Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ҰЯДА БЕРІЛЕДІ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ҰЯДА БЕРІЛЕДІ

Халық даналығында «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген мағынасы терең нақыл бар. Ой-санасы бүтін əрбір жан əуелі Алланың қалауымен ананың құрсағында жаратылғандықтан, анаға ерекше құрмет көрсетеді. Əкенің батасы, ананың ризалығынсыз ешкім де қия басып, қарекет қылмайды. Ана – ардақты да асыл ұғым.

Рухани діңгегіміз – дін исламда да əйел затын ана ретінде ерекше қадір тұтқан. «Жұмақ – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистер сөзіміздің дəлелі. Ал ардақты ана атандыратын бірден-бір жол кемел келіндіктен басталады емес пе?!

Тарихта есімі «Домалақ ана», «Бибəтима ана» деп, таңбаланған ізгі жандардың өмір-тарихы барша қаракөздерге үлгі. Ал, күллі мұсылман үмметі ардақ тұтқан тұлға Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың жұбайы Айша анамыз мұсылман əйелдер үшін ең əуелгі үлгі-өнеге екендігі хақ.

Айша анамыз (р.а.) – Хақ дінге еңбегі сіңген қадірлі жан. Оның есімі барша мұсылмандардың сый-құрметіне бөленген пəтуа беруші, дін ғалымы ретінде де асқақ. Тіпті, бірқатар сахабалар кейбір мəселелерді Айшадан (р.а.) сұрайтын еді. Айша анамыздың (р.а.) пікір-пайымы оларды еріксіз мойындататын. Кей кезде хазреті Омардың (р.а.) өзі білмеген нəрсесін Айшадан (р.а.) үйренетін. Əсіресе, сүннетке қатысты мəселелерде Айша анамыздың (р.а.) ақылына жүгінген.

Мысалы, Саид ибн Мусəииб, Əлқама  ибн Қайс жəне Мəсрук ибн əл-Əждасияқты мухаддис табиғиндер Айша анамыздан (р.а.) хадис риуаят еткен. Сондай-ақ, көптеген сахих хадис кітаптарында Айша анамыздың (р.а.) берген пəтуалары кездеседі.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, пайғамбарымыз (ﷺ) өте мейірімді болған. Ол өмір бойы ешбір қызметшісін ренжітпеген, ешқандай əйеліне қол көтермеген. Алла Тағала: «Əйелдеріңмен қарым-қатынас жасағанда əділетті болыңдар. Тіпті, оларды жақтырмай тұрсаңдар да (сабыр етіп, шыдамдылық сақтаңдар). Өйткені, (мына өмірде), сендердің жақтырмаған нəрселерің арқылы да Алла көптеген береке, жақсылықтар сыйлауы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят) деп, отбасында кикілжің туған жағдайда сабыр сақтауға, əйелдің бір қылығы жағымсыз көрінген кезде де ашуға беріліп, қателіктерге ұрынбауға үндейді.

Жаратушы Иеміздің əрбір əмірінде біз білмейтін талай хикмет, жақсылық жататынын еске салады. Яки, қоғамда құпталмаған нəті жуас, заты нəзік əйел баласына əлімжеттік жасау əрекеттеріне шариғатта да қатаң қарайды.

Алла елшісі (ﷺ) əйел баласына қол көтеру туралы қозғамай-ақ, күйеуінің оған ренжуінің өзін дұрыс санамаған. Сол үшін: «Мүмин ер кісі мүмін бір əйелге ашуланып ренжімесін. Адам əйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады» деп, жөн жолға сілтейді (Mүслім).

Пайғамбарымыз (ﷺ) «Мүминдердің иман жағынан ең кəмілі – көркем мінезде ең жақсысы», «Сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деп, əйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпей, жақсы тіл табысуға шақырады. Ал ізгі əйел, жақсы келін болудың үлкен сыйын «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған əйелдер сөз жоқ жұмаққа барады» деген хадисімен жеткізеді.

Дастарханыңды толтырып, балаларыңды бағып-қағып, туыстарыңа қызметін жасаған əйел баласын неге сыйламасқа, қалай құрметтемеске?! Əлбетте, асыл шариғатымыз да мұны құптайды.

Ақиқатында, ислам дінінде əйелдерге үлкен көңіл бөлінеді. Алла Тағала Қасиетті Құранның 176 аяттан тұратын төртінші сүресін «Ниса» (Əйелдер) деп атаған. Алайда, «Еркектер» деп аталған сүре мүлде жоқ. Сонымен қатар, «Мəриям», «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде асыл дініміздегі əйел адамның орны туралы кеңінен баяндалады.

Шариғат ер азаматтарды əйел баласына ерекше қамқорлықпен қарап, оны жан-жақты қамтамасыз етуге міндеттейді. Əлімжеттік жасап, əйел арынан аттамауды жəне де құқығын аяқасты етпеуді ескертеді. Қасиетті Құран Кəрімде: «Ерлердің əйелдердегі құқықтары сияқты, Əйелдердің де (жақсы қарым-қатынасқа əдет-ғұрыпқа лайық) құқықтары бар»(«Бақара» сүресі, 228-аят) деп, əйел мен еркектің арасындағы құқықтардың сақталуына мəн береді.

Ізгіліктің ұлы жаршысы, шапағат пен мейірімнің үлгісі болған пайғамбарымыз (ﷺ):«Əйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» деп, əйелдердің құқығын сақтауға, оларға Алланың тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырды.

Дана қазақ «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дейді. Кереге үйдің кеңдігі мен қаусырма-қорғанышының көрінісі болса, осы теңеу арқылы отбасының жылуы мен қонақжайлылығын келін бейнесімен білдіріп отыр. Бейпіл сөйлеп,  бейəдеп жүрмеген қазақ келіндері ислам қағидаларына сəйкес тəрбие алған. Етек-жеңі ұзын киім киіп, иба тұрғысында да, тазалық тұрғысында да бастарынан ора малдарын еш уақытта шешпеген. Тіпті, «бісміллəсіз» ас дайындамай, дəретсіз бала емізбегені де тарихтан белгілі.

Бүгінде құндылықтар ұғымының «өзгеруіне» байланысты «салиқалы əйел бейнесіне нұқсан келе ме?» деп елеңдейтініміз жасырын емес. Бірақ, қанмен сіңген қасиет, армен келген əдеп, əулетпен жалғасқан ұлттық тəрбие мен шариғи салтымыз əйел-аналарымызды иманнан алшақ етпес деген үміт те басым. Сөз соңын бүтін бір ұлттың болашағын қалыптастырар ұрпақты тəрбиелейтін, «əлемді тербетер тұлғалардың» ана екенін ескере келе, босаға аттаған жас келіндерімізді мұсылмандық діннен ажыратпай, қазақы қалыппен тəрбиелеуді ұмытпасақ деген тілекпен түйіндедік.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің

меңгерушісі, теолог, PhD (доктор)

e-islam.kz

Жоғарыға