қазіргі таңда біз мазһабпен жүруге мұқтажбыз.

 

Атырау облыстық

«Иманғали» орталық мешітінің

наиб имамы Алпысбай Махсат

Жоғарыға