Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Періштелерге иман

Періштелерге  иман

Періштелердің  ерекшелігі неде? Періштелер  нұрдан  жаратылғандықтан, сол  жаратылысына  тән  өзіндік  ерекшеліктерге  ие. Олардың  бұл  ерекшеліктерін  төмендегідей  реттілікпен  жүйелеп  көрсетуге  болады.

1.Періштелер  нұрдан  жаратылған  көзге  көрінбейтін  тіршілік  иесі. Олар  ішу, жеу, жынысқа  бөліну, үйлену, ұйықтау, шаршау, жалығу, жас, кәрі  болып  болып  бөлінуі  секілді  ісінде  ешқандай  шаршау  дегенді  білмейді.  24  сағаттың  ішінде  толассыз  құлшылық  ете  береді.  Құранда  бұл  жайында: «Көктер  мен  жердегілер  Алланікі. Оның  қасындағылар  Оған  құлшылық  қылудан  дандайсымайды  да  шаршамайды. Олар  күндіз-түні        Алланы  дәріптеуден (тасбих  айтудан) жалықпайды» (Әнбия, 19-20)-дейді.

«Сөз  жоқ,  періштелерді  әйел  жынысы  дейтіндер – ақыретке  сенбейтіндер. Бұл  сөздерінде  ешқандай  негіз  жоқ, тек  құрғақ  қиялға  сүйенеді,  ал  құр  болжам  ештеңеге  тұрмайды» (53. Нәжм, 27-28).

Періштелер  Аллаға  ешқашан  қарсы  келмейді. Тек  Алланың  әмірлерін  бұлжытпай  орындайды  да, қандай  мақсат  үшін  жаратылған  болса, соны  ғана  істейді. Үнемі  Алланы  дәріптеумен, мадақтаумен, тасбих  айтумен  болады. Періштелердің  бұл  кейпін  Құран  аяттары  анық  түрде  біздерге  анық  білдіреді. Аяттарда  былай  дейді:

«Өздерінен  үстем  болған  Раббыларынан  қорқады. Әрі  берілген    бұйрықтарды  орындайды»  (16.Нахл-50).

«Сонда  олар: «Алланың  баласы  бар»  деді. Алла  одан  пәк. Олай  емес, періштелер  ардақты  құлдары. Олар  одан  оза  сөз  сөйлемейді. Сондай-ақ  олар   Оның  әмірін  ғана  орындайды»  (21.Әнбия, 26-27).

«(Мұхаммед  (с.ғ.с.)  періштелерді  ғаршының  айналасында  Раббыларын  дәріптеген  түрде  көресің» (39.Зумар-75).

«Періштелер  Алланың  өздеріне  берген  әмірлеріне  қарсы  келмейді. Не  бұйырса, соны  орындайды» (66.Тахрим-6).

Періштелер  қанатты  болғандықтан,  өте  жылдам  әрекет  етеді. Күш-  қуаттарының  молдығы  сондай, олардың  күші  жетпейтін  нәрсе  жоқ. Жылдамдықтары  біздің  қиялымызға  келмейтіндей өте  жылдам, аспан  мен  жерді  бір  сәт  ішінде  аралап  шығатындай  қабілетке  ие. Бірақ, олардың  аталмыш  ерекшеліктері  әркез  Алла  Тағаланың  рұқсатымен  ғана  жүзеге  асады. Осы  айтылған  ерекшеліктер  төмендегі  аяттан  да  белгілі  болып  отыр: «Көктерді жасаған  сондай-ақ  екі, үш  және  төрт  қанатты  періштелерді  елші  қылған  Аллаға  барлық  мақтау  лайық. Ол  жаратуда  қалағанын  арттырады. Күдіксіз  Алланың  әр  нәрсеге  толық  күші  жетуші» (35. Фатыр-1).

Аятта  періштелердің  қанаты  болатындығы  айтылады. Сондықтан  да,  мұсылман  кісі  үшін  періштелердің  қанаты  болатындығына  сену  парыз. Ал    періштелердің  қанатының  қандай  екендігін  оларды  жаратқан  Алла  Тағала  мен  періштені  өз  бейнесінде  көрген  пайғамбарлар  ғана  біледі. Періштелердің  қанаттарының  әр  түрлі  болуы  олардың  Алланың  әмірлерін  орындау  барысындағы  жылдамдығы  мен  Алла  құзырындағы  дәрежелеріне  байланысты.

«Көкті  төңіректеп  періштелер  ұшып  жүреді. Раббының  аршысын    сегіз  періште  (төбелеріне) көтеріп  тұрады»  (69.Хаққа -17).

Алланың  жаратқандарының  ішіндегі  ең  үлкені - Арш. Міне  осыншама  үлкен  нәрсені  қияметке  дейін  8  періште  көтеріп  жүретін  болса, олардың  қаншалықты  алып  екенін  және  де  орасан  күшке  ие  екенін  көзге  елестету  де, ойлау  да    мүмкін  емес.

Періштелер  әп-сәтте  өте  ұзақ  қашықтықтағы  бір  мекенге  барып-келу  қабілетіне  ие. Шамамен  айтсақ,  періштелердің  жылдамдығын  жарық  сәулесіне  теңеуге  болады. Мәселен, жарық  сәулесінің  жылдамдығы  1- секундта  300 000  шақырым  делік.  Сол  секілді  періштелер  де  1- секундта  300 000  шақырым, бәлкім  одан  да  жылдам  қозғалар. Ал,  жер  шарының  диаметрі  40 000  шақырым  екенін  ескерсек, періште  көзді  ашып- жұмғанша  жер  шарын  7  рет  айналу  қабілетіне  ие  болып  шығады. Дегенмен,  періштенің  көкке  шығуы, түсуі  адамдардың  әрекетіне  ұқсамайды. Олар  осыншама  жылдам  бола  тұрып, кейбір  мекенге  жету  үшін  бір  күндік  уақыт  жұмсайды: «Ол  жоғары  орынға  періштелер  және  Жәбірейл  бір  күнде  шығады.  Оның  қашықтығы  (жер  өлшемімен) 50 000  жылдық» (70. Мағариж-4).

Періштелер  Алланың  әмірі  мен  рұқсаты  бойынша  түрлі  бейнеге  өте  алады. Мәселен, Жәбірейіл  Пайғамбарымызға  (с.ғ.с.) уахи  әкелгенде  кейде  Дихя  есіміндегі  сахабаның  бейнесінде  келген. Сонымен  қоса, ешкім  танымайтын  өзге  де  кейіпке    келетін  кездері  де  болатын.  Құранның  мазмұндық  желісіне  сүйенсек,  періштелер  Алланың  әмірі  бойынша  адам  бейнесінде  Хазіреті  Мәриям  анаға,  Алла  Иса  Пайғамбарды  әкесіз  туылғандығын  білдіру  үшін  Жәбірейлді  адам  бейнесінде  жібереді: «(Мұхаммед (с.ғ.с)  Құрандағы  Мариямды  айтып  бер. Сол    уақытта  ол  тұрған  үйінің  шығыс  жағындағы  бір  орынға  некеленіп  барды. Сонда  олардың  бер  жағынан  шымылдық  ұстап  қойған  еді. Сондай-ақ  оған  рухымызды (Жәбірейілді) жібердік  те,  ол  оған  толық  адам  бейнесінде  көрінді. (Мәриям): «Егер сен  тақуа  болсаң  да, сенен  Аллаға  сыйынамын»,  деді. (Рух): «Мен  саған  бір  таза  бала  беруге  жіберілген  Раббыңның  Елшісімін» деді»  (19. Мәриям,16-19).

Ал,  Ибраһим  (а.с.)  Пайғамбарға  келген  періште  оған  ұлды  болғандығын  білдіріп  сүйіншіледі. Хазіреті  Ибраһим  Пайғамбар  әдепкіде  оларды    құдайы  қонаққа  балап,  ас  дайындайды. Аятта  бұл    мәселе  былайша  баян  етіледі:  «Расында  Елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге  хош  хабармен  сәлем  берді.  Ибраһим  олардың  сәлемін  алып,  содан  дереу  пісірілген  бұзау  әкелді. Ибраһим  олардың  қолдарын  оған  тигізбегенін  көріп, оларды  жатырқады  да  олардың  бұл  әрекетін  жақтырмады. Олар: Қорықпа! Расында  біз  Лұт  қауымына  жіберілдік» деді. (11. Худ, 69-70).

Періштелердің  ең  басты  ерекшелігі - олардың  көзге  көрінбейтіндігі. Періштелердің  көзге  көрінбеуі  қабілетіміздің  жетпейтіндігін  білдіреді. Егер,    Алла  бізге  толықтай  кәміл  көру  қабілетін  беретін  болса,  онда  біз  періштені  де, қала  берді  шайтанды  да  көрер едік. Бірақ,  бұл  Алланың  заңдылығына  үйлеспейді. Асылында, періштелерді  тек   пайғамбарлар  ғана  өз  бейнесінде  көре  алады.

Періштелер  ғайыпты  яғни  келешекті  білмейді. Себебі,  ғажайып  тек   Алла  Тағалаға  ғана  аян. Ал,  періштелердің   Алланың  үйреткен  нәрселерін  ғана  біле  алатындығы  аятта  анық  айтылған: «Алла  Адамға  (а.с.) атауларды  тегіс  үйретті  де  сонан  соң  оларды  періштелерге  көрсетіп: «Айтқандарың  рас  болса, Маған  осы  нәрселердің  аяттарын  айтып  беріңдер» деді. Періштелер: Сен  пәксің!  Біз  Сенің  үйреткеніңнен  басқа  білеріміз  жоқ. Әрине  Сен  толық  білуші, өте  данасың  деді» (2.Бақара, 31-32).

Ал, мына  аят  ғайыпты,  яғни  келешекті  Алладан  басқа  ешкімнің  білмейтіндігін  паш  етеді: «Ғайыптың  кілттері  Оның  жанында. Оны  Ол  өзі   ғана  біледі» (6.Анғам-59). «Көктер  мен  жердегі  көместі  (ғайыпты)  Алладан   басқа  ешкім  білмейді» (27.Нәмл-65)

Періштелердің  қызметтері:  Әрине, періште  мәселесі  айтылған  жерде  еріксіз: «Періштелердің  саны  бар  ма  екен?» деген  сауалдың  туындауы  заңды. Асылында  періштелердің  саны  жайлы  аят  пен  хадисте  ешқандай  мәлімет  жоқ.  Бірақ, олардың  саны   өте  көп  екендігі  басы  ашық  мәселе.  Ғалымдарымыздың  айтуы  бойынша,  періштелердің  көптігі  соншалық, әрбір  жер  бетіне  түскен  жаңбыр  мен  қар  түйіршіктерінің  жеке-жеке  өз  періштелері  болады. Енді  осыдан-ақ  олардың  сансыз  көптігі  тұрғысында  қорытынды  шығаруға  әбден  болар. Асылында, біз  үшін  санынан  гөрі, олардың  барлығына  деген  сенімнің  мол  болғаны  абзал.

Алла  Тағала  періштелерді  жаратқаннан  соң  оларға  түрлі  қызметтер  жүктеген. Ол  қызметтерді  жердегі, көктегі  және  арштағы  деп  үш  топқа    қарастыруға  болады. Осы  жіктемеге  сай  періштелердің  өзін де  төмендегідей  реттілікпен  сипаттап  шығамыз:

1.Жәбірейіл: Пайғамбарларға  уахи  мен  қасиетті  кітаптарды  әкелуші   ең  үлкен  періштелердің  бірі. Жәбірейіл  сөзінің  мағынасы  негізінен  «Алланың  құлы, Алланың  күші»  деген  ұғымға  саяды. Олай  болса,  Жәбірейілді  ең  ұлы  мақамның төріндегі  періште  ретінде  танимыз. Келтірілген  аятта  осыны  растайды. «Негізінен  Құран  әрине, бір  ардақты  Елшінің  сөзі. Ол   күшті  Елші, Ғаршының  иесінің  қасында  беделді» (81.Такуир, 19-20).

Құран  Кәрімнен  Жәбірейіл  періштенің  бірнеше  атының  бар  екендігін  көреміз. Мысалы: «Рухул  қудс» (2. Бақара 87;  16. Нахыл 102),  «Рух»            (19. Мәриям-17;  97. Қадыр-4),  «Расули  Карим»  (81.Такуир-19), «Жибрил»  (2.Бақара-97;  66.Тахрим-4)  және  «Рухул  Әмин»  (26.Шуғара-193).

Жәбірейіл  періште  періштелердің  ең  ұлығы,  ең  үлкені  және  Алла    Тағалаға  ең  жақыны.  Ол  «Сәйидул-Мәләикә»  (періштелердің  құрметтісі)  деген  абыройлы  есіммен  аталады.

2.Микайл: Төрт  үлкен  періштенің  бірі.  Микайлдің  (а.с.)  қызметі  жер  бетіндегі  мақлұқтар  мен  тіршілік  атаулының  ырыс-несібесі  мен  ауру, шипа, рахмет, берекет  секілді  жайттарды  адамдарға  жеткізу.

3.Исрафил: Исрафилдің  (а.с.)  қызметі  сүрді  бірінші  үрлегенде  аспан  мен  жердегі  бүкіл  тіршілік  атаулы  қиямет  қайымның  басталуымен  тіршілігін  тоқтатады, яғни  өледі. Ал,  екінші  рет  үлгергенде  қайта  тіріліп, қабірлерінен  шығады  да  махшар  алаңына  жиналады.

4.Әзірейіл: Үлкен  періштелердің  төртіншісі  Әзірейілдің  қызметі  тіршілік  атаулының  жанын  алу. Сондықтан,  оны  «Мәләкул-маут-өлім  періштесі»  деп  атайды.

5.Киромән  катибин: әрбір  адамның  бұл  дүниеде  істеген  ісін  айна  қатесіз  жазып  отыратын  періштеге  берілген  есім.  Бірі - пенденің  (оң  жағында)  жақсылығын  жазса,  екіншісі  (сол  жағындағысы)  жамандығын  жазады. Адамның  жасаған титтей  жақсылығы  мен  жамандықтары  түгелімен      осы  екі  ардақты  періште  арқылы  жазылып, ақыретте  әрбір  жанның  амал   дәптерінде  сол  қалпында  алдымыздан  шықпақ: «Оның  оңынан  да,  солынан  да  екі  байқаушы  отырады. Аузынан  бір  сөз  шықса  болды, алдыңда  аңдушы  дайын» (50.Қоф, 17-18). «Негізінен  сендерге  әлбетте  бақылаушылар  бар. Ардақты  жазушылар  олар  не  істегендеріңді  біледі» (82.Инфитар, 10-12).

«Тегі  олар  өздерінің  ішкі  сырларын, сыбырларын,  біз  естімейді  деп   ойлайтын  шығар. Тіпті  де  солай  емес, біздің  елшілеріміз  (періштелеріміз) олардың  іс-әрекеттерінің  бәрін  жазып  тұрады» (43.Зухруф-80).

Адамдар  ақыретте  махшар  алаңына  барғанда, бұл  дүниеде  істеген     амалдардың  есебін  берместен  бұрын  амал  дәптері  тартылады. Бұл  дәптердегі  бүкіл  мәліметті  жазған  әлгі  екі  періште  болады. Сонда  адам  бұл  дүниеде  істеген  ісінің  бәрін  түгелімен  жіпке  тізгендей  жазылғанын көргенде, өміріне  селқос  қарағандар  мен  түрлі  деңгейдегі  күнәһар  пенделер    қатты  сасады: «Амал  дәптері  алдарына  қойылады. Сонда  күнәһарлардың  қорыққанын  көрсең. Олар: Ойпырм-ай!  Бізге  нендей  өкініш! Мына  кітапта    ештеңені  де,  тастамай  тегіс  түгендепті  дейді» (18.Кәһф-19).

6.Мункар  мен  накир: бұл  екі  періште  дүниеде  дәм  тұзы  бітіп,  қабірге  барған  адамнан  сұрақ  алу  қызметін  атқарады. Өлген  адам  қабірге  қойылған  соң   осы  екі  періште  оған  сұрақ  қояды. Сұралатын  сауалдар  негізінен: Раббың  кім? Пайғамбарың  кім? Дінің  не?  Және  т.б.  осы  тақырыптың   төңірегінде  болып  келеді. Дұрыс  жауап  бергенде - қабір  сыйы, бұрыс  жауап  бергенге - қабыр  азабы  беріледі.

7.Хамалай  арш: Алланың  жаратқан  нәрселерінің  ең  үлкені  Аршты  тасушы 8  періштеге  берілетін  есім. Бұлар  жайында  аятта  былай  дейді:         «Періште  көктің  айналасында  болады.  Сондай-ақ,  Раббыңның  Аршысын  сегіз  періште  үстеріне  көрсетеді»  (69.Хаққа-17). Бұл  сегіз  періштеден     басқа  көптеген  періштелер  арштың  айналасында  болатындығы  мына  аятта  айтылған: «Сондай  ғаршыны  көтерген және  оның  маңындағы  періштелер, Раббыларын  мақтаумен  дәріптейді. Оған  сенеді» (40.Ғафыр-7). Арштың  айналасындағы  періштелердің  нақты  санын  Алла  ғана  біледі.

8.Хафаза  періштелері: Әрбір  адамның  өзін  қорғаушы  періштелері      болады. Міне,  сол  періштелерді  хафаза  (қорғаушы)  періштелері  деп  атайды. Аятта: «Әркімнің  алдынан, артынан  Алланың  әмірі  бойынша, өкшелеп, қорғаушы  (періштелер)  бар» (13.Рағыд-11)-дейді.

Кейбір  деректер  бойынша,  әрбір  адамды  бақылап  жүретін  384  немесе  360  періште  болады. Бұның  мәнісі  адам  баласының  бүкіл  жаратылыс  ішіндегі  ең  кәміл, әрі   тамаша  етіп  жаратылған  тіршілік  иесі  екендігімен  байланысты.

Хадистерде  айтылғандай, 360   періште  әрбір  мүминді, әсіресе  қарттар  мен  сәбилерді  қорғап  жүреді  екен. Әлбетте,  осы  айтылған  360  періштенің  әрбірінің  өзіндік  міндеттері  бар. Адамға  тура  жолды  нұсқап, мумин   пенде  үшін  дұға  әрі  истиғфар  ететін, кәпірлердің  жүрегіне  үрей  салатын,    ғибадат, зікір  және  ілім  мәжілістеріне  қатысатын, таң  және  екінті  намаздарында  жамағатпен  бірге  сап  құратын, Құран  аяттары  мен  жұма  күндері  айтылған  салауаттарды  тыңдайтын, намаз  оқитын,  Әт-тахиятта  шахадат  сөзін  бірге  ілесіп  оқитын, мұсылмандармен  сәлемдесетін  т.б.  осындай      түрлі  қызметтерді  атқаратын  періштелер  бар.

Демек, 360  періште  бір  қарағанда  көп  болып  көрінгенімен, олардың  әрқайсысының  күнделікті  тұрмыс-тіршілігімізде  әлгіндей  түрлі  міндеттері  бар.

9.Жәннат  пен  жәһәннамды  бақылаушы  періштелер:  Жәннат  пен  жәһәннамды  арнайы  бақылаушы  періштелер болады. Жәннат  періштелерінің  саны  өте  көп. Олар  жаннатқа  кірген   мүминдерге  қызмет  етеді  және  олармен  бірге  болады.  Жәннат  нәсіп  болған  мүминдерге  аятта: «Сабыр  еткендерің  үшін  Алланың  есендігі  сендерге  болсын! Соңғы  жұрт  нендей  жақсы» (13.Рағыд-24)-деді. «Зумар  сүресінде де: Оларға  оның  сақшылары: Сендерге  сәлем,  қош  келдіңдер, жәннатқа  мәңгі  қалатын  түрде  кіріңдер  деді» (39.Зумар-73)  деген  айқын, сүйіншіге  бергісіз  мағлұматтар  бар. Жәннаттағы  періштелердің  басшысын «Ридуан» деп  атайды.

Ал,  жаһаннамдағы  забани  періштелер  кәпірлерді  азаптау  қызметімен  айналысады. Олардың  арасындағы  басшыларын  «Малик»  деп  атайды.     Құранда  жәһәннам  періштелерінің  қызметтері  жайлы  аятта  жеткілікті: «Әй,  мүминдер! Өздеріңді  әрі  үй-іштеріңді  отыны  мен  адамдар  мен  тастардан  болған  оттан  қорғаңдар.  Оның  басындағы  періштелер  ірі  денелі, қатал. Олар  Алланың  өздеріне  берген  әмірлеріне  қарсы  келмейді. Не  бұйырса, соны  орындайды» (66.Тахрим-6).

«Ол  тозақтың  не  екенін  сен  білесің  бе? Кейін  қалдырмайды  да  шала  тастамайды. Ол  адам    терісін  өртеп  кетеді. Оған  он  тоғыз  (періште)  қарайды. Тозақтың  күзетшілерін  періштелерден  ғана  тағайындадық. Кәпірлерді  сынау  мақсатымен  олардың  санын  дәл  белгіледік» (74.Муддасир, 27-31).

Жәһәннам  періштелері  тозаққа  кірген  кәпірді  сұрақтың  астына  алатыны  Құран  Кәрімде  былайша  баян  етіледі: «Қарсы  келгендер  топ-топ    тозаққа  айдалады. Сондай-ақ  оған  барғандарыңда, оның  есіктері ашылады. Оларға  оның  күзетшілері: Сендерге  іштеріңнен  өздеріңе  Раббыларыңның  аяттарын   оқитын  және  бұл  күнге  жолығатындарыңды  ескертетін  елшілер  келді  ме? –дейді. Олар: Әрине, келді. Бірақ  азап  үкімі  қарсы  болушыларға  шындыққа  айналды  дейді» (39. Зумар-71).

10.Муқаррабун: Алла  Тағалаға  ең  жақын, әрі  ең  ұлық  періштелердің  есімі. Олар  жайында  аят  былай  дейді: «Иса  да,  Аллаға  жақын  періштелер  де  Аллаға  құл  болудан  әсте  арланбайды» (4.Ниса-172).

11.Адамның  жүрегіне  ақиқат  пен  шындықты  толтырып, кейін  өзіне  аян  беретін  періштелердің  бар  екендігін  Хазіреті  Пайғамбарымыз  бір  хадисінде  айтып  өтеді: «Адам  баласына  әрі  шайтанның  азғыруы, әрі  періштенің  аяны  бар.  Шайтанның  азғыруы  жамандықпен  қорқытып, шындықты  өтірік  ету. Періштенің  аяны  жақсылықты  өсиет    ету  мен  шындықты  растау. Ішкі  дүниесінде  осындай  бір  нәрсе  сезген  кісі, оның  Алладан  екендігін  білсін. Егер  керісінше  болса,  шайтаннан  сақтану  үшін  Аллаға  сыйынсын» (Тирмизи, Тафсир-3, 2988 х.).

12.Мүминдер  үшін  дұға  ететін  періштелер  бар. Аятта: «Сондай-ақ,  иман  келтіргендер  үшін  (періштелер): «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің  әр  нәрсені  сидырып, ішіне  алған. Сондықтан,  тәубе  етіп  жолыңа  түскендерді  жарылқа! Әрі  олардан  тозақтан  сақтай  көр!» деп  тілейді» (40.Ғафыр-7).

13. Намаз  оқыған  кезде  «Фатиха»  сүресін  тәмәмдаған  соң  «әмин»  деп  айтатын  періштелер  бар. Хазіреті  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Имам  әмин  деген  кезде, сіз  де  әмин  деңіз. Өйткені,  кімнің  әмин  деуі  періштелердің  әмин  деуіне  сәйкес  келетін  болса,  оның  өткен  күнәлары  кешіріледі» (Бұхари, Азан-111; Муслим, Салат-72; Тирмизи, Салат-71)  дегені  де  бұған  бірден-бір  дәлел  бола  алады.

14. Кейбір  періштелер  таң  намазы  мен  екінті  намазын  мүминдермен  бірге  оқиды.

15. Мүмин  ғалымдар  үшін  арнайы  дұға  ететін  періштелер  бар. Әбу  Умамә  әл-Баһилиден  жеткен  риуаят  бойынша,  Пайғамбарымыз  қарапайым  пенде  мен  ғалым  кісінің  парқы  жайында: «Ғалым  адамның  өзге  құлдан  артықшылығы - Менің  сендерден  ең  төмен  болғандарыңнан  артықтығым  сияқты». (Тирмизи; Илим  бөлімі-19, 2685 хадис ) деген.

 

Думан БАЛЫҚШИЕВ, 

"Жылыой" мұсылмандар мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға