Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


ЖҮНІС ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚИССАСЫ

ЖҮНІС ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚИССАСЫ

Бір күні Алла Тағала Жүніс пайғамбарға:

– Мосул шаһарына барып, халқына иман үйрет, – деп бұйырды.

Жүніс шаһарға келіп, халыққа иман үйретуге кірісті. Алайда оның сөзіне ешкім құлақ аспады. Пайғамбар ел-жұртына ренжіп, қаладан кетіп қалды. Жүре-жүре бір теңіздің шетіне ілікті. Кемеге мініп, сапарға шықты. Кенет қатты дауыл тұрып, қалың тұман торлады. Сол кезде кемедегі бір қарт:

– Ау, жарандар. Бұл – Құдайдың бізге жіберген зауалы. Арамызда Алланың әмірін тәрк қылған біреу отыр. Содан құтылмай, бұл апаттан аман қалмаймыз, – деді.

– Ол – менмін, – деді Жүніс пайғамбар. Оны танитын кісілер:

– Уа, пайғамбар, олай демеңіз. Бізді бұл апаттан сіз ғана құтқарасыз, – деп жалынды. Жүніс оларды тыңдамай, суға секіруге әзірленді. Құдай Залуха атты балыққа:

– Тез барып, құлым Жүністі жұт та, қарныңда саламат сақта. Байқа, аманатқа қиянат қылма, – деп әмір етті. Балықтың Алланың әмірімен келгенін білген пайғамбар «біссіміллә» деп, өзін балықтың аузына атты. Сол сәтте Құдайдың құдіретімен балықтың қарны мөлдір затқа айналып, сыртқы әлем айнадай көрініп тұрды. Жүніс біресе жылап, біресе күліп тұрған бір кісіні көрді.

– Бұл кім? – деп сұрады. Жебірейіл періште:

– Бұл – Ібіліс малғұн. Момындар тәубе қылса жылайды. Күнә қылғандарға қуанып күледі, – деді. Бір кезде адамның алпыс екі тамырын иітіп, жан-жүрегін елжіретер керемет әуез естілді. Пайғамбар:

– Бұл ненің дауысы? – деді. Періште:

– Бұл – балықтардың зікірі. Олар Алла Тағаланы толассыз пәктеп, Оған  мақтау айтуда, – деді. Жүніс Құдайға тәубесін күшейтіп, Аллаға көп мадақ айта бастады. Жүніс осындай хәлде қырық күн жатты. Ұлық Алла хикметімен қалаған құлдарын қырық күн оңаша қамап, рухани дәрежесін өсіретін сүннеті еді. Жебірейіл періште балыққа:

– Енді Жүністі шығар, – деді. Сонда балық:

– Иә, Жебірейіл, менің бір датым бар, – деді.

– Датың болса айт.

– Жүніс қарнымда жатқан кезде үнемі Алланы ұлықтаушы еді. Оның әсем даусынан тұла бойым нұрланып, жаным жай табатын. Дәрежемді басқа балықтардан артық еткен Алла бұл бақытты ұрпағыма да нәсіп қылса деп тілеймін. Сонда Алла Тағала:

– Болсын тілегің! Ұрпағың менің достарыммен дос болады, – деді. Залуха Жүністі жағаға шығарды. Жүніс қырық күн ас-ауқат ішпегендіктен, қуаты қалмады. Ол қайың ағашының түбіне барып саялады. Қолымен діңін сипап еді, одан тәтті шырын шықты. Қайың діңгегінен тамған нәрді ішіп, есін жинайды. Содан бастап қайыңға кие дарып, одан қуатты шырын пайда болған екен.

 Жүніс есін жиған соң, Құдай Тағала оған:

– Сені алдаған Ібіліс. Халқың иманға келді. Енді оларға барып, насихатыңды жүргіз, – деді. Сөйтіп, пайғамбар қайтадан Мосулға кетті. Шаһарға жақын қалғанда бір қойшыны көрді. Оған:

– Ей, мейірбан қойшы. Бір жұтым айран берші, – деді.

– Бір жұтым емес, бір тостағын берер едім. Жүніс пайғамбар елден кеткелі, малдың бәрі суалды, – деп мұңайды қойшы. Пайғамбар отыра қалып, бір қойдың жонын сипап еді, сүт бұлақтай ақты. Оны мейірі қанғанша ішіп, қойшыға:

– Бар, Жүніс пайғамбар оралды деп сүйінші сұра, – деді. Патша халықты ертіп, Жүністің алдынан шықты. Оны алтын ерге отырғызды. Бірақ ұлық болса да кішік болуды ұмытпайтын Жүніс алтын ерге отырмай, шаһарға жаяулап кірді. Пайғамбар жұртқа рухани ілім үйретіп, мағыналы тіршілікке бет бұрды.

Ұлық Алла Залуханың ұрпағына да зор дәреже нәсіп етті. Жүсіп пайғамбар теңіз жағасында дәрет алып, шомылғанда қаптаған балық қалқалап, пайғамбардың денесін тірі жанға көрсетпеді. Сүлеймен пайғамбардың жүзігін де жоғалтпай аман сақтаған Залуханың ұрпағы еді, деседі. 

Жоғарыға