Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жетімдер елге аманат

Әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға мақтау-мадақтар болсын, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) оның отбасына және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

   Жетім сөзінің тілдік және шарғи мағынасы: әкесінен айрылған, балиғатқа жетпеген бала не қыз дегенді білдіреді. Жетім сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық» дегенді білдіреді. Яғни, жетім деп асырап, бағатын әкесінен айрылып, жалғызсырауына байланысты солай аталынған. 

Алайда Ислам діні барлық әлсіздерге қамқор болғаны секілді оған да қорған болды. Асыл дініміз жетімдерге жақсылық жасауға нұсқап, оларды жәбірлеуден тыяды, оған жамандық жасап, оның құқықтарын бұзғандарды тозақ азабына тап болатындықтарымен қорқытады. 

Алла Тағала Құран Кәрімде жетімдерге қаталдықпен танытып, оларға жақсы қарамайтын, мүдделерін қорғамайтын жандарды қатаң түрде сөгіп былай дейді: 

كَلَّا بَل لَّا تُكْرِمُونَ الْيَتِيمَ      

«Жоқ, олай емес. Сендер жетімге жақсылық қылмайсыңдар» (Фәжір, 17).

 أَرَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ * فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ 

«Дінді өтірікке шығарғанды көрмейсің бе? Жетімді қақпайлаған, міне, сол» (Мағұн, 1,2). 

Сондай-ақ, Ислам діні жетімнің мал-мүлкіне жақсы қарап, оның құқығына қол сұқпауды міндеттеді. Дәрменсіздің мал-мүлкін жалған жолмен пайдаланып, аманатқа қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды. Жетімнің өкіліне оның мал-мүлкін аман сақтап, есейген шағында өзіне тапсыруға бұйырды. Құран Кәрімде жетімді қорғау туралы көптеген аяттар бар. Алла Тағала былай дейді: 

وَآتُواْ الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُواْ الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوباً كَبِيراً «Сондай-ақ, жетімдерге мал-мүліктерін беріңдер, жақсыны ласпен алмастырмаңдар, олардың малдарын өздеріңнің малдарыңа қосып жемеңдер. Расында ол үлкен күнә» (Ниса, 2); 

وَابْتَلُواْ الْيَتَامَى حَتَّىَ إِذَا بَلَغُواْ النِّكَاحَ فَإِنْ آنَسْتُم مِّنْهُمْ رُشْداً فَادْفَعُواْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَأْكُلُوهَا إِسْرَافاً وَبِدَاراً أَن يَكْبَرُواْ وَمَن كَانَ غَنِيّاً فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَن كَانَ فَقِيراً فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ فَإِذَا دَفَعْتُمْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ فَأَشْهِدُواْ عَلَيْهِمْ وَكَفَى بِاللّهِ حَسِيباً 

«Жетімдерді үйлену жасына жеткенше сынаңдар. Егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, малдарын өздеріне тапсырыңдар. Олар есейгенше мал-мүліктерін ысыраптықпен асығыс жемеңдер. Кім бай болса, тартынсын, ал кім кедей болса, әділдікпен жесін. Қашан оларға малдарын тапсырған кезде куәгерлер келтіріңдер. Алла есепшілікке жеткілікті» (Ниса, 6). Егер жетімнің мал-мүлкін қадағалаушы не оның өкілі өте жарлы адам болса, еңбегінің ақысына оның малынан пайдалануына рұқсат етіледі. Ал егер ол шектен шығып, ысырап қылатын болса, онда Қиямет күні оның қарны жалындаған тозақ отына толтырылады.

Жетімдерді асырап алып, оларға жақсы қарайтын жанұя ең ізгі, ең қайырлы жанұя болып есептеледі. Ол турасында  мынадай хадис бар. 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:»خَيْرُ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُحْسَنُ إلَيْهِ، وَشَرُّ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُسَاءُ إلَيْهِ«. رَوَاهُ ابْنُ مَاجَهْ.

 Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Мұсылмандардың үйлерінің ең қайырлысы жақсы қаралатын жетімі бар үй. Ал мұсылмандардың үйлерінің ең жаманы жәбірленетін жетімі бар үй». Ибн Мәже риуаят еткен. Алла Тағала бізді жетім-жесірді жебеп, бір-біріне жақсылық қылатын шынайы мұсылмандардан етсін! Жетімдерге зәредей жәбір көрсетуден сақтасын!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоғамдағы жабырқау көңілділерге деген қоғамдық міндеттердің дұрыс орындалуын табандылықпен ұсынатынды. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жетімнің басынан тек Алла үшін сипаған жанға оның қолы тиген әрбір тал шашы үшін жақсылық жазылады. Өзіндегі жетім қызға немесе жетім балаға жақсылық қылған жан және Мен жәннатта мынадай боламыз», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. 

 Жүрегінің қаттылығынан мазасызданған бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, өз хәлінен шағымданды. Алла Елшісі (с.ғ.с) оған ем ретінде: «Егер, жүрегің жұмсарсын десең, кедейлерді тойғыз, жетімнің басын сипа!», – деп өсиет айтты.

       «Жетімдік» Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге жетім болып келуінің арқасында бұл дүние мен о дүниеде абырой мен ұлы мәртебеге бөленді. Ақын Мехмед Аслан мына өлең шумақтарында жетімнің жайын былай  суреттеген:

                Жетімнің иесі Алла,

                Жетімді ренжіту күнә

                 Жетімді әлсіз деп ойлама,

                 Жетімнің көз-жасы – қару!

Сондықтан да  жетімдерге қамқорлық жасау әр саналы мұсылман жанның міндеті болса керек.

Арман ИСАЕВ,

 «Жылыой мұсылмандар» орталық   мешітінің бас имамы. 

Жоғарыға