Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 1 - Жақсы жар таңдау

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 1 - Жақсы жар таңдау

Ислам дінінің отбасы бақыты

 

үшін белгілеген жолдары

Алла Тағала айтады: «Иман келтірген соң, имандарын зұлымдыққа[1] араластырмағандар, міне соларға аманшылық болады және олар  тура жолдағылар» («Әнғам» сүресі: 82).

Адамның бақыты жаны мен тәнінің тыныштықта болуымен жүзеге асады. Адам баласы өзін жоқтан бар етіп, ризығына бөлеген Раббысын танып білмейінше, дүниеге келудегі мақсатын түсінбейінше, өмірін толығымен шариғатқа сай жүйелемейінше, және дүниенің ақиретпен салыстырғандағы құнсыздығына көзі жетпейінше, сөйтіп Раббысының разылығы мен жәннатын ғана армандамайынша жаны тыным табады деп айту қиынға соғады.

 

Адамның тән тыныштығы дене қажеттіліктерінің өтелуімен қалыптасады, бұған оның ішіп-жеуі, қозғалыс-әрекеті, еңбек етуі мен тынығуы, денесінің дамуы, білім үйренуі, ойлап табуы, жыныстық қатынасы мен ұрпақ өндіруі, сондай-ақ қоғамдық қатынастары кіреді. Алайда мұның бәрі исламның талаптарына сай оның әдебі аясында атқарылуы қажет. Әйтпесе адамды басқа жаратылыстардан ерекшелеп тұрған ақылы өз қызметін жоғалтады да, құмарлығын қандырған жануарлардан айырмашылығы болмай қалады.  

Алла Тағаланы танымаған адам дене қажеттіліктері мен құмарлығын қамтамасыз етем деп дүниеге келудегі жалғыз-ақ мақсатынан, яғни Аллаға құлшылылық етуінен адасып, дүниенің қызықтарына беріліп, өмірі құрдымға кетеді. Алла  Тағала құран кәрімде былай дейді: «Адамдар үшін әйелдерге, ұл балаларға, алтын, күміс және асыл тұқымды жылқылардан жиылған мол дәулетке құштарлану, сондай-ақ мал мен егінге әуестену махаббатты тым әдеміленіп, аузына қаратты» («Әли Ғимран» сүресі: 14).

Адам жаны мен тәнінің қажеттіліктерін бірдей қаматамасыз етуі қажет, рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, тән қажеттіліктерін тәрк етуі пайғамбарымыздың () ұстанған жолына қайшы келеді. Алланың елшісі () былай деген еді: «Пәлен қыламыз, түген қыламыз деп айтатындай ол адамдарға не болды екен? Алламен ант етемін, шындығында, сендердің іштеріңде Алладан ең қатты қорқатын және ең қатты сақтанатын мен емеспін бе, алайда бірде ораза ұстасам, бірде аузым ашық болады, бірде намаз оқысам, бірде жатып тынығамын, сондай-ақ әйелдерге де үйленемін. Ал енді кім менің сүннетімді қаламаса, ол  менен емес».

Рухани дүниесін ұмытып, тәнінің қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып жүрген адамдардың өмірін Алла Тағала Құран Кәрімде малдың өміріне теңейді, негізінде, бұл имансыз адамдарға тән ерекшелік: «..ал кәпірлер болса, мал сияқты құмарлықтарын қандыруда және қарындарының тойғанына мәз» («Мұхаммед» сүресі: 12). 

Құдай қосқан қосағын тауып, адал некенің негізінде құрылған мұсылман отбасының аясында ерлі-зайыптылардың әрқайсысы тыныштық рахатын жан-тәнімен бірдей сезінетін болады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сендерді жұп қылып жараттық» («Нәбә» сүресі: 8).

Ислам тәлімінде мұсылман отбасының бақытты өмір кешуіне түрткі болатын бірнеше факторлар бар, олардың ұқыптылықпен атқарылуы ерлі-зайыптылардың әрқайсы-сынан талап етіледі.

1 - Жақсы жар таңдау

 Ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір кешіп, отбасы бақытқа бөленуі үшін, екеуінің бірдей дәрежедегі отбасында тәрбие алулары маңызды рөль атқарады. Алланың елшісі () жар таңдау тұрғысында былай деген: «Әйел затына үйлену төрт нәрсеге негізделеді: байлығы үшін, атағы (тегі) үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діні барын таңда, әйтпесе көп жақсылықтан құр қаласың!»[2].

Тағы бір хадисте: «Егер өздеріңе (құда түсуге) келген кісінің діні мен мінезіне разы болсаңдар, дереу оны үйлендіріңдер! Егер бұлай істемесеңдер, жердің беті бүлікке және ірі күйзеліске ұшырайды»[3].

Діндар дегенімізде жігіттің де, қыздың да бойында тәрбиенің негізінде ғана қалыптасатын адамгершілік пен инабаттылық сипаттарды айтамыз. Олардың ең негізгілеріне шыншылдық пен ақпейілділік, опалық пен тақуалық, сыпайылық пен жомарттық, сабырлық пен шүкірлік, сауаттылық пен әдептілік сияқты мінез-құлықтар жатады.

Айша анамыздан, Алла Тағала оған разы болсын, пайғамбарымыздың () былай дегені айтылады: «Ұрпақтарыңның жан тәрбиесі үшін жақсы ана құрсағын таңдаңдар, сондай-ақ өздеріңе сай әйелдерге үйленіңдер!»[4].

«..өздеріңе сай..» дегеніміз ерлі-зайыптылардың ой-санасы мен білімділік дәрежелерінің, әлеуметтік және қаржы жағдайларының сай болуы, сондай-ақ табиғаттары мен ғұмырларының үйлесуі. Әбу Бәкір мен Омар, Алла Тағала оларға разы болсын, пайғамбарымыздың () қызы Фәтимаға құда түскенде, екеуіне: «Ол тым кішкентай ғой»-деп жауап береді. Ал Әли, Алла Тағала оған разы болсын, келіп сөз салғанда, пайғамбарымыз () Фәтиманы Әлиге некелейді[5].

Жігіт пен қыздың әрқайсысы болашақ жарының табиғаты мен сипаттарына егжейтегжейлі танысуы таныстары тарапынан сұрастыруы арқылы іске асады. Алланың елшісі () Үмма Сулайымды бір әйелге құда түсуге жіберген кезде былай дейді: «Табандарына назар аудар, мойны мен иықтарынан жағымсыз иіс шықпай ма екен, соны біл», тағы бір сөзінде: «..тістерінен жаман иіс шықпай ма екен, соны біл»-дейді[6]. Бұл хадисте әйел затының өзін таза ұстауы көзделеді. Тәні мен киіміне кір жұқпайтын, асына қылшық тұрмайтын жинақы да таза әйел күйеуіне сүйкімді болады, осыған қатысты өзін таза ұстаған әйел заты үйіне де, балаларына да ұқыпты болады. Сол себептен исламның санасында тазалық иманның жартысы болып саналады.

Бір-бірлеріне жан-жақты сай болып қосылған ерлі-зайыптылар, Алла қаласа, бақытты өмір кешеді. Ал енді пәленшенің бір әйелге дінін былай қойып, сұлулығы немесе атағы үшін ғана үйленуі бақытқа жолықтырады деп пайымдау тым қиынға соғады.

Берік Үйсінбаев

 

muftyat.kz

Жоғарыға