Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Исатай ауданында жаназа мәселесі талқыланды

            Жаназа рәсімдерін қалай өткізіп жүрміз? Осы мәселе Атырау облысына қарасты Исатай ауданында өткен алқалы жиында қаралды. Орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев арнайы сапарлап барған жиынды Исатай ауданы әкімінің орынбасары Бейбіт Мырзағалиев жүргізді.

Жиын барысында өткен жылы мүфтияттың қолдауымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында көтерілген мәселелер талқыланды. Соның ішінде, жақында ғана Атырау облысының дін қызметкерлері ұсынған тікелей садақаға байланысты мәселелер, яғни, кісі қайтқан үйден марқұмның сүйегі шықпай тұрып қазан көтермеу, марқұмды жерлеу рәсімі кезінде біраз уақытқа созылатын митингтерді қысқартып, табыттың алдынан көз жұмған адамның суретін ұстап жүру сынды әдеттерден арылу жайы ақсақалдар тарапынан қолдау тапты.

Көпшіліктің талқысына ұсынылған мәселелер қатарында, қаралы дастархан кезіндегі ысырапшылдықтан арылу жайы да бар. Сондай ақ, наиб имам Мұрат Мұстафаев Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлы көтерген келелі мәселе - жаназа сынды халық арасында өткеретін кәделерді Мүфтидің немесе облыс имамының рұқсаты бар қызметкерлерге жүктеу жөнінде айтып өтті.  Жалпы саны, үш жүзге жуық тұрғын қатысқан жиында наиб имам тарапынан айтылған ұсыныстар қолдау тапты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 


Толығырақ ...

Намаз екі дүниенің де байлығы

Мейірімді де Рахымды Алланың есімімен бастаймын. Барша мақтау бүкіл əлемдердің Раббысы Аллға тəн! Жəне Әз Пайғамбар Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сəлемі болсын.

Алла  Тағала Қасиетті Құранда: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» («Бақара» сүресі, 153 аят) деген. Осы бір өсиет арқылы, қажетін сұрағысы келген адам үшін Раббысы алдындағы негізгі көпірдің намаз екендігін айқын көрсеткенін ұғынуға болады.

Намаз – діннің тірегі, имандылардың жарық нұры және құлдың өз Иесімен байланысу, жүгіну жолы. Егер адам намаз талаптарын толық ұстанып, Раббысының алдында жан-тәнімен бойсұна және өзінің Иесі алдында тұрғанын сезініп, сөздері мен қимыл-әрекетін саналы түрде орындап, шын беріле жалбарынатын болса, онда оның намазы оған діннің барлық қалған міндеттерін, үкімдерін орындауға міндетті түрде көмектеседі.

Қасиетті хадистердің бірінде «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны - намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал, егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады» (Тирмизи) делінсе, келесі бір нұсқасында: «Шын мәнінде Ұлы Қиямет күні мұсылман құлдың сұралатын ең бірінші нәрсесі – намаз. Өзіне айқын бола тұра, Алла Тағала өз періштелеріне: «Құлымның намазы толық, толық еместігін қарап көріңдерші», - дейді. Егер де толық болса, онда толық деп жазылады. Ал, егер де кемістігі бар болса, онда Алла: «Құлымның қосымша оқыған намаздары бар ма екен, байқап қараңдар», - деп айтады. Егер де оның оқыған қосымша намаздары бар болса, Алла Тағала: «Парыз етілген намаздарды қосымша намаздармен толықтырыңдар» деп бұйырады. Осыдан кейін басқа істері үшін де осылай есеп айырысу жүргізіледі» деп айтылады (ӘбуДәуд).

Хадис шарифте: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді етілді: хош иісті сулар, жақсы әйел, әсіресе, намаз көзімнің қарашығындай болды» делінген. Хазіреті Осман (р.а.) бірде былай деді: «Кімде-кім бес уақыт намазды уақытында оқып, оны қалдырмай жүрсе, Алла Тағала оған тоғыз түрлі қасиет береді.  Ол тоғыз қасиет мыналар:

1 -    Алла Тағала оны жақсы көреді.

2 -    Денесі сау болады.

3 -    Оны періштелер қорғайды.

4 -    Үйіне құт-береке кіреді.

5 -    Жүзінде салиқалық сипат – нұр болады.

6 -    Оның жүрегін ерекше жұмсартады.

7 -    Қиямет күні қылкөпірден жарқ еткен найзағайдың жылдамдығындай тез өтетін болады.

8 -    Тозақтан қашық тұрады.

9 -    Қорқыныш пен қасіретке ұшырамайтын пенделердің қатарына қосады».

Хазреті Айша (р.а) былай дейді: «Әдетте, Пайғамбардың (с.ғ.с) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық аяқтары жарылып кететін. Бірде мен одан: «Я, Алла Елшісі, сен неліктен сонша құлшылық етесің, сенің өткен әрі алдағы күнәләріңінің бәрін Алла кешпеп пе еді?» дедім. Ол маған: «Мен Аллаға ризашылығын білдіретін құл болуым керек емес пе?» деп жауап берді» (Бұхари, Муслим). Осылайша, адамзаттың ең абзал тұлғасы, ниеті ең түзу адам Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнімен, тіпті аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын еді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (): «Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман» деп айтқан. Дүниенің де, ақыреттің де байлығы – иман мен намаз. Иман байлығын уысымыздан шығарып алмау үшін әуелі нәпсіге тізгін қойып, құрдымға итермелейтін күллі құмарлықтардан тал бойымызды таза ұстау қажет. Сонда ғана иманы бардың – жиғаны болмақ.

Арман Исаев,

 

«Жылыой Мұсылмандар» мешітінің Бас имамы.


Толығырақ ...

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте айлық отырыс өтті

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлының бастамасымен  жексенбі күні ақшам намазынан кейін айлық отырыс болып өтті. Алқа мүшелері, ақсақалдар, жалпы, мешіт жамағаты қатысқан жиында құлшылық үйінің шаруашылығына бірлесіп атсалысу мәселесі талқыланды.

«Мешіт «басты жерге сәждеге қоятын орын» деген мағынаны білдіреді. Яғни, мешіт дегеніміз, ең алдымен Аллаға құлшылық жасау орыны. Сәждені мұсылман үшін Алланың алдындағы ең жоғарғы орын десек, жалпы, қоғамды ізгілендірудегі мешіттердің атқарар ролі зор. Жамағаттың мешіттің ішкі шаруашылығына, кей қажеттіліктеріне араласуы  - сауабы мол іс. Біз жамағатты нығметі зор іске жұмылдыру арқылы, қоршаған ортаға ізгілік нұрын шашуға ықпал етуге тиіспіз» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Толығырақ ...

«Мәулімберген» мешітінде жамағатқа кітап таратылды

Атырау қаласына қарасты Алғабас ауылындағы «Мәулімберген» мешітінің жамағаттары мен ақсақалдарына «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы таратылды. Мүтфияттың бастамасымен өткен жылы жарыққа шыққан еңбектің бүгінгі таңда жаназадағы ысырапшылдық мәселесінің кеңінен талқыланып, нақты ұсыныстардың қабылдануына ықпал етіп отырғаны белгілі.

         «Өмір баусыз, өлім даусыз» дегендей, жаназа мәселесін үлкендер ғана емес, жастар да меңгеріп үйренуі парыз. Осы мақсатта көпшілік жамағатқа жақсы насихаттардың бірі болды деген сенімдеміз. Алла Тағала баршамызға өз рахымы мен мейірімін төгіп, амал етер ілім мен абыройлы ахирет бергей!» дейді  «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов.

 

«Мәулімбереген» мешітінің баспасөз қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу