Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІ

Ислам –Алла Тағаланың Рақметімен әлемдерге нұр етіп жіберілген асыл діні. Ол тыныштық пен бейбітшіліктің жаршысы, ізгі өмірдің айнасы. Рақмет пен мейірім шыңы. Жаратушы Алланың қалауымен асыл дініміз–Исламды Алланың сүйіктісі, адамзаттың ізгісі, Пайғамбарлардың  ақырғысы болған – Мұхаммед с.а.с. жеткізді.

Исламға дейінгі дәуірде отбасында қыз баланың дүниеге келуі қасірет, бас көтертпес ұятты іс болып саналды. Надандық ойдың салдары сансыз нәрестенің өміріне балта шапты. Қызды тірідей көму сынды жағдайлар  жалпылама  етек жайды.  Мінеки қоғамда ешбір орны болмай, құнсыз  зат қалпында тіршілік етіп, қатал өмірдің қиындығына көнген  әйелдің  мәртебесі жер әлемге Исламдай Хақ діннің жіберілуімен жоғарылады.  Жапа шегушілер де, жәбір берушілер де сұралып, ақылар зая болмайтын (қайтарылатын) Қиямет күнінде жазықсыз жан тапсырғандар  жауабы алынады, жауыздар жазасыз қалмайды. Бұл жайлы Құранның “Тәкуир”сүресінде былай  делінген:Тірідей көмілген қыздың қандай күнәсі  үшін өлтірілгендігі, – деп сұралғанда…” (“Тәкуир” сүресі, 8-аят) Исламның таралуымен осы сынды жағдайларға шектеу қойылды. Алланың жаратқан әрбір затының бұл өмірдегі өзіндік орны, қызметі бекітілді.

Алла Тағаланың көркем  жаратылыстарының ішінде  тәні нәзік, жаны сұлу болған жаратылыс ол – әйел. Оның күштілігі – оның  әлсіздігінде. Әйел неғұрлым нәзік болса, оның бейнесі соғұрлым көркемдене түседі.

 Әйел – ерлерге қарағанда  әлсіз, мейірімді әрі сабырлы келеді. Олардың жаратылысындағы ерекшелікті Алла Елшісі с.а.с. былайша сипаттады: “Әйелдердің еркектерден артықшылығы олардың сезімтал етіп жаратылуында.  Дегенмен, Алла оларды ұялшақ қылап жаратқан ” [1]

Әйел сабырының сыналатын жері  бұл – бала тәрбиесі. Бала нәрестелік шағында көп жылап, көп мазасызданады. Міне, осы сәттердегі ана жанының төзімділігін  сөз етіп, жеткізу мүмкін емес.  Ол түндерді ұйқысыз, таңды көзбен атырса да, біреуге налып, біреуден көмек сұрамайды. Мұның бәрін өзінің мойнындағы “аналық”  борышы деп біледі.

Алла Тағала өзі жаратқан жаратылысының ішіндегі  еркек затына басқару, билік ету, ажырасу(талақ) құқын беруімен қатар, әйел-баласын  бағу, олардың қарнын тойғызып, киімін бүтіндеу сияқты қамқорлық міндеттерін де жүктеді.

“Еркектер әйелдерге басшы. Өйткені, Алла  бірін – бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар, мал-мүліктерінен пайдаландырады. (Әйелдерге махр, нафақа береді). Ал, жақсы әйелдер – бой ұсынушы, Алла қорғауға бұйырған абыройын қорғаушы”. [3]

Бірде  Пайғамбарымызға с.а.с. бір кісі келіп, Одан  Әйелдердің қандай ақылары барлығын және қандай құқықтарын сақтауы қажеттігін  сұрады. Сонда Пайғамбар с.а.с. оған: “ – Өзің тамақтанғанда, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім сатып алсаң, оған да алып бер. Оның бетінен ұрма, ұрысқаннан соң мазақ қылма, жалғыз өзін үйде қалдырма” –деді. [4]

Раббымыз Алла, өзінің Кәләмі –Құранда  әйел затының  құқықтары жайлы “Ән-ниса”,“Мәриям”,“Нұр”, “Мұмтахина”,“Тахрим” сынды көптеген орындарда сөз етіп, оның  мәртебесін көтерді.Өзіндік хақтарын белгілеп берді.  “Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар” (“Бақара”сүресі, 228-аят).

Әйелдер хауымы сонау қиын-қыстау кезеңде де  Пайғамбарымыз с.а.с. әкелген хақ дініне  иман келтірді. Исламның шарттары мен парыздарын берік ұстанды. Дініне төнген  қауіпке жанымен, малымен қалқан болды. Алланың разылығы  жолында  әйелдер  қажырлы еңбек етті.  Хижреттің алғашқы жылдарында  мұсылмандар көп қиындықтарға тап болды. Қаржының тапшылығы салдарынан, ел еңсесі түсіп,  таршылықтың тауқыметін  бірдей тартты. Халыққа малмен де жанмен де көмек қажет болды. Міне осы уақытта иманды, тахуа әйелдер қолдарындағы әшекей бұйымдарын, алтын-күмістерін  әкеп,  Алла Елшісінің с.а.с. мүбәрәк қолына  табыстады. Мүмін әйелдердің бұл қадамы өздерінің халқына деген сүйіспеншілігі мен дініне деген құрметін  көрсетті.

Мұсылман әйелдер Сенімді Мұхаммедтің с.а.с. ізінен еріп, оның дініне иман келтіргеннен кейін, Хақ діннің болашығы  жолында басқа төнген   қауіпке де қарамай, жандарын Жаббарға тікті. Кезі келгенде дұшпанға жасырын барып, жау жоспарынан хабардар болып отырды. Мінеки осындай батыл әйелдердің бірі тыңшы әйел–Рукәйка бинт Әбу Сайфи. Ол –Пайғамбарымыздың с.а.с. Мәдинаға  қоныс аудармақ  болған шағында  мүшіріктердің  “Мұхаммедті с.а.с. өз үйінде өлтіреміз” деген жоспарынан хабар тауып, оны жылдамдықпен Пайғамбарымызға с.а.с. жеткізді. Нәтижесінде,  алдын-ала қамданып, төнген қауіптің бетін қайтаруға, жаудың құрған қақпанынан аман қалуға себеп болды.[5] 
            Тұрмыс құрып жатқан мұсылман әйеліне берілетін кәде-сый ол –Махр деп аталады. Исламнан әуелгі кезеңдерде бұл сыйды қалыңдықтың қожасы, не әке-ағалары иеленді. Ислам келіп, әйелге бас бостандығы мен іс еркіндігі беріліп, ақылары анықталғаннан кейін махр тұрмыс құрып жатқан қалыңдықтың өзіне берілді және оның өзі жұмсауына құқылы болды. Қалыңдыққа аталған кәде-cыйдың(махр) көлемі шектелмеді. Ол жайлы былай делінді: “Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк махр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар” (“Ниса” сүресі, 20-аят).

Ақылды, ұятты, иманды, болған әйелдер олар – ең көркем әйелдер. Бұл жайында Асыл Пайғамбар  Мұхаммед с.а.с.: “Ақылды әйелдерге үйленіңдер. Себебі олардың ауыздары тәтті(жақсы сөйлейді), құрсақтары таза, олар аз нәрсеге қанағатшыл” –дейді 

Әуел баста Жаратушы Алла әйелдің мойнына көптеген міндеттерді жүктеді. Солардың бірегейі, әрі негізгісі – перзент сүю. Бұл жайында дініміз: “Әйел адам құрсақ көтерсе оған Аллаһ жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады Ал босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, Аллаһтың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірлегенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін, нәрестенің әр бір емген сәті үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, “сый-сияпат алуды жалғастыр” дейді”.

Қазақта: “Әйел–қырық шырақты ” дейді. Өйткені, әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ол сан түрлі сынға сабырмен шыдап, төзіммен төзе біледі. Десек те, пенде болып жаратылған соң

кейде төзім теңізінің таусылып, сабыр бұлағының сарқылатын сәттері де болады. Егер әйел ерінен қиындық көрсе, бірақ оған сабырлық танытып, ошағын сақтап қалуға тырысса, онда ол әйелге Алланың құзырында үлкен сый, сансыз сауаптар жазылады.Ол жайында былай делінген: “Егер әйел күйеуінің жәбіріне шыдап, “бойұсындым” десе, Алла оның “бойұсындым”  деген сөзінен, Аллаға мадақ айтатын бір періште жаратады. Міне сол Періштенің Аллаға айтқан мадағынан болған сауап әлгі әйелдің  амалына жазылады”.[8]  Алла Тағала тұрмыстағы әйелге әуелі, күйеуіне бойұсынуды бұйырды. Егер әйел салихалы болып, күйеуінің разылығына бөленсе, онда ол әйелге жәннат сүйіншіленді. Ол жайлы асыл Пайғамбар с.а.с.: “Күйеуін разы еткен мұсылман әйел өмірден өтсе, жәннаттық болады”–деді.

Бұл  өмір –адам баласының уақытша  дүние тұрағы. Бұл тұрақтан біреу көшін ерте сүйресе, енді біреу асықпай, аяңдап келіп табан тірейді.Отбасының қалқаны болған ер азамат дүниеден өтсе, оның артында әйелі мен  жетім балалары  қалады. Міне осы сәтте жесір қалған әйел балаларын ойлап,тағдырдың тартқызған тауқыметіне төзіп, оған қарсы тұра білсе, қолында қалған балалары жолында өзінің  ердегі ақысынан кешіп (тұрмыс құрмай), қалған өмірін балаларының тәрбиесіне арнаса, онда ол әйелдің Ақыреттегі барар жері –Жәннат болмақ:  “Егер әйел сұлу, әрі текті отбасынан болса , күйеуі  дүние салып, жесір қалғаннан соң, басқа күйеуге шықпай, қызық қумай,  балаларын кәмелет жасқа дейін тәрбиелеп дүние салса, онда ол әйелдің жәннаттағы дәрежесі Менімен (Пайғамбар с.а.с. өзін меңзеді) бірдей болады”.

      Пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммед с.а.с. еркек хауымын өзінің отбасына бас болып,ондағы әлсіздерге қамқорлық танытып, оларға әрдайым жақсы мәміледе болуға шақырды. Егер, ер әйелінің кемшіл тұстарын көріп,оған көңілі толмаса,онда оны басқа да жағымды қасиеттері арқылы жақсы көруге тырысу керектігін ескертті: “Әйелдерге жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Негізінде әйел қабырғаның жоғарғы бөлігіндегі қисығынан жаратылған.. Оны түзегің келсе, сындырып аласың.  Ал егер өз қалпында қалдырсаң, сол қисайған күйінде қалады. Осы себепті әйелдермен (әруақытта) жақсы мәміледе болыңдар”[11].

      Дінін бекем, салтын берік ұстанған қазақ халқы сөз қадірін түсініп, туралы ойға тоқтай білген. Бір ауыз сөзбен бүтін бір руды соғыстан сақтап қалса, кейде көлденең көсілген қырсық сөз үшін қалың жұрт қабақ шытып, қарым-қатынастан қол үзген. Мінеки, осындай бабаларымыздың бірі –Майлықожа Сұлтанқожаұлы жігіттің жары жайлы былай деп, ой толғады:
                                  Алғаның жаман жолықса:
                                  Үйіңнің іші шаң болар,
                                   Ісінің бәрі қам болар
                                   Сол әлімен тұрмайды -
                                   Киім таңдап паң болар .
                                   Әңгіме, жанжал қоздырар,
                                   Өзгеден өзін оздырар,
                                   Жиынға киер жібекті -
                                   Тезек теріп тоздырар .

Қорыта айтатын болсақ, Ислам – Алла тарапынан жіберілген Рақмет діні. Оның келісімен әлем жаңарды.Ондағы жаратылыстың қадір-қасиеті белгіленіп, қызметі айқындалды. Әуелдегі надандық әрекеттерге шек қойылды. Адамдар өз міндеттерін ұғып, борыштарын өтей бастады. Бағасыз бір бұйым орнында жұмсалған “әйел” атты бейбақтың өмірдегі орны, отбасындағы дәрежесі бекітілді. Алланың Мейірімімен әйелдің үйде атқарған қарапайым қызметінің өзі ғибадат болып саналып, ниетіне қарай сауаптар жазылатындығы айтылды. Ислам әйелдің  жоқ болған құқын түгелдей тіктеп берді. Оларға әлімжеттікпен зұлымдық жасап, зәбір беруден түгелдей  қайтарды. Керісінше, жұмсақ қатынаста болып, жылы мәмілемен, кешірімді бола білуге шақырылды. 

 

Жоғарыға