Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Иман жастары» еріктілер тобы арықтарды тазалады

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен, орталық «Иманғали» мешіті жанынан құрылған «Иман жастары» еріктілер тобы Атырауда сенбілік ұйымдастырды.

  «Арнаулы автобаза»  мекемесімен бірлескен еріктілер Атырау қаласындағы Уәлиханов, Азаттық көшелері  бойындағы арықтарды тазалады. Отызға жуық еріктілер жиналған тазалық жұмыстары кезінде екі камаз қоқыс шығарылды.

 «Біздің басты мақсатымыз - қоғамдағы мәселелерді дер кезінде шешуге атсалысу. Асыл дінімізді қайырымдылық, ізгілік істерімізбен дәріптеу. Алдағы уақытта ауруханаларды, балалар үйін аралап, қажет болған жағдайда рухани қолдау көрсетуді көздеп отырмыз» дейді «Иман жастары» еріктілер тобының мүшесі Қуаныш Таңатаров.

Адамзаттың асылы - Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)  «Дін - бұл тазалық» - деп бұйырады. Алла Тағала ислам діні арқылы адамға берілген денсаулық кепілі секілді, тазалыққа да үлкен мән береді және қоршаған ортадағы тазалықты қолдауға  шақырады. Ислам барлық зұлымдықтан адамның руханиятын қорғау құралы болса, тазалық – аурудың қоғамда таралуына жол бермейтін негізгі құралы. Осы ретте жас жамағаттың қайырлы ісін көпке үлгі ретінде ұсынуға толық негіз бар.

Айта кетелік, еріктілер тобының құрамында 18 бен 30 жас аралығындағы  елуге жуық атыраулық бар.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу