Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Индер ауданындағы «Әйіп қажы» мешіті күрделі жөндеуден өтті

Осыдан тура бір ай бұрын Атырау облысына қарасты Индер ауданындағы «Әйіп қажы» мешітінде күрделі жөндеу басталған болатын. Мешіт жамағатының қолдауымен жүзеге асқан күрделі жөндеу сәтті аяқталып, ғибадат үйі пайдалануға берілді.

Жөндеу жұмыстарынан тыс мешітке жаңа кілем төселіп, заманауи үлгідегі аспашам сатып алынды. «Мешіт – Алланың жердегі үйі, әлемдегі халықтың ең көп құлшылық жасайтын орны. Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресіндегі 18-аятында «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» деген жолдар бар. Осынау сауапты іске жұмыла кіріскен аудан халқына  Алла разы болсын» дейді Индер аудандық «Әйіп қажы» мешітінің Бас имамы Е.Камзагалиев.

Айта кетелік, «Әйіп қажы» мешіті ғимараты 2004 жылы салынды. Жоба авторы Қазақстан Сәулетшілер Одағының мүшесі Т.Қасенов.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.


Толығырақ ...

Құспан молла мешітінде айлық отырыс өтті

Атырау қаласындағы Құспан молла мешітінде айлық отырыс өтті. Жамағат үшін жайылған кең дастарханда Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген және оның ізгі жолын жалғаған сахабалардың өмірі туралы сұхбат құрылды. Осы тақырыпта уағыз айтқан Атырау қалалық «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы сахабалардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға үлгі етті.

«Ислам тарихына байланысты жазылған классикалық кейбір еңбектерде сахабалардың саны жүз мыңға дейін жеткендігі туралы айтылады. Мысалы, қоштасу қажылығына 40 мың, Тәбук жорығына 70 мың сахабаның қатысқандығы жайлы Ислам тарихына байланысты шығармаларда мәліметтер бар. Сахаба есімдерін шығармасында ең көп көрсеткен ғалым – Ибн Хажар. Ол әйгілі «Исаба» атты еңбегінде 11 783 сахабаның атын атайды. Қалай десек те, сахабалар ислам дінінің бүгінгі ұрпаққа саф күйінде жетуіне үлес қосты» деп атап өтті Өсімхан ұстаз.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...

Өкіл имам неке құрудың сауаптары туралы әңгімеледі

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Берденұлының «Неке және отбасы» тақырыбындағы дәрісі жалғасуда. Жамағатпен бірге оқылған намаздан кейін жалғасқан дәріс барысында Бас имам Батыржан Мансұров неке құрудың сауаптары туралы кеңінен әңгімеледі.

Ұстаздың айтуынша, ақ неке қиып, үй болу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті және үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі. «Мәселен, хадис шәрифтердің бірінде «Үйлену – менің сүннетім» деген жолдар бар.  Басқа бір хадисте «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» деп, отау құрып, үй болуға шақырған. Тіпті, сыйластығы берік отбасының әр сәті үшін сауап жазылып, күнәлары кешірілетіні жайлы да хадистер бар» деген Батыржан қажы Берденұлы шаңырақ құрып, саналы ұрпақ тәрбиелеудің өмірлік маңызына тоқталды.

Жалпы, ислам діні бойынша ер азаматтың некелесуіне болмайтын əйелдер тобы бар. «Қасиетті Құранда «Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, əпке-қарындастарыңмен, əкелеріңнің əпке-қарындастарымен, аналарыңның əпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, əпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес əпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен жəне жақындасып қойған əйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал, жақындаспай тұрып ажырасып кеткен əйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнə болмайды. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һəм апалы-сіңілі екі қызды бірдей əйелдікке алу харам етілді. Ал, бұдан бұрын (надандық дəуірінде) болған іс болды. Расында, Аллаһ өте кешірімді, ерекше мейірімді» деп айтылған деген Батыржан қажы дәріс соңында жастар тарапынан қойылған көкейдегі сауалдарға жауап берді.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу