Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт жастармен жұмыстың жаңаша форматын іске қосты

Атырау қаласына қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Жұлдыз мешітінде жастар жамағаты бас қосты.  Жиырмаға жуық жастар жиналған шарада Имам Ағзам Әбу Ханифа және ол негізін қалаған мәзһабты таныту мақсатында арнайы жазылған еңбек шәкірттерге таратылды.

Негізгі идея - Әбу Ханифа мәзһабын кең көлемде насихаттау. Яғни, кітапты оқып болғаннан кейін шәкірттер өздерін қызықтырған сауалдарын ортаға тастап, ұстаздардан тыңғылықты жауап алу мүмкіндігіне ие болады.

«Жастар Әбу Ханифаның өмір жолын тану арқылы, оның асыл дінімізді қазақ жерінде таратуға қосқан үлесі, еңбегі туралы ақпарат ала алады. Ислам дінінің қазақ даласына тарау тарихы туралы кітаби деректермен сусындайды. Осындай жолмен біз жастарымызды жат ағымдардан сақтандыра аламыз деген үміттеміз. Тура бір ай өткеннен кейін шәкірттер осы кітап бойынша емтихан тапсырады. Сынақтан сәтті өткендерге қомақты сыйлығымыз да дайын» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ  Жұмабекұлы.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.

 

Толығырақ ...

Атыраулықтар автобуспен тегін тасымалдануда

Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлы ерекше бастаманың ұйытқысы болып отыр. Қасиетті жұма күнінің құрметіне екі автобус атыраулық жолаушыларды тегін таситын болады. «Теміржол вокзалы – Авангард», «Теміржол вокзалы – Құрсай» бағытында қатынайтын  қоғамдық  көліктер осылайша, қарапайым азаматтардың алғысына бөленіп отыр.

Әсіресе, қыстың қытымыр аязында орын алған бұл бастамаға қала тұрғындары дән риза. «Садақа, зекет беру, жалпы, адам баласына, қоршаған ортаға жақсылық жасау – исламда әрине құпталатын сауапты іс. Десек те, мұндай игі істер дінге бөлінбейді. Яғни, жақсылық жасау әр адамның өмірлік ұранына айналуы тиіс. Барлық адам өзгерісті қалайды. Бірақ, өзгеруді өзінен бастаушылар сирек. Қасиетті жұманың құрметіне байланысты қолға алынып отырған бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болады деп ойлаймын» дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлы.

Айта кету керек, бір автобусты "Иманғали" орталық мешіт жамағаты, екінші автобус қаламыздағы "Құспан-Молда" мешіті жамағаты атынан қолдау көрсетіліп отыр.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 


 

Толығырақ ...

Белгілі меценат орталық «Иманғали» мешітіне автокөлікті сыйға тартты

Елімізге белгілі меценат, кәсіпкер Төкен қажы Танаұлы бүгін Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітіне қызметтік көлікті  сыйға тартты.  

Қасиетті жұма күні орын алған игі істі мешіт жамағаты зор қуанышпен қабыл алды. Жамағатпен бірге оқылған жұма намазынан кейін Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлына салтанатты жағдайда табысталған қызметтік көлік енді мешіттің ішкі шаруашылықтарын реттеуге қызмет ететін болады.

Ел ағасы Төкен қажы Танаұлына Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың атынан Алғыс хат табыс етілді.

«Ең үлкен құндылығымыз – тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеген ислам діні адамзатты ең алдымен қарапайымдылыққа және Отанға қызмет етуге үндейді. Төкен Танаұлы осынау аманатқа адалдық таныта білген құрметті меценаттардың бірі. Ұлы Жаратушымыз Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «... Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», - делінген. Жақсылық жасау адамның амал дәптерін сауапқа толтырады» деп ризашылығын білдірді Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлы.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.

 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу