Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Азанның ерекшелігі

Асыл да ардақты ислам дініміздің нышандарының бірі - ол азан. Азан басқа діндердің ешқайсысында кездеспейтін ерекше мұғжиза.

Ерте заманнан ислам дінімен қуаттанған халқымыз да азаннның қасиетін ұғына білген. Ата салтымызда да азанмен байланысты салт-жоралғылар кездеседі. Мәселен, бала туылғаннан кейін азан шақырып атын қою дәстүрі бүгінге дейін ескірмей келе жатыр. Азанның шығу тарихы да ерекше баяндалады.

Құрметті сахабалар мен ардақты пайғамбарымыздан қалған ұлы мұра азанның тарихында мынадай оқиға бар. Алғашқы ислам діні жайыла бастағанда тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болғандардың саны көбейген еді. Осы тұста жамағатты намазға шақыру жайында Пайғамбарымыз сахабалармен кеңесе бастайды. Әркім әр түрлі ұсыныстар айтып жатырған еді. Кейбір сахабалар христиандар сияқты қоңырау шалуды ұсынса, енді біреулер еврейлер тәрізді сырнай тартуды алға тартты. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер сияқты, намаз уақыты кіргенде от жағуды еске алғандар да болды.

Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

Сол кезде Омар (Алла оған разы болсын) сөз алып:
– Пайғамбарым, халықты намазға шақыру үшін неге бір адам тағайындамасқа? – деген ұсынысты алға тартты. Осыны орынды көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) Хазреті Біләлге бұрылып:

– Тұр, Біләл, намазға шақырып, халыққа жар сал! – деп әмір етті. Мұны естіген Біләл біраз уақытқа дейін Мәдинә көшелерін аралап: «Әс-салаһ, әс-салаһ (Намазға асығыңдар, намазға асығыңдар)» деп жар салып жүрді. Бірақ, бұл да жеткіліксіз еді. Осыдан көп ұзамай, Абдуллаһ бин Зәйдатты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Абдуллаһ (Алла оған разы болсын) таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтып береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тыңдап болып, азанды сол қалпында айтуды лайық көреді де, Абдуллаһқа (Алла оған разы болсын) көрген түсін халыққа айтып, азан сөздерін Хазіреті Біләлға үйретуді бұйырады.

Осыдан кейін, Біләл (Алла оған разы болсын) өзінің зор даусымен азан айтып, Мәдинәні жаңғырта бастайды. Мәдинәні жаңғырықтқан азанды естіген Хазіреті Омар сол арада пайғамбарымыздың қасына келіп мән-жайды білген соң былай дейді:

– Пайғамбарым, сені хақ дініңмен елші қылып жіберген Аллаға ант етейін, Абдуллаһтың көрген түсін мен де көрдім. Пайғамбарымыз екі кісінің бірдей түсті көргеніне Аллаға шүкір етті. Сол түні 7 сахабаның дәл сондай түс көргендігі деп айтылады. Сөйтіп, азанның дәл сол қалпында айтылуы керектігіне еш күмән қалмайды. Исламның соншалық табиғи, таза дін екендігін осы азаннан да білуге болады. Жансыз, мағынасыз, сезімсіз бір қоңырау шалу немесе сырнай тарту, от жағу сияқтылардың ешқайсысы азанмен теңестіріле алмасы анық.

Осылайша, азанның пайда болуы ислам дінінің тұғыры биік дін екендігін тағы бір дәлелдеп тастаған еді. Содан бері азанның жағымды әрі, қоңыр үні жер дүниені жаңғыртып Алланың ұлықтығын айғақтап келеді.

Самат КҮБІРБАЕВ,

Доссор мұсылмандар мешітінің азаншысы.                            

Жоғарыға