Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сұхбаттасу да ислам әдебінен...

Қазақ халқы ертеден сұхбатшыл, пікіршіл болған деседі. Елге сыйлы билер мен шешендер бас қосып, еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін жиыннан қалмаған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп, ел ішіндегі бүліктердің, дау-дамайлардың алдын алып отырған.

Қанға сіңген жақсы үрдісті жалғастыру мақсатында Доссор мұсылмандар мешіті жамағаты апталық, айлық отырыс- жиындарын өткізіп отырады. Осындай игі іске Мақат мешітінің жамағаты да өз үлестерін қосып жүр. Берекелі отырыстардың пайдасы да орасан зор. Бастысы, мұндай дүниелер бауырлар арасындағы ынтымақтың артып, бірлікті күшеюіне ықпал етуде.

Сөзімізге дәлел ретінде  күні кеше, яғни 2 қаңтарда өткен айлық жиынды айтуға болады. Мақат ауданы бойынша бас имам Дәурен Құттыбаевтың бастамасымен Доссор мешітінде айлық отырыс ұйымдастырылды. Оған Мақат мешітінің және Доссор мешітінің жамағаты қатысты. Осы отырысқа Жылыой ауданынан Дастан ұстаз шақырылды. Уағыз-насихат айтылып, көкейде жүрген түйткілді сұрақтарға жауап алынды. Сондай-ақ, Дастан ұстаз жамағатты дінді берік ұстануға шақырып, білім жолына түсуді насихат етті. Жат ағымдардан сақтанып әһли сүннет жолымен жүріп, оның ішінде Ханафи мазхабының ғұламаларына жүгінуді баса айтты. Кезінде Базар жырау бабамыз «Жақсыменен бас қосып, Сұхбаттассаң тарқайды, көкіректе шер болса» деп толғаған.  Ислам ахлақында сұхбаттасу жөнінде «Әһли сүннет сенімінде болған және харамнан сақтанатын ғалымдарды зиярат ет және сұхбаттарына қатыс» деген.Демек, сұхбаттасу да ислам әдебінен болса керек.

 

Доссор мешітінің баспасөз - қызметі.

 

Толығырақ ...