Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Пайғамбар (с.ғ.с) қиған неке

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Шифа атты әйел сахаба өмір сүріпті. Ол өзінің діндарлығы, білімділігі мен көріктілігіне қызығып үйленуге ұсыныс тастағандардың кесе-кесе алтын, керуен-керуен түйелерінің ешбірін қабыл етпей, кері қайтарады.

      Бір күні Шифа Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп:

       – Уа, Алланың Елшісі! Алла ризалығын алу үшін маған қандай амал жасауға кеңес бересіз? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

       – Бойдақ жанның иманы бүтін емес. Сен отбасын құр, иманың кемелденсін, – дейді. Сонда Шифа:

–       Мен тек Алланың ризалығын алу үшін тұрмысқа шығамын. Маған жар болатын кісіні сіздің таңдап бергеніңізді қалаймын, – дейді.

      Сол кезде Шифадан дәмелі қаншама кісі үміттеніп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузына қарады. Сонда Адамзаттың Ардақтысы (с.ғ.с.):

       – Ендеше таң намазына алғаш болып келген кісімен некелестіремін, – деді.

       Сахабалардың арасында Сухайф атты кедей кісі болатын. Оның Шифадан мүлдем үміті жоқ еді. Қаншама бақуатты кісінің қолы жетпей жүрген қызда қайдан үміті болсын.

        Алайда, Алланың құдіретімен таң намазы уақытында қыздан  дәмелілердің бәрі ұйқыға кетіп, мешітке бірінші болып Сухайф келеді.

       Алла Елшісі (с.ғ.с.) екеуін некелестіру барысында:

       – Сухайф, мәһрге не бересің? – деп сұрады. Шифа ақырын ғана: «Мынаны алыңыз, маған осыны мәһр ретінде берсеңіз жеткілікті», – деп, бір кесе әшекей ұсынды. Некелерін қиып, үйге келгесін Сухайф әйеліне: «Сендей жанға жолыққаныма дән ризамын. Неке түнімізді толығымен құлшылыққа арнайық», – деп, екеуі таң атқанша құлшылық жасайды.

       Сухайф бесін намазына келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күлімсіреп:

       – Алла сендердің құлшылықтарыңды қабыл етті. Сонымен қатар күнәдан да пәк етті! – деп сүйінші хабар жеткізгенінде:

       – Уа, Алланың Елшісі! Маған дұға жасауыңызды өтінемін. Мен күнәдан пәк күйде Алламен қауышқым келеді – дегені сол еді, сылқ ете түсті. Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таңырқап тұрған өзге сахабаларға қарап: «Қазір ғана Шифа да үйінде жан тәсілім етті» – деді.

       Осылайша, мүбәрак Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) некелестірген жұбы күнәдан пәк күйде Алламен қауышыпты.

 Мұнархан АЛИМОВ,

       "Дина" ЖШС намазханасының молдасы.

Жоғарыға