Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жастарды теріс ағымдарға не итермелейді?

Жастарды теріс ағымдарға не итермелейді?

Қазіргі таңда теріс діни ағымның ықпалына ерген жастарымыздың саны күрт көбейіп отыр. Жат ағымның еліктіру себебінің басты құралы ғаламтор жүйесі екені баршаға мәлім. Біз ақпараттандыру заманында өмір сүріп отырмыз, сондықтан түрлі гаджеттер біздің өміріміздің бір бөлігін құрайды. Жастар барлық мағлұматты ғаламтордан алады. Алынған ақпаратының дұрыс-бұрысын, діни сауаты жоқ  жас буын қайдан білсін? Осыдан келіп теріс пікір қалыптастырып жатады.

Жалпы қазақ жастары діни фанатизмнің құрбаны болмауы үшін отбасы тәрбиесін күшейту керек деп санаймын. Тәрбиенің ұзақ, үздіксіз жүретін, күрделі процесс екенін еш ұмытпау керек. Бала тәрбиесі ата-ананың өзін тәрбиелеуінен басталады. Балаға ақыл айтып, оны өздері амалға асырмаса,  еш нәтиже бермесі анық. Бала естігенімен емес, көргенімен  тәрбие алады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Түсінген адамға бұл ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізді, дініміз бен тілімізді қадірлеуге жетелейтін кең ұғым.

Қазақ халқы баласын қашанда имандылық пен инабаттылық, адалдық пен шыншылдық, обал мен сауап сияқты адамгершілік құндылықтармен тәрбиелеген. Біреудің ала жібін аттамау, арыңды жасынан сақтау, ұрлық жасамау,  өтірік айтпау сияқты адамгершілік нормасын жас буынның бойына сіңіріп өсірген.

Отбасының тәрбиесі мықты болса ол баладан діни фанат шығуы екіталай. Отбасының берік қамалын ешқандай жат пиғыл бұза алмайды. Саналы ұрпақ өзі сараптап, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің өлшемін біледі.

Қазіргі қоғамда толық отбасының азайып бара жатқаны қынжылтады. Жартылай отбасында өскен, өзіне сенімсіз, болашағына сенімсіз, әлсіз жастарды  жат ағым өкілдері құрығына оңай түсіреді. Кез  келген жат ағымға тән нәрсе: жамағатының, өз пікірлестерінің көбейгенін қалайды. Жамағатының санын көбейту үшін олар аянып қалмайды.  Осы орайда өз пайдаларына шешілетін көптеген әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Әлеуметтік көмектер беріп, тегін киім-кешек, азық-түлік таратып баурайды. Адамға тән қасиет, тегін, ақысыз деген нәрсеге тез қызығады.  Тегін екен деген нәрсенің буымен елігіп,  адасып кеткенін аңғармай қалады. Осылай құрыққа ілінген жасөспірім арқылы оның ата-анасы мен тума-туысына қол сала бастайды. Жасөспірім, ата-анасына  қарсы шығып, агрессиялық мінез-құлыққа бой алдырады. Өз баласын көндіре алмаған ата-ана, баласын сыртқа итеріп тастайды. Жалғыз қалған ата-ананың қамқорлығынан қол үзген баламен жат пиғылдыларға жұмыс жасау оңайға түседі.

Осы орайда психологиялық тұрғыда жат ағымға еліктеп жүрген балаңызбен ашық сұхбаттасуды ұсынар едім. Алайда, баланың ашу-ызасын тудырып, айыптамаңыз. Өз діни сауатыңыз жетпей тұрса, білікті маманның кеңесіне жүгініңіз. Балаңызды мұқият тыңдай біліңіз. Оңтайлы қарым-қатынас жасау үшін, тыңдай білу өте маңызды.

Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, балаңыздың жан дүниесіне үңілуді ұмытпаңыз. Баланы материалдық жағдайын қамтып, қымбат смартфон, қымбат киім әперумен  шектелмей, рухани азықты да ұмытпаған жөн.

Жастардың барлығы ұялы телефонға үңіледі. Осы орайда жүйесіз, сүзгісіз келген ақпаратпен құлақтануда. Жастардың үйретуші ұстазы – әлеуметтік желілер.

Жат ағымдарға жастардың кіру себебіне – кедейлік, әлеуметтік жағынан жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық сынды мәселелер кіреді. Сонымен қатар, қоршаған ортада өз орнын таппаған, достары жоқ, өзіне сенімсіз тұлғалар да кіреді. Бастысы - діни сауатсыздықтың салдары.

Қазақтың  «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген дана сөзінің мағанасы терең. Адасқандарды  қайтып үйіріне қосу мақсатында, дін саласында, аянбай еңбек етіп жүрген теолог, психологтардың еңбегі зор. Бір күнде түсіндіріп, райынан қайтару деген оңай іс емес әрине. Бұл - күрделі, ұзақ жүретін процесс, бұл - санамен жұмыс.

Теріс діни ағымдардың идеологиясына тосқауыл қою мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғаса  бермек. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыздан, қазақы болмысымыздан ажырамауымыз керек.

Ұлттық дәстүрді тәжірибемізде молынан пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдыруымыз керек. Жат ағымға келсек, жеке адамды ұлттық құндылығынан, салт-дәстүрінен, қоғамнан бөліп алып, рухани жағынан ел болмысынан ажыратып жіберуді көздейді.  Бұндай жағдайда адам санасындағы ұлттық құндылық жойылып, еліне, жеріне, тарихына деген көзқарасы түбегейлі өзгереді.

Қазақ басынан қандай қиыншылық өтсе де, діни сана, діни білім оларды сақтап қалды. Қуғын сүргін көрсе де, ашаршылық көрсе де тарихта ата-бабаларымыз дінге арқа сүйеді. Қиын қыстау кезеңде медреселер ашып, мешіт салып, болашақ ұрпақтың қамын жасады, ел мүддесіне қызмет жасайтын жастарды тәрбиелеп шығарды. Осының бәрі, қазақтың діни санасының, түсінігінің  терең болғанының айғағы.

Қазіргі діни фанатизмге бой алдырған жастардың санасының уланып, салт – дәстүрді жоққа шығаруы  жүректі сыздатады.  «Дінде жоқ» деген желеумен салт-дәстүрді теріске шығаруы өкінішті. Сондықтан, ұлттық санамызды сақтайық, ағайын!

Ұлттық сана сақталған жерде діни сана дұрыс қалыптасады. Діни сана дұрыс қалыптасқан жерде діни фанатизмге, адасушыларға, теріс пиғылдыларға жол жоқ. Ел ертеңі жастардың қолында, жас ұрпақтың сауатты болуына, тарихын, салт –дәстүрін құрметтеуіне ел болып ұйысып еңбек етейік. Ата-бабаларымыз қазақ елін, салт-дәстүрін, тілін, дінін көзінің қарашығындай сақтап, бізге калай аманаттаса, келешекке кіршіксіз таза күйінде жеткізу бүгінгі ұрпақ қолында екенін сезінейік!

 

   Салтанат НҰРБЕКОВА,

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы»  қоғамдық қорының психологы. 

Жоғарыға