Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Орталық «Иманғали» мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Жұма күні орталық «Иманғали» мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі болып өтті. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен шарада  шәкірттердің қолымен жасалған түрлі тұрмыстық бұйымдар мен кондитерлік өнімдер саудаға қойылды.

«Жәрмеңкеге қатысушыларды құрақ көрпелер, әйелдерге арналған кимешектер мен ерлер үшін тоқылған тақиялар ерекше қызықтырды. Бұдан бөлек, қайырымдылық жәрмеңкесінде тәтті тоқаш, бәліштер, торттар да қолжетімді бағамен сатылды» деген ұйымдастырушы жауапты ұстаз Зарина Жукенова, басты мақсат – мұқтаж жандарға көмек қолын созу екендігін айтты.

Жұма намазынан кейін ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесі кезінде жамағатқа тегін шай дастарханы да жайылды. Шараға қолдау білдіру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров қажы да сауда жасап, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Айта кетелік, ислам дінін насихаттаушы әйгілі ғұламалар адамдардың бір-біріне қарайласа жүруінің рухани пайдасы зор екенін алға тартады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылмандардың періштедей пәк күйге бөленуі үшін садақа беруден тартынбауға үндеген. «Бір құрма болса да садақа беріңіз. Өйткені (садақа) кедейді қуандырады, сондай-ақ, судың отты өшіргені секілді, (садақа) күнәларыңызды жоқ қылады» деген хадис-шариф, садақа берудің мұсылмандардың рухани тазаруына жол ашатын ізгі амал екенін әйгілеуде.   

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 



Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу