Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Отан – оттан да ыстық

Отан – оттан да ыстық

Отанды сүю – қоғам қауіпсіздігін, тұтастығын сақтау.

Қоғамның бірлігі, әлеуметтің бір сөзділігі Отанның қуаттылығының жарқын белгісі болып табылады. Жаратқан Ие бізді бір-бірімізбен тату болуға бұйырады. Ағайынның алтыбақан алауыз болмай, айрандай ұйыған ауызбірлікті болуына үндейді.

Алла Тағала былай дейді: «Аллаға және Оның Елшісіне бойсұныңдар, дауласпаңдар! Олай етсеңдер, бірліктерің кетеді. Сабыр етіңдер, Алла сабырлылармен бірге!» (Әнфал, 46-аят).

Мысалы, өзіне қатысы жоқ істер туралы, саясат туралы, жеке бір тұлғалар туралы негізі жоқ әңгімелерді айту, ел арасында күдік-күмәнді көбейтетін қауесеттер тарату исі мұсылманға жат қылық.

Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың елшісі былай деген: «Адамның мұсылманшылығының көркем белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы».( Тирмизи хадистер жинағы)

Мұсылман баласы қоғамның қауіпсіздігі, елдің игілігі үшін бір жақсылық жасай алмаса, онда бір зиян тигізбегенінің өзі жақсылыққа жатады.

Бұхари мен Мүслім жеткізген риуаятта ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарға : «Уа, Алланың Елшісі! Егер жақсылық жасай алмайтындай болсам не істеймін?» − деп сұрадым. Сонда ол (с.а.с.): «Адамдарға еш жамандық қылмауға тырыс. Расында, солай етуің өз-өзіңе берген садақа», − деді».

Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бір

Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Қазірде елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар, мемлекетшіл мұсылмандар қажет.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Себебі ынтымақты, иманды елді жау ала алмайды.

Алла Тағала былай дейді: «Алланың жібінен (дінінен) түгел ұстаңдар да, бөлінбеңдер!» (Әли Имран, 103-аят).

Біздің Отанымыз – Қазақстан

 Қазақстан елде тұратын 17 миллионнан астам адамның отаны. Сырт елдерде жүрген 5 миллиондай қазақтың жалғыз Отаны. Одан басқа Отан жоқ.

Еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, ал мұсылман әлемінде ең үлкен аумақты мемлекет. Ислам әлемінің солтүстік және шығыс шекарасы Қазақстанмен аяқталады. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың, бірнеше конфессиялардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл біздегі биліктің жүргізіп отырған дұрыс саясаттың нәтижесі.

Отан бізге не берді емес, біз Отанға не бердік

 Біз ортақ үйіміз, Отанымыз – Қазақстан үшін, еліміздің бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Мемлекет бізге не береді деп емес, біз осы елдің дамуы үшін не істей аламыз деп жұмыс жүргізуіміз қажет.

Отанды қорғау – құрметті парыз

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Алланың елшісі : «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген. (Тирмизи хадистер жинағы)

Отанымыз - біздің алтын шаңырағымыз. Әрдайым шаңырағымыз биік бола берсін! Алла отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жеткізе бергей! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

 

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға