Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Үйлену оңай, үй болу қиын

Үйлену оңай, үй болу қиын

 

 

 

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистерінің бірінде "Сіздердің ұлдарыңыз ер жетсе, қыздарыңыз бой жетсе, ертерек үйлендіріңіздер, өйткені басқа пайғамбарлардың алдында үмметімнің көптігімен мақтанамын"деген өсиеті бар.

 

Әрине, көбейген, үй болған дұрыс. Десе де, адам баласы отбасын құруға ниеттенген болса, болашақ жарын ұрпағының тәрбиешісі, шаңырақ шырақшысы ретінде таңдап, мәселені толықтай ой елегінен өткізгеннен кейін ғана үйленгені абзал болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінің бірінде "Үйленетін болсаңыздар, адамның төрт белгісіне қарап үйленіңіз. Бірінші - сұлулығына, екінші - тектілігіне, үшінші - байлығына, төртінші - имандылығына" деген. Алайда, кімде кім иманды жанды таңдаса, қалған үш талап өздігінен толығады.

Отбасы болғаннан соң ақиқатында ыдыс - аяқ сылдырламай тұрмайды. Міне, осындайда баршамыздың өнеге етіп алатын ұстазымыз -Пайғамбарымыз (с.ғ.с) болуы тиіс. Шынында, Айша анамыздан (р.а) сұрағанында: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сіздермен үйдегі кезінде қарым қатынасы қалай еді десе?", Айша (р.а) анамыз: "ол Зат тірі Құран еді" деп жауап қатқан.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінде затқа да, өзінің құлына да, әйеліне де қол көтермеген екен. Сол себепті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) "Сіздердің ең жақсыларыңыз өздерінің әйелдеріне көркем болғандарыңыз, ақиқатында ең көркемдеріңіз мен боламын" деген. Сол үшін әйелдерімізге сыпайылық, жұмсақтық, көркемдік, білдіруіміз керек.

Қазіргі таңда өкінішке орай, дініміз исламды жамылып жүрген кейбір шала сауаттылар өздерінің әйелін ойыншық ретінде немесе нәпсісін қандыратын қуыршақ ретінде пайдаланып жүр.

Ақиқатында, олардың жазасын әлбетте Жаратушы Жаппар иеміз еселеп беретіні ақиқат. Құрметті алты алаштың ұрпақтары, баршамыздың ана деген жаратылыстан дүниеге келгеніміз ақиқат. Аналар болмаса, перзенттеріміз қайдан туатын еді?

Ендеше, аналарымызды, қарындастарымызды, әйелдерімізді, апаларымызды, барынша құрметтеп жүрелік.

Мұхиддин ОМАРОВ,

"Шапағат" деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы.

 

Жоғарыға