Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда мешіт имамдары үшін біліктілігін арттыру семинары өтті

Бүгін Атырауда имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинар болып өтті. Орталық «Иманғали» мешіті мен Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығы мекемесі бірлескен шараға қала, сонымен бірге, барлық аудан, ауыл, елдімекендерден жиналған имамдар, молдалар қатысуда.

Мүфтиятқа қарасты Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалары мен бағыт-бағдары» тақырыбында баяндама жасады. Түркиядан келген Хусейн Кайя ұстаз да ислам дінінің канондары туралы терең лекция оқып, дін қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Тағылымды шарада Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров мешіттердің жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдарымен бөлісті.

Мешіт қызметкерлеріне арналған облыстық біліктілікті арттыру курсы соңында имамдар Атырауға арнайы жұмыс сапарымен келген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесті.


«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Толығырақ ...

БІЛІМ – ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ ӨЗЕГІ

Ислам діні – сауаттылықты талап ететін, күллі адамзат баласын білімге үндейтін дін. Қасиетті Құран аяттарының білімге бұйырудан басталуы да тегін емес. Айталы, Алла Тағала ең алғаш түсірген «Алақ» сүресініңде: ең алғашқы аяттарында-ақ «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» - деп, екі дүние сардары, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндетінің өзін оқу ісіне үндеуден, шақырудан бастаған. Бұл – Алла Тағаланың баршамызға  оқуды ашық бұйырған әмірі. Дегенмен, аталған аятта қай ілім саласын оқу керектігі айтылмаған, бұл аят жалпылама ілім алуды, сауатты болуды баян етіп тұр. Сол үшін адам өмірінде діни ілімнің де, дүниеуи ілімнің де алатын орны ерекше. Алла Тағала енді бір Құран аятында: «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің сондай-ақ өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді», – дейді. Ал, Пайғамбар  Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис шарифінде: «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз», - деген.

          Ислам діні бойынша адам баласы өзін оқу, білім алу арқылы дамытуы керек. Өйткені, оқу-білім арқылы адам баласы ең алдымен өзін, кейін дінінің асыл құндылықтарын, пайғамбарын (с.ғ.с.), Алланың құдіретін танып біледі. Ендеше, білім – барша құлшылықтарымыздың өзегі. Сондай-ақ, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы өрлеу, экономикалық тұрғыдан күшею және ұлттық мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыруы тек қана білім беру арқылы ғана мүмкін. Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі  білім деңгейіне қарай анықталады. Қазіргі таңда ақпараттық-технологиялық заман да мұсылман емес мемлекеттер қарыштап дамып жатыр, оған себеп ілімге аса қатты мән беруде. Мұсылман емес мемлекеттер ғарышты зерттеп, түрлі технологияларды дамытып, бүкіл жер бетіндегі тіршілік ошақтарын ашып жатқан да мұсылмандар артта қалып жатыр. Бұлай артта қалуының бірден бір себебі Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс түсінбеуде. Мұның өзі дінді дұрыс түсіну үшін ілім алудың керектігін айқындайды.

Исламға тереңірек зер салсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Ислам дінінің таралуында білімге арқа сүйеген. Дін жаңадан таралып жатқан аймақтарға өз сахабаларын жіберу арқылы сол аймақтағы халықтың дін Исламды тереңірек түсінуіне жағдай жасаған. Исламға дейін түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы Ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады. Білімге ұмтылу – шынайы сенушілерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, сенім үшін игеруге шақырады. Ал өз білімін тәкаппарлыққа және атаққұмарлыққа негіз ретінде пайдаланғандардың орны тозақ екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне өсиет еткен. Діни және дүниелік білімді Алла ризалығы үшін үйреніп, өз білімі арқылы игі, сауапты істер атқаруға ұмтылғандар адамзатқа тек пайда әкелетіні белгілі. Адал ниетімен және дұрыс іс-әрекеттерімен ерекшеленген мұсылмандар әріптестеріне қызғанышпен қарамайды және өз қателіктерін мойындауға әрдайым әзір тұрады.

 Олар өзіне бағытталған мақтауларға масайрап, даңдайсымайды және мені мақтасын деп риякерлікке бармайды. Ислам іліміне сәйкес, үлгілі шәкіртке тән басты қасиеттердің бірі – ақиқатты меңгеруге ұмтылыс болып табылады. Ислам діні білімділерге үлкен жауапкершілік артқан. Олар айналасындағы адамдарды білім нәрімен сусындатуы тиіс. Егер өзгелер ол адамның біліміне мұқтаж болып жатса, ғалым өз білгенін жасырып қалмауы керек.

Ислам дінінде білім алу жас талмағайды. Дініміз жас балалардың білім алуына ерекше мән берумен қатар, кез-келген жаста білім үйренуге үндейді. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «тал бесіктен жер бесікке (көр) дейін білім алыңдар» деген хадисі дәлел бола алады.  Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Екі күні бір-біріне ұқсас (тең) болған мұсылман зиян ішінде» деген. Бұл сөзде үлкен мән бар. Екі күннің ұқсас болуы деген сөздің астарында, мұсылман адамның біржақты ғұмыр кешпей, үнемі ізденісте болу керектігі меңзелген.

 Ерте кезеңде жоғары қарқынмен дамыған исламдық елдер қазіргі кезде ғылым мен білімдегі бұрынғы биігін жоғалтып алғаны баршамызға белгілі. Бұл әрине дінмен байланысты жайт емес. Дінді дұрыс түсінбеуден туындап отырған құбылыс. Соңғы уақытта елімізде кертартпа діни ағымдар халықтың санасын сонау ортағасырға сүйреп апарғысы келетінін көріп жүрміз. Діннің білімге, ғылымға, мәдениет пен өркениетке шақыратын асыл құндылықтарын насихаттаудың орнына басты негіз болып табылмайтын дүниелерді маңызды етіп көрсетіп, сенушілердің арасында алауыздық тудыруда. Білімді болу адамды осындай кертартпа қасиеттерден сақтайды. Демек, білім – құлшылықтың, адамшылықтың ғана өзегі болып қоймайды. Ол – ұлт тұрғысынан алғанда ұлт тұтастығының, адамзат тұрғысынан алғамда әлем елдері арасындағы келісім мен татулықтың да кепілі.

 

Джумашев Нариман,

«Құспан молда» мешітінің наиб имамы

БІЛІМ – ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ ӨЗЕГІ

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу