Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әжелер мектебінің төрайымы «Бізбен бірге» бағдарламасына қатысты

«Қазақстан – Атырау» облыстық телеарнасының тікелей эфирде өтетін «Бізбен бірге» бағдарламасына ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ашылған Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Нəсиқызы басты қонақ ретінде қатысты. «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» тақырыбына арналған бағдарламада Жұмагүл Нəсиқызы халқымыздың отбасында қыз баланы тәрбиелеу мектебі мен  бүгінгі заманауи шаңырақтағы қыз баланың орны, ролі, тәрбиесi туралы ой қозғады.

 

«Қыз бала қашанда ұлттың ұяты, халықтың шырайы болып келді. Қыз бала тәрбиесінде ислами қағидаттың алатын орны да ерекше. Имандылық, инабаттылық, парасаттылық сынды асыл қасиеттер бойына дарыған қазақ қыздарын халқымыз гүлге теңеп, қашан да төрден орын берген» деген Жұмагүл Нəсиқызы батыстық бағытқа еліктеп, ұлттық менталитет ұғымынан аттап кету сынды бүгінгі заманда орын алып жатқан келеңсіз жайттарды ұрпақтар сабақтастығының үзілуімен түсіндірді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.


 

Толығырақ ...

Өкіл имам «Неке және отбасы» тақырыбында дәріс оқыды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлы кеше орталық «Иманғали» мешітінде жастармен кездесті. Кездесу барысында бас имам «Неке және отбасы» тақырыбында дәріс оқыды.

«Қасиетті Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық» (Зарият сүресі 49-аят) деген аят бар. Жалғыздық Аллаға ғана жарасқандығын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады. Жалпы, Құран Кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» деп өсиет еткен. Және неке үлкен жауапкершіліктің, үлкен өмір белесінің бастауы» деген өкіл имам Батыржан Мансұров жастар тарапынан қойылған көптеген сауалдарға жауап берді.

Кездесу барысында Батыржан қажы Берденұлы неке қандай жағдайда құрылады, неке құрудың басты талаптары, отбасылы атанудың артықшылықтары, ақ неке алдындағы жауапкершілік мәселелері төңірегінде ой бөлісті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырауда штаттан тыс молдалардың айлық курсы басталды

Атырауда халық арасында жаназа және жерлеу рәсімдері сынды түрлі кәделерді атқарып жүрген штаттан тыс молдалардың біліктілігін арттыру курсы өз жұмысын бастады. 

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан курстың басты мақсаты – молдалардың діни сауатын одан әрі арттыру арқылы, мүфтият жүргізіп отырған діни саясаттың кең аудиторияны қамтуына ықпал ету.

Әзірге Атырау және Атырау қаласына қарасты ауылдық елдімекендерден жиналған молдалардың саны қырыққа жуықтап отыр. Бір айға созылатын курс барысында қатысушыларға Құран оқу, жаназа рәсімдері, уағыз айту сынды түрлі діни өзекті тақырыптарда білікті ұстаздар дәріс оқуда.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу