Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ НАЗАРОВ: Шынайы бақыт – Исламда!

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ НАЗАРОВ: Шынайы бақыт – Исламда!

- Дүниедегі ең үлкен бақыт - тыныштық тапқан жүректе болса керек. Алла Тағала қалаған құлына иман беріп, қалаған құлын адастырады екен. Имандылыққа бет бұруыңыз әрине, алдымен Алланың қалауы ғой. Дегенмен кейде адамның Исламға келуіне бір оқиғалар себеп болып, бір адамдар себепші де болып жатады. Ал сіз Хақты қалай таныдыңыз? 

- Өзіңіз айтып отырғандай Алла Тағала байлықты қалаған құлына береді, бірақ иманды, Исламды, ізгі жүректі өзінің сүйген құлдарына ғана береді екен. Алла Тағаланың жүрегімізді ашып, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуға жол көрсетіп, нұрлы жүрек пен Исламды нәсіп еткеніне шүкіршілік етемін. Раббыма сансыз мақтау болсын! Менің Исламға келуіме басты себеп болған нәрсе мұсылман отбасында өскендігім болса керек. Атам мен әжем намаз оқитын. Бала кезімде әжемнен естіген көптеген уағыздар әлі күнге дейін жадымда. Кішкене күнімізде намаз оқымасақ та әжеміздің намаз оқығанын қызықтап өстік. Кейін арман қуып Алматыға келгеннен кейін көптеген мұсылман бауырларымыздың «Ардақ, Алладан қорық. Өйткені, Қияметте Алла Тағала сен спортшы екенсің ғой, сен чемпион екенсің ғой демейді. Оразаң мен намазыңды, істеген ізгі амалдарыңды сұрайды» деген сияқты уағыз-насихаттарын естідік. Солай «Не үшін жаратылдым? Кіммін? Қайдан келдім? Жаратылудағы мақсатым не?» деген сияқты сұрақтар төңірегінде ойлана бастадым. Бірақ жұма намазын қалдырмай, үнемі барып тұратынмын. Бір күні жұма намазына барсам, белімнен ғана келетін кішкентай бір бала қасымда намаз оқып тұр. Соны көріп ұяттан, намыстан жерге кіріп кете жаздадым. «Мына кішкентай баланы қарашы, намазын оқып жатыр. Ал мен болсам дап-дардай азаматпын. Одан күшім көп, тамақты да көп жеймін. Ақылым одан да үлкен. Намаз оқымай жүргенім мынау» деп өз-өзіме қатты ренжідім. Сөйтіп, намазға бет бұра бастадым. Кейін Алла Тағаланың қалауымен бес уақыт намазға жығылдым. Намазымның, дінімнің, спортқа, өміріме, тіршілігіме ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше, ең бақытты адам менмін. Жарысқа шығатын болсам, Алла Тағалаға тәуекел етемін. Үнемі, Алла Тағаланың мені бақылап, бағдарлап тұрғанын білемін. Алланың шынайы құлы болғаным үшін, Оны танып, құдіретін сезінгенім үшін Оған сансыз мадақтар айтып, шүкіршілік етемін.

 

- Алғаш намаз оқып жүргенде қандай сезімде болдыңыз?

- Алғаш намаз оқыған күнім - өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі. Алла Тағаланың алдында тұрғандай, ортада еш кедергі жоқтай намаз оқитынмын. Жүзімді құбылаға қаратып, намазға тұрған сол күндердегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жүрегімді өзіме беймәлім бір тылсым сезімнің билегені рас. «Адамдардың баршасы неге намаз оқымайды? Мынандай сезім қандай керемет! Неге бұлар сол бақытты сезбейді?» деп адамдарға жанашырлық көзқараспен қарайтынмын. Сол уақыттары бір қызық оқиға болды. Намазды бір минутын кешіктірмей таңғы сағат төртте десе төртте, түскі бір жарым десе, бір жарымда, кешкі сағат бесте десе бесте оқитынмын. Бір күні белгілі бір себептермен бір жарымдағы намазға кешігіп қалдым. Кешіккенім, бес-он минут қана. Автобустан түсе сала үйге қарай жүгіріп келе жатырмын. Бірден отыз бес минут кетті. «Алла Тағалам намазымды қабыл етпей қоя ма?» деп жылап, ентігіп, үйге кіре сала дереу дәретімді алып, бірден қырық кеткен кезде бесін намазын оқыдым. Алла Тағаладан қорқып тұрмын. «Алла Тағалам! Менің намазым қаза болып кетті ме? Не болды, мен не істедім?» деп Алла Тағаладан кешірім сұрадым. Біраз уақытқа дейін уайым-қайғыда жүрдім. Сөйтсем, кейін белгілі болды, намаз бір жарымда кіргенімен жаз уақыттарында кешкі сағат жетіге қарай шығады екен. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда намаз оқығаныма жеті жыл толыпты. Өмірдің жалғанын білген сайын адамның құлшылығы да күшейеді, жақсы мен жаман, ақ пен қараны ажыратуға қабілеттері де артады екен. Бүгінгі күнім үшін Аллаға шүкірлік етемін.

 

- Біреулер үшін өмірдің қызығы байлықта, енді біреулер үшін биік мансапта. Ал сіз үшін өмірдің қызығы неде? Жалпы, өмір адамзатқа не үшін берілген? 

- Алла Тағала әрбір нәрсені өзінің мақсаттарымен жаратқан. Періштелерді жаратқан болса, олардың бір мақсаты бар, жан-жануарды жаратқан болса, олардың бір мақсаты бар. Солардың ішінде адамның мақсаты не дейтін болсақ, Алла Тағала Құранда «Мен адамзат пен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» дейді. Адамдар қателесіп, бақытты байлықтан іздейді, атақ-дәрежеден, биліктен іздейді. Бірақ олардың ешқайсысы ол жерден бақытты таппақ емес. Шынайы бақыт - Исламда! Қашан сен Алланың жолына түсіп, Исламды қабылдаған кезде бақыттың не екенін сезінесің. Қазақта «Әуелгі байлық - денсаулық» деген сөз бар ғой. Бірақ денсаулығы бар адамдардың арасында Алла Тағаланы танымағаннан кейін арақ ішіп, темекі тартып, нашақорлыққа ұрынып денсаулығын қор етіп жүргендері де бар. Сондықтан осы сөзді өзгертіп, әуелгі байлық - имандылық дер едім. Егер имандылық болған болса адам денсаулығының қадірін біледі. Сол денсаулығын Алла Тағала разылығы үшін жасалатын істерге жұмсайды, денесімен намаз оқиды, құлшылық қылады, қажылыққа барады, садақа береді.

 

-  Даналарымыз «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біл» деген екен. Жастығыңыздың қадірін қаншалықты біліп жүрсіз? 

- Сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біліңдер, ауру келмей тұрып денсаулықтың қадірін біліңдер. Өлім келмей тұрып тіршіліктің қадірін біліңдер, қарбалас уақыт келмей тұрып бос уақыттың қадірін біліңдер» дейді. Адам қызығы, қызыл-жасылы көп дүниеде өзінің жастық шағын Алла Тағаланың жолына арнаған болса, Алланың дініне бет бұрып, жамандықтан тиылып, Исламға бет бұрған болса мәңгілік бақытты тапқаны. Қиямет күні адамдардың барлығы қиыншылық көріп жатқан кезде Алланың мейіріміне бөленетін жеті құл болады екен. Олар: әділ басшы, мешітке көңілі байланған адам, бірін бірі Алла Тағала үшін жақсы көргендер, Алла Тағала үшін ажырасқандар, кездескендер және өмірін, өмірінің ішінде жастық шағын құлшылықпен өткізгендер екен. Алла Тағаланың бізге берген жастық шағында Алланың жолына түскенім үшін қуанамын. Кей адамдарға барып «Намаз оқы, құлшылық қыл» дейтін болсаң, «Ертең қырыққа, елуге толғанда оқимын ғой» дейді. Оларға намаз оқу кәрілердің ісі сияқты көрінеді. Ал қартайған адамды намаз оқуға шақырсаң, ол «Балам-ау, тізем ауырады, көзім көрмейді, тілім келмейді» дейді. Сөйтіп, өзінің денесіне сіңіп қалған күнәларын істеп, ахиретке қалай өмірінің озып кеткенін білмей жатады. Қазақта даналарымыздан қалған «Жастық шақта алған білім -  тасқа ойып жазғандай, Орта жаста алған білім - қаламменен жазғандай, ал кәрілікте алған білім - құмға жазғандай» деген қанатты сөз бар. Жастық шақта «тасқа ойып жазғандай» білім алып, құлшылықтар істейтін болсаңыз, мына әлемнің қызық-шыжығынан тиылып, өзіңіздің нәпсіңізді берік ұстайтын болсаңыз, ол амалдарыңыз бір Алланың алдындағы дәрежеңіздің биік болып, қияметте Алла Тағаланың мейіріміне бөленуіңізге бірден бір себепкер болады. Бүгінгі таңда жастарымыз имандылыққа бет бұрған болса, Құдайдан қорқатын болса, Алланы шынайы танитын болса қоғамдағы жезөкшелік, зинақорлық сияқты оғаш дүниелер болмас еді. Оның барлығы да дінді түсінбегеннен болып жатыр деп ойлаймын.

 

-  Қазіргі күні дінге бет бұрып жатқан жастар баршылық. Бірақ олардың намаз оқуларына ата-аналары қарсылық білдіріп жатады. Мұндай жағдайға сіз не дер едіңіз? 

- Шын мәнінде, Ислам ізгіліктің діні. Ислам дегеніміз - тұнып тұрған тәрбие. Ата-анасы балаларын намаздан тыймауы керек. Керісінше «Арақ ішпе, үлкенді сыйла, кішіге ізет қыл, біреудің ала жібін аттама, пара алма, жамандық істеме» деп тәрбиелеуі керек. «Намаз оқыма» дейтін ата-ананың сөзі «Арақ іше бер, қыздармен қыдыра бер, темекіңді тарта бер» дегенге саяды. Біздің ата-аналарымыз баласы намаз оқыса, Раббысын таныса қуануы керек. Алланың дінінде «адамға жаманшылық істе» дейтін жері жоқ. Бұл -  кемшіліксіз, мүлтіксіз дін. Егер адам намаз оқыған болса оның мінезі көркемдене түседі. Көркем мінездің сыйы қандай десеңізші?! Хадисте «Кімде-кімнің мінезі көркем болған болса, ол күндіз ораза ұстағандай, түнімен намаз оқығандай сауапқа ие болады» делінген. Қиямет күні пенденің амалдарын таразыға тартқан кезде көркем мінездің салмағынан ауыр салмақ болмайды екен. Намаз оқыған жастар болса мінезінің көркемденуі үшін амал етуі керек. Алла Тағала Құранда «Күдіксіз намаз сендерді арсыздықтардан, жамандықтардан тыяды» дейді. Баласы бұрынғы істеген күнәларынан тыйылып, Құрандағы ата-ананы сыйлау, құрметтеу туралы оқып, түсінгеннен кейін өте мейірбан болып, ата-анасын сыйлағанның үстіне сыйлап тек қана жақсылыққа бет бұрады. Сондықтан ата-ана балаларын намаз оқудан, ізгілікке барудан ешқашан тыймауы керек. Баланы одан тоқтататын болса, ол ертең күнә істеп, жаманшылыққа ұрынып, түрмеге баратын болса ата-ана опық жеуі мүмкін. Бала жақсы болса, ата-ананың қуанышы, жаман болса - қайғысы. Сондықтан, ата-ана балаларына бағыт-бағдар беріп «Балам, сен Алладан қорық, мешітке бар» деп Ислам дініне қарай тәрбиелейтін болса, сол бала өскен кезде елінің ертеңі, болашағы болады.

 

- Ата-ананың балаға жамандық ойламасы белгілі. Олар балаларының адасып, теріс жолға түсуінен сақтандырғысы келеді. Оған себеп те жоқ емес. Қазіргі күні Ислам дінінің өзі тарамданып, сан тармаққа бөлініп жатыр. Хақ дінді өзге ағымдардан қалай ажыратсақ болады?

- Қазақ жетпіс жыл бойы қылышынан қан тамған Кеңес Одағының қол астында болып, оның алдында үш жүз жыл Ресей империясына қарады. Сол кезеңде өзіміздің ата дінімізден, дәстүрімізден, әртүрлі рухани құндылықтарымыздан ажырап қалдық. Еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін алған кезде рухани аш, дінге шөлдеген халық түрлі ағымдарды Ислам деп қабылдай бастады. Оның ішінде Хизбуттахир, Ахмадия, Исмаила деген сияқты неше түрлі кертартпа ағымдар болды. Ақ пен қараны ажырата алмай жастарымыз сол ағымдарға топ-тобымен кіріп жатты. Бүгінгі таңда еліміздің қарыны тоқ, көйлегі көк болып, адамдардың ақылы толықсып, ақ-қараны ажыратып Исламның хақ дін екенін танып жатырмыз. Құранмен және Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен жүретін бірден-бір жамағат бізбіз. Жастардың бұрынғы кертартпа ағымдардан бұрылып, шынайы дінге бет бұрып жатқандары да өте көп. Кез-келген адамның көкейінде дінге байланысты қандай да бір сұрақтар тууы мүмкін. Ондай жағдайда  Орталық мешіт имамдары мен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына жүгінгені дұрыс.

 

- Қабан жырау жырында «Бақыт қайда барасың? Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жанға барамын» деген жолдар бар екен. Қазіргі уақытта керісінше, намаз оқитын бала намаз оқымайтын ата-анасына қарсы шығып, оларды кәпірге балап, іргесін аулақ салып жүргендер де кездеседі. Дініміздегі ата-анамыздың қақысы қандай? 

- Ата-ананың қақысы өте жоғары. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 24-аятында «Раббыларың маған ғана құлшылық қылыңдар. Ата-анаға мейірімді болыңдар» дейді. «Ата-аналарыңның екеуі немесе біреуі жандарыңда қартайған болса оларға сыпайы болыңдар және қолдарыңды жайып оларға дұға етіңдер «Ей, Алла Тағалам! Осы ата-анам мені сәби кезімнен мәпелеп өсіргендей оларды да мейіріміңе бөлегейсің» деп Алла Тағаладан тілеңдер» дейді. Біз Алла Тағала алдындағы парыздарымызды орындағаннан кейін ата-анаға ерекше мейірімді болуымыз керек. Олар бірнәрсе бұйырса бойұсынуымыз керек. «Туһ» деп ренжуге қақымыз жоқ екен. Оларға үнемі дұға етуіміз керек. Өйткені, баласының ата-анасына еткен дұғасы қабыл болады. Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жас жігіт келіп «Алла Тағаланың Елшісі, мен ата-анама қандай жақсылықтар істей аламын?» дегенде «Ата-анаңа дұға ет» дейді, «Тағы не істей аламын?» дегенде «Ата-анаңның атынанан садақа бер, қажылыққа бар» деген екен. Сонда ол жігіт «Ей, Алланың Елшісі! Менің ата-анам шын мәнінде, қатыгез, мейірімсіз» дегенінде Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ей, жас жігіт! Сен білесің бе? Анаң сені тоғыз ай, тоғыз күн көтерді ғой. Екі жыл емізіп, қасына мәпелеп жатқызы емес пе? Ал әкең болса күндіз-түні сенің тамағыңды, киіміңді тасыды. Дініңді, тіліңді үйретті. Бұдан асқан мейірімділік бар ма?» деген екен. Сондықтан біз тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан анамызды, асқар таудай әкемізді сыйлауымыз керек. Тағы бір сахаба Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп «Я, Расулаллах, діндегі ең абзал іс қандай?» дегенде «Уақытында оқылған намаз» деген екен. «Одан кейін ше?» дегенде «Ата-ананы құрметтеу» деген екен. Алла Тағалаға құлшылық қылғаннан кейін барып дініміздегі ең сауапты іс - ата-ананы құрметтеу екен. Ата-ана деген жәннаттың бір есігі. Баяғыда ата-анасы өмірден өткен бір сахаба жылап отыр екен. «Неге жылайсыз? Алла Тағаланың тағдыры ғой, сабыр етіңіз» дегендерге «Ата-анамның қайтыс болғанына жылап отырған жоқпын, бәріміз де өмірден өтеміз ғой. Алайда маған жәннатқа баратын бір есік жабылды. Сол үшін жыладым» деген екен. «Ата-ананың ашуы - Алла Тағаланың ашуында. Алла Тағаланың мейірімі - ата-ананың мейірімінде» дейді. «Жұмақ - ананың табанының астында» деп Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да бекер айтпаса керек. Ата-анамызды құрметтеп, сыйлайтын болсақ, иншалла, Алланың мейіріміне бөленіп, жұмысымыз алға басып, жәннатқа кіруімізге жол ашылады екен.

 

- Адасушылардың көбінде ата-баба аруағы бізге көмектеседі, біз үшін Алла Тағаладан жәрдем сұрайды деген түсінік қалыптасқан. Қабір басына бармайтындарды уахабиске балап жататындар да жоқ емес. Жалпы, мұсылман қауымы қабір басына қандай мақсатпен бару керек?

- Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде «Қабір басына барып тұрыңдар. Өйткені, қабір ахиретті еске түсіреді» дейді. Қабір басына барғанда сиынуға, олардан бірнәрсе тілеуге бармауымыз керек. Ең үлкен күнә - Алла Тағалаға серік қосу. Бір аруақты Алла Тағаланың деңгейіне көтеру, аруақ маған бала берді, денсаулық берді, байлық берді деу өте үлкен күнә. Алла Тағаланың кешірмейтін күнәсі. Бізден бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз да біз сияқты адам болған. Олар да күнә істеген. Мысалы, бәленбай жылдан кейін «Ардақ деген батыр болып еді» деп менің кесенеме келіп «Ардақ, маған бала бере гөр» деп тілесе, күлкілі нәрсе ғой. Менің бүгінгі жүріс-тұрысымды, қандай болғанымды халық біледі. Адамдардың бәленбай ғасырдан кейін «Осы маған бала береді, осы маған шарапат, жақсылық береді» дейтіні шайтанның адастыруы. Біз қабір басына келген кезде «Ғұламалар, батырлар, ел басқарған билер, көсемдер де өмірден өтіп кеткен, ертең біз де жалған дүниеден өтеміз, қабірде жатамыз, бір орам ақ мата мен екі метр жер ғана бұйырады» деп ғибрат алуымыз керек. Қабірдегі аруақтан тілек тілеу ақымақтық деп ойламаймын. Адам (ғ.с)  жаратылғаннан кейін Нұх пайғамбар (ғ.с) екеуінің ортасында аруаққа табыну деген мәселе болмаған екен. Күндердің күнінде пайғамбарлардың ізбасарлары ретінде атақты ғұламалар өмірге келеді. Ол ғұламалар өмірден өткеннен кейін олардың балаларына шайтан келіп «Ей, ғұламалардың ұрпақтары! Аталарыңның мүсіндерін жасап қойыңдар, суреттерін салып қойыңдар. Ертең сендерден кейін дүниеге келген немере, шөберелерің суреттер мен мүсіндерді көріп, олардың Алла Тағалаға жақсы құл болғандығын еске алады. Сөйтіп Алла Тағалаға ықыластары болады. Бірақ сендер бұған табынбаңдар» дейді. Сөйтіп, ғұламалардың балалары өмірден өтеді. Одан кейін немере, шөберелері дүниеге келгенде шайтан қайтадан келіп «Ей, пәленшенің ұрпақтары! Ана мүсіндерді көрдіңдер ме? Бұл сендердің бабаларың. Сендердің әкелеріңнің әкелері осыған табынған. Осы пұттардан сұраған. Бұл мүсіндердің кім екенін білесіңдер ме? Олар пайғамбарлардың ізбасарлары, шыншылдар мен ізгілер ғой. Егер сендер пұттардан сұрайтын болсаңдар, әлбетте олар Алланың қасында. Олар сендердің дұғаларыңды естиді де Аллаға жеткізеді. Сөйтіп Алла Тағалаға сендер де жақындайсыңдар» деп келесі ұрпақтың ұрпағын азғырады. Кешегі Ахмет Яссауи бабамыздың, Райымбек аталарымыздың кесенесін «Ұрпақтары табынсын» деп салмаған. Бірақ, ұрпақтары табынып жатыр. Руға, тайпаға бөлініп «Бәлен батырдың кесенесі, түген батырдың кесенесі» деп қаншама қаражатты соған бөліп жатыр. Бір ру қаншама милллион ақшаға бабаларының кесенесін тұрғызып жатыр. Сол ақшаны жетім-жесірге, қиналған кісілерге беретін болса әлденеше сауабы болатын еді. Сондықтан да бүгінгі таңдағы «Бәлен әулие, бәлен аруақ, бәлен шейт» демей-ақ солардың атынан бір мешіт салса қандай сауап болар еді. «Бәленбай батырдың мешіті, түгенбай әулиенің мешіті» дейтін болсақ, салынған мешіттен аруаққа да, ұрпаққа да сауап барып тұратын еді.

 

- Құранда: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп келетін аяттар бар. Ислам саласында білім алуға қаншалықты талпынып жүрсіз? Ұстаздарыңыз бар ма?

 - Сүйікті пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынандай керемет хадисі бар. «Кімде кім білім алуға жолға шығатын болса, Алла Тағала сол арқылы ол пенденің жәннатқа кіретін жолын жеңілдетіп қояды» дейді. Білім алушының талабына риза болған аспандағылар, жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін оларға истихфар айтады, кешірім тілейді екен. Тіпті білім алушының әрбір қадамының астына періштелер қанаттарын төсейді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар» дейді. Білім - мұсылманның басты қаруы. Білім бар жерде ғибадат та күшті болады. Адам ғибадаты күшейген сайын Алладан қорқатын болады. Білімді адамдар - Алладан көп қорқатындар. Бір білімді адам шайтан үшін мың жай мұсылманнан артық екен. Білімді адамның Алланың алдындағы дәрежесі өте жоғары болады. Исламға келгеннен кейін бір нәрсемен тоқтап қалуға болмайды. Сол себептен біз де шамамыз жеткенше білім алып жатырмыз. Тәлім-тәрбие беріп, жол көрсетіп жүрген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстаздары мен "Нұр-Мүбәрәк" университетінің ұстаздары бар

 

- Өткен жылы шаңырақ көтергеніңізді білеміз. Жалпы мұсылман отбасысы қандай болу керек? Жар таңдауда жастарға қандай кеңес берер едіңіз? 

- Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде «Үйленетін болсаңдар, адамның төрт түрлі жағдайына қараңдар. Оның тектілігіне, байлығына, сұлулығына, діндарлығына. Сен болсаң, діндар қызды таңда. Сонда басың берекеде болады» дейді. Егер байды, сұлуды, текті рудың қызын таңдасаң, оның сұлулығы, байлығы мен тектілігі оны тәкаппарлыққа, өзімшілдікке апаруы мүмкін. Ол отбасының шайқалуына әкеліп соғады. Құдайдан қорқатын, тақуа отбасында имани тәрбиенің іргетасы қаланған қызға үйленетін болса, ертең ол ер-азаматтың өмірінде де береке болады. Үйіңде береке болмаса, әйелің  имансыз болатын болса ер-азамат үшін дүниенің кеңдігінен не пайда?! Баяғы ата-бабаларымыз «Астыңдағы атың жүрдек болса, жалғанның пырағы, алғаның жақсы болса үйің мен қонағыңның тұрағы» деген екен. Жан жарың жақсы болса екі дүниеде бақытты боласың. Біз де мұсылмандық жолымен отбасын құрдық. Жұбайым - Маржан Болатханқызы бес уақыт намазда. Біз бақыттымыз. Өйткені, екеуміздің тілегіміз де, дініміз де, өмірдегі мақсатымыз да бір. Өмірдегі басты мақсатымыз - Алланың разылығын табу, ізгі ұрпақ тәрбиелеу, жақсы, үлгілі мұсылман отбасы болу. Жастарға кеңесім, қыздың сұлуылығына, байлығына қарамасын. Қыздар «Жігіттің көлігі, үйі болса екен» дейді. Жігіттер керісінше «Қыздардың машинасы мен үйі болса екен» дейді. Қазір бақыт үй мен көлікте деп ойлап жүр, кейін шаңырақ көтергеннен кейін олардың көбісі ажырасып кетіп жатыр. Өйткені, иман жоқ. Бірін бірі сүйіп қосылмады. Араларында Алланың разылығы деген нәрсе болмады. Дүниелік мақсат үшін ғана үйленді. Әбу Дарда деген сахаба әйелімен үйленгенінде былай келісім жасаған екен «Егер мен ашуланған болсам, көңілімді тауып мені риза еткін. Ал сен ашуланған болсаң мен сені риза етемін. Әйтпесе екеуміз бір-бірімізге серік бола алмаймыз». Қазіргі жастарға да Әбу Дарданың келісіміндей келісім керек пе деймін?! Ажырасудың талайын көзіміз көріп жүр. Соңынан әйел жесір, бала жетім қалды. Оған кінәлі ақылсыз адамдардың өздері. Сондықтан, жар таңдағанда Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сай амал етіп, діндарын таңдау керек. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде «Сұлу мүшрік әйелден діндар күң әйел артық» делінеді. Жастар жар таңдауда қателесіп қалмауы керек. Өйткені, әйел - біздің болашағымыз, аналарымыз, қарындастарымыз. Ертеңгі күні сіздің ар-намысыңызды қорғап, отбасыңыздың ұйытқысы болып, бала-шағаңызды тәрбиелейтін, сіздің жұбайыңыз. Қазақ анасына қарап, қызын ал деп жатады. Отбасында имани тәрбиенің негізі қаланған, білетін жерден қыз алатын болса, ертең өмірбақи бақытты болады. Хадисте «Алла Тағала халал еткен нәрселерінің ішіндегі ең жек көретін нәрсе - ажырасу» делінген. Жесір әйел мен жетім баланың күнәсін кім көтереді? Жақсы әйелді іздеп шаршау керек. Кей жігіттер «қазақ қыздарының дені бұзылған» деп жатады. Олай айтқан жігіттің өзі бұзылған. Өйткені, өзі түнгі клубтарға барады, көшеде қыдырады, темекі тартып, арақ ішеді де, сондай қыздарға жолығып «Дүниеде жақсы қыз қалмаған ба? Қазақдарға не болған,  түнгі клубта жүреді, ішеді» дейді. Тақуа, Құдайдан қорқатын қыздар түнгі клубта жүрмейді, темекі тартпайды, түнде көшеде қыдырмайды. Олардың бәрі үйінде отырады. Сондай жақсы қыздарды тауып, соларға үйленуі керек. Сонда өмірлері де берекелі болады.

 

- Пайғамбарлар немесе сахабалар өмірінен біздерге ғибрат боларлық бір әңгіме айтып беріңізші? 

- Бір күні сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне Омар ибн Хаттаб (р.а) кіреді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қамыстан жасалған төсектің үстінде жатыр екен. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұрып амандасқанында, Омардың көзі Алла Елшісінің арқасына түскен қамыстың ізіне түседі. Тамақ ішетін жеріне қараса, бір түйір дәм жоқ екен. Оны көрген Омар (р.а) еңкілдеп жылай бастайды. Алла Елшісі «Ей, Хаттабтың ұлы, сені жылатқан не нәрсе?» деп сұрағанда Омар (р.а) «Ей, Расулалла! Парсы, Рим патшаларын көрдім. Олар үлде мен бүлдеге оранған. Мамық жібектің үстінде, алтын сарайдың ішінде, құлдары мен күңдері бар. Не ішем, не кием демейді. Ал сіз, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, ең сүйікті елшісі, ең сүйікті пайғамбарысыз. Сіздің жатқан жатысыңыз мынау, арқаңызға батқан қамыстың ізі. Ішетін тамағыңыз да жоқ» дейді. Сонда Ол (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Омардың (р.а) арқасынан қағып «Ей, Омар! Еш өкінбе, бұл дүние олардікі, ақырет біздікі болуын қаламайсың ба?» деген екен. Сүйікті Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың құлы, елшісі болса да сондай жұпыны өмір кешкені, кей күндері ішетін тамағы да болмағаны, сонда да сабыр еткені бізге қалай ғибрат болмасын?! Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Егер мен қаласам Алла Тағала маған таулардың барлығын алтынға айналдырып беретін еді. Бірақ менің бұл дүниемен қатысым жоқ» деген еді.

 

- Жиі айтатын немесе сүйікті аятыңыз бен хадисіңіз... 

-Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні сахабаларына «Үмбетіме сондай бір заман келеді. Сонда олар бес нәрсені жақсы көріп, бес нәрсені мүлде ұмытады. Дүниені жақсы көріп, ахиретін ұмытады. Өмірді жақсы көріп, өлімді ұмытады. Зәулім сарайларды жақсы көріп, қараңғы қабірлерді ұмытады. Мал-мүлікті жақсы көріп, ол үшін берілетін есепті ұмытады. Жаратылысы жақсы көріп, Жаратушыны ұмытады» деген екен. Біз ешқашан бейғам болмауымыз керек. Алла Тағаланы танып, баратын жеріміздің қабір екенін біліп жүруіміз керек. Алла Тағала Ғұзайыр пайғамбарға (ғ.с) былай деген екен «Ей, Ғұзайыр! Егер сен бір кішкене күнә жасап қойсаң, сен оның мардымсыздығына қарама. Сен кімнің алдында кінәлі екеніңді ойла. Аздаған жақсылыққа қол жеткізетін болсаң, оның аз екенін ойлама. Оны кім бергенін ойла. Егер бір пәлеге тап болсаң, Мен туралы бүкіл халыққа арызданба. Өйткені, Маған жамандықтарың туралы хабар жеткен кезде сен туралы Мен перішелеріме арызданбаймын ғой» деген екен. Ғұзайыр пайғамбарға (ғ.с) Алла Тағала айтқандай адам баласы кімнің алдында күнә жасап жатқанын білу керек. Пайғамбарымыз: (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде кім ашуын тоқтатса, оған жәннаттың қасынан үй салынады. Сабыр сақтаса, Алла Тағала оған жәннаттың ортасынан үй салады. Кімде-кім мінезін көркем қылса, Алла Тағала оған жәннаттың ең биік дәрежесінде үй салады» деген. Алла Тағала әр мұсылманға салиқалы көркем мінез, жәннат нәсіп етсін! Әмин!

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН,

муфтият.кз сайтынан

Жоғарыға