Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Дін және жастар

Жас ұрпақ – елдің тірегі, қоғамның болашақ қайраткері, еліміздің үміті. Бүгінгі жастар жақсылыққа асық, жамандықтан қашық болуға тәрбиелейтін құндылықтарға, имандылыққа жол сілтейтін бағыт-бағдарға өте мұқтаж. Осы орайда ұрпақтың адам болып қалыптасуында діннің рөлі ерекше. 

Дегенмен, қазіргі таңда дінмен байланыстының барлығы жағымды іс-әрекеттерімен көріне бермейді, өкінішке орай, мемлекетте орнатылған қағидаларға қарсы келетіндер де, кейбір дінге сенушілердің ел алдындағы борышын атқарудан бас тартушылар да кездесіп жатады. Қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын алып, бүгінде ел арасына іріткі салып жүрген жастар да аз емес. 

Бүгінгі таңда ел арасында үлкен мәселе туғызып, елді алаңдатып отырған жағдайдың бірі – түрлі діни ағымдардың мемлекетімізге еніп, жастарымыздың санасын улауы. Дүние жүзінде көп дінділік белең алып, кеңінен таралуы, уақыт өткен сайын олардың дамып, тіпті халықаралық қарым-қатынастардың күрделенуіне, қантөгістер мен қарулы қақтығыстарға соқтыруда. Өз діндерінің үстемдігін орнату мақсатында жеке тұлғалардың діни наным-сеніміне нұқсан келтіріп, мемлекет ішінде іріткі салып, тыныштықты бұзуда, елдің тұрақтылығына қауіп төндіруде. 

Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға айрықша көңіл бөлуі өте маңызды.Жас ұрпақты тәрбиелеуде тек ата-аналар ғана емес, сонымен қатар жалпы білім беретін, орта арнайы және жоғары оқу орындарының да рөлі ерекше екенін, елдің болашағы алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. 

Елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек,  келешегіміздің кемел болуы үшін жас ұрпақтың бойындағы діни, рухани және моральдық құндылықтарды арттыруымыз қажет. 

Мемлекет халықты  қылмыс жасаудан заң арқылы тоқтатса да, ол түгелімен тосқауыл бола алмайды. Тек діни, рухани-адамгершілік негізінде тәрбие көрген адам ғана еліне, халқына шынайы еңбек ете алады. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, еркін өзіндік сыни ойлау дағдысын, рухани мәдениетті қалыптастырады. Арнайы діни білімнің болмауы қылмысқа, ұлтаралық алауыздыққа, экстремизмге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. 

Мұндай жағдайда ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім деңгейін көтеру керек. 

Ең алдымен, әрбір адамның бойында болуы қажет ең асыл қасиет – Алладан қорқу. Құдайдан қорыққан ғана өзін жат қылықтардан аулақ ұстайды. Содан соң, осы дүниеге келуіне себеп болған ата-анаға жақсылық жасау. Осындай Ислам құндылықтарын бойына сіңіре өскен ұрпақ жастық шағын пайдалы ғылымға арнайды, өзін-өзі дамытады, тәрбиелейді, мінезін көркемдейді, келешекке бағыт белгілейді. 

Адам өміріндегі мүмкіндігі зор, күш-қайраты асып тұрған жастық шағындағы мүмкіндіктерін жіберіп алмай, дер кезінде, ізгілікке, адамзаттың екі дүниесіне қайыры тиетін істерге жұмсаса, еш өкінбесі анық. 

Жастық шақ күш-жігердің толы болатын, өмірінің ең жалынды кезеңі болғандықтан, жастар көбіне өткінші қызықтарға, бос істерге уақытын өткізіп алады. Осы орайда, баға жетпес ұлы құндылық – уақыттың қадірін түсініп, пайдалы білім алған жөн. Жастық шақ қайта келмейді, сондықтан    уақытты ұтымды пайдаланған адам болашақта үлкен жетістіктерге жетеді. Сондықтан жастарымыз алтын уақыттарын озық білім алуға жұмсап, өз істерінің нағыз маманы болуға ұмтылуы тиіс. Дінімізде білім алудың қаншалықты маңызды екенін айтатын болсақ, Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Пайғамбарымыз (салла Аллаһу алейхи уә сәллам) хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадистерінде былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді. Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді [Тирмизи риуаяты]». 

Бұл хадисте ғылым иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже. 

Рухани азғындаған елін жастығына қарамастан адамгершілікке, рухани тазалыққа шақырған, ар-намысын қорғап, жас өмірлерін шынайы сенім қалыптастыруға арнаған пайғамбарларды, надандық қараңғылығына батып, арсыздық жайлаған дәуірде адамзатқа рақымдылық ретінде жіберілген соңғы Мұхаммед (салла Аллаһу алейхи уә сәллам) пайғамбарды, Алланың жәрдемінен кейін айналасына жиналған жалынды жас сахабаларды кез-келген жас ұрпақ өзіне үлгі етіп, сондай ұлы адамдардың, ғұламалардың өмірінен сабақ алуы тиіс. 

Осы орайда, жастарымыз дін мәселесінде ұстазды үлкен сақтықпен таңдап, кез-келген әрекетінің өзіне және туған-туыстарына ғана емес, бүкіл елге ықпал ететінін түсініп, әрбір іс-әрекеттерін саналы түрде жасауы қажет. Жастарымыз асыл дініміздің – адамзатты ынтымаққа, өзара түсіністікке, бір-біріне деген сүйіспеншілікке бастайтындығы, сондай-ақ Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінің басым көпшілігі бірлік пен бауырмалдыққа шақыратындығын білгендері жөн. 

Қорыта келгенде, бейбітшілік пен тыныштық ислам дінінің басты ұстанымы екенін ескере отырып,  қазақ жастары еліміздегі ауызбіршілікті сақтап, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жат ағымдардан аулақ жүруге, ата- ананы қадірлеуге, рухани ізгілікті, жаңару заманына лайықты, өзін-өзі басқара алатын жан-жақты тұлға болып қалыптасуға, білім мен танымдық қабілеттерін арттыруға асығуы тиіс. Еліміздің әрбір азаматы ұлтымыздың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етеді деген үміттемін. 

 

 Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,  

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы,  Атырау қаласы.  

Жоғарыға