Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Елімізге белгілі ұстаз Сансызбай Құрбанұлы Әт-Тақуа мешітінің жамағатымен жүздесті

Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлын облыс орталығындағы Жұмыскер кентіне қарасты Әт-Тақуа мешітінің жұмысымен таныстырып, жергілікті жамағатпен жүздестірді. 

Жүздесу барысында ұстаз Сансызбай Құрбанұлы жат ағымдармен күресудің жолдары, дәстүрлі ислам дінін насихаттаудың тиімді тұстары жөніндегі ойларымен бөлісті. «Алла  адамзатты жаратқаннан соң олардың қалай тұрып, қалай жүру керек екенін білдіру үшін пайғамбарлар арқылы дін жіберді. Ислам діні 14 ғасыр бұрын келді. Ислам - араб тілінде бейбітшілік, тыныштық  деген мағына береді.  Яғни,  екі дүние сардары болған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға  қасиетті Құран Кәрім кітабы түсті. Құран – адамзатқа тура жол көрсетуші, ақ пен қараны айырушы кітап. Исламның әлемдік дінге айналуының сыры неде? Ол адамзатқа Алланың бар және бір екендігін, барша әлемді бір Алланың жаратқандығынан хабар беріп, адамдар арасында тәртіп орнатып, бауырластыққа бастайды. Адамммен адамның жаратылысының  тең екендігін, бақытты болудың жолын көрсетеді» деп атап өткен ұстаз жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.      
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Тәрбиенің негізі ананың әлдиінен басталады

Атырау аймағына бес күндік жұмыс сапары барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы жергілікті әйел жамағатымен жүздесті.

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлының бастамасымен әйел жамағат үшін Атырау қаласындағы «Ифтар» мейрамханасында жайылған дастархан басында, қоғамның іргетасы саналатын отбасының исламдағы ролі, бала тәрбиесіндегі әкенің, ананың маңызы туралы айтылды. Елге белгілі ұстаз, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тәрбиелейтін әйелдердің  орны ерекше екендігін атап өтті.  «Исламда әйел біріншіден мұсылмандардың тәрбиешісі. Исламның болашағы аналардың алтын қолдарында. Дегенмен, еркек пен әйелдің атқаруы тиіс жұмыс баптары өзгеше» деп атап өткен ұстаз, нәзік жандыларды толғандырған сауалдарға жауап берді. 

Батыржан қажы Берденұлы отбасының  ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет екендігіне тоқталды. «Отбасы баланы өмірге әкелумен бірге,  мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдауға, ата-бабалардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіруге жауапты. Бала дүниеге келгеннен бастап, ата-ананың ықпалында болып, бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады»  деген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров, тәрбиенің негізі ананың әлдиінен басталатынын айтты. Иә, ана тәрбиесі қашанда ұлылық дәнін себеді. 

Тағылымды кездесуге елуден аса әйел жамағаты қатысты. Айта кетелік, бүгінде «Иманғали» орталық мешіті жанынан құрылған әжелер мектебі ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жолында табысты жұмыс атқарып келеді. 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Атырауда имамдар үшін ұйымдастырылған үш күндік курс жұмысы қорытындыланды

Кеше облыстық Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығы және орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен болып өткен үш күндік семинар, яғни, имамдардың біліктілігін арттыру курсы қорытындыланды.

          Халықаралық дәрежедегі ұстаздар қатысып дәріс жүргізген семинар барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Пәтуа бөлімінің орынбасары, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы, Мүфтияттың Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров тағылымды дәріс жүргізіп, психологтар тәжірибелерімен бөлісті.

          Үш күнге жалғасқан шарада деструктивтік ағымдарға тоқтау салу жолында қолданылатын әдіс-тәсілдер туралы өзара пікір алмасулар өтті. Дін мамандарына исламды дұрыс жеткізудің маңызы баяндалып, қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын тиімді әдістермен жүргізу мәселесі сөз етілді.

 Шара соңында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев қатысушыларға сертификатты табыстады. «Мұндай біліктілікті арттыру жұмыстары Дін істері басқармасы тарапынан жүйелі ұйымдастырылып келеді. Жастар мен тұрғындарға дін мәселесінде дұрыс ақпарат жеткізіп, насихат жұмыстарын жүргізуде имамдарға жүктелер міндет басым. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін мешіт қызметкерлерінің білімін арттырып, жетілдіріп отырудың маңызы зор»деп атап өтті басқарма басшысы.

Ал, облыстың бас имамы Батыржан Мансұров халықаралық деңгейге көтерілген семинардың нәтижелі өткендігіне тоқталды. «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басты міндеті – ислам дінінің негізгі құндылықтарын халыққа дұрыс жеткізу. Әбу Ханифа мәзһабын насихаттай отырып, жат ағымдармен күресу. Бүгінгі таңда мүфтиятқа қарасты еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мешіттерге қарасты медреселер табысты жұмыс жүргізуде. «Иманғали» орталық мешітіне қарасты медресе бүгінде діни ілім іздеген жастардың бас қосатын алаңына айналды. Мұның сыртында, намаз уақытынан кейін айтылатын уағыздар тақырыбы да кеңейіп келеді. Діни сауаттылықты арттыру жұмыстары тікелей диалог, кездесулер, дәрістер, сонымен бірге, ғаламтор кеңістігінде де табысты атқарылуда» деп атап өтті облыстың бас имамы Батыржан Мансұров.

Айта кетелік, үш күндік курс жұмысында қала және аудан орталықтарынан келген елуге жуық имам біліктіліктерін арттырды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу